Қазақстандағы демографиялық ахуалды жақсарту үшін 2017-2021 жылдарға арналған көші-қон тұжырымдамасы қабылданған еді. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бері көші-қон саясатын жүргізіп келеді.
Осыдан он сегіз жыл бұрын Қазақстан Республикасының №1346 қаулысымен көші-қон саясатында көптеген стратегиялық құжаттар қолданысқа енгізілді. Мұндағы ең басты мақсат – еліміздің бірнеше саласын қатар дамыту. Оның ішінде демография, экономика, қауіпсіздік мәселесі.
Құжатта Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Қазақстан Республикасы президентінің Жолдауында айтылған мәселелер мен оның шешу жолдары, Елбасының бірқатар тапсырмасы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 2030 жылға дейінгі уақытқа арналған тұрақты даму жоспары кірістірілді.
Сөзіміздің басында айтып өткендей, Қазақстан көші-қон саясатын тәуелсіздік алған жылдан бері жүргізіп келеді. Мұндағы ең басты мақсат – әлем бойынша түрлі тарихи себептерге байланысты атамекенінен жыраққа кеткен этникалық қазақтарды елге оралуға ынталандыру. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бері көші-қон саясатының арқасында демографиядағы олқылықтардың орнын толтыра білді. Қазақстанға ерікті түрде қоныс аударған этникалық қандастардың көбі Қытай, Өзбекстан, Моңғолия мен Ресейден келген. Тарихи отанына оралып жатқан этникалық қазақтардың легі әлі де толастар емес. Қазақстан Республикасындағы көші-қон саясаты осы қалыппен кетер болса, әлем бойынша тарыдай шашылған қандастарымызды елге оралуға ынталандыру оңайға соқпақ. Көші-қон саясаты жылдан-жылға жетілдіріліп, этникалық қазақтарға құжат рәсімдеу, азаматтық, ықтияр хат алу, тұрақты тіркеуге тұру, жұмысқа орналасу, үй сатып алу, жаңа ортаға сіңісу, балалардың мектепте, ересектердің жоғары оқу орнында оқу секілді мәселелер жан-жақты қарастырылып, кемшін тұстарын оңтайландыру жұмыстары үздіксіз жасалып жатыр.
Қазақстанға лек-легімен көшіп келіп жатқан этникалық қазақтар оңтүстік өңірлерге көптеп қоныстанды. Қазақстанның солтүстік аймағында қазақтардың санын арттырып, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында оңтүстік тұрғындарын солтүстік аймақтарға көшуге ынталандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол үшін түрлі бағдарламаларда қолданылып келеді. Мәселен, «Серпін-2050» бағдарламасы. Аталған бағдарлама арқылы жастар Павлодар, Петропавлдағы жоғары оқу орындарына грантқа түсіп, жұмысқа орналасуда.
Этникалық қазақтарды қоныстандыру кезінде бірнеше фактор есепке алынады. Оның бірі - Қазақстан өңірлеріндегі еңбек ресурстарына деген сұранысты ескеру.
Қазақстандағы көші-қон саясатының озық тұсы – этникалық қазақтарды елге алып келгеннен кейін де олардың құжат жүзінде де, психологиялық тұрғыдан да Қазақстан азаматы болуын қамтамасыз ету, жағдай жасау. Мәселен, мемлекет есебінен баспана беру, қоныс аударуға субсидия деген секілді.
Көші-қон саясаты деген де тек шетелдегі этникалық қазақтарды тарихи отанына қоныс аударуға ынталандыру ғана емес, ауылды аймақтарға жас мамандарды тарту екенін айта кету керек. Қазақстанда «Дипломмен ауылға» жобасы іске қосылды. Оқу орнын бітірген маман ауылға жіберіледі. Қазір аталмыш жоба арқылы ауылға қоныс аударып, ауылдағы білім, ауылшаруашылығын дамытып, көркейтіп жүргендер баршылық.
2015 жылы Қазақстанның көші-қон туралы заңына алғаш рет толықтырулар мен өзгертулер енгізілген еді.
Әр ел өз демографиялық ахуалын, экономикалық және әлеуметтік жағдайды ескере отырып, өз көші-қон процесінің моделін ұсынады. Осы ретте шетел тәжірибесін ескермесе болмайды.
Өркениетті Еуропа елдерінде репатриациялық саясат моделі бірнеше мыңдаған адамды елде қабылдауға бағытталған квота бөледі. Мәселен, Германияда көшіп келушілерге 100 мың квота бөледі. Германияда этникалық немістерді қабылдағанда оларға бірнеше талаптар қойды. Яғни, Германияда тұрғысы келетіндер неміс тілін білу, мәдениетімен жақын таныс болу, дәстүрін білу талаптары қойылады.
Алысқа бармай-ақ көрші Ресейді алатын болсақ, онда этникалық орыстарға мектепке дейінгі тәрбие, орта және кәсіби білім беру, әлеуметтік жағдай жасау, денсаулық сақтау мен жақсартудан тұратын жәрдемақы пакетін ұсынады.
Ал Израильде этникалық еврейлерге тұрғын үйді жалға алу, күнделікті кететін шығынды өтеу мен ивритті үйренуге жағдай жасалады және этникалық еврейлер шекарадан өткеннен кейін бірден Израильдың азаматтығын алады.
Қазақстанда да көші-қон мәселесі мықтап қолға алынып, этникалық қазақтардың азаматтық алу жолдары барынша жеңілдетіліп келеді.
Қазақстандағы көші-қон мәселесіне сәйкес, елге қоныс аударып жатқандарды шығу тегі, тұрмыс деңгейі, діні, ділі бойынша шеттеу мен қорлауға жол бермеуді де көздейді. Осылайша, этникалық қазақтарға тек материалдық қана емес, моральдық та қолдау көрсетіліп жатыр.
Алтынгүл Өмірзақова
Пікір қалдыру