Астанада жолақы төлеудің қарапайым әдісі пайда болды

/uploads/thumbnail/20181108105038752_small.jpg

Мінгенмен түсуі қиын Елордадағы қоғамдық көліктер халықты біраз әбігерге салған деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Халықтың көбісі автобустағы жолақы төлеуге көңілі толмайтынын әлеуметтік желі арқылы жеткізген болатын. Астанадағы автобустың көбінде адам лық толы болған кезде адамдар автобустан түсе алмай әбігерге түседі екен. Бұған себеп Astana LRT картасы екен. Нақтылай кетсек, автобусқа мінген адам аhтқы жақта орналасқан аппарат арқылы картамен төлем жасап болғаннан кейін міндетті түрде автобустың алдыңғы есігі арқылы түсу керек. Автобустың ішінде адам аз болса, бұл оңай әрине, ал адамға лық толы автобуста бұл қағиданы орындау айтарлықтай қиынға соғады.

Қоғамдық көлік саласы қарапайым халықпен тығыз байланыста болғандықтан түрлі даулы жайттардың орын алуы қалыпты жағдай. Тек аталмыш компания жолаушылардың ұсыныстары мен шағымдарын қарап, сүзгілеуден өткізген жөн.

LRT компаниясы өз кезегінде халыққа көлік картасына ақша салудың тиімді әрі қарапайым әдіс-тәсілін ұсынды.

Астаналықтар енді күнделікті қолданыстағы смартфон арқылы көлік картасына қанша ақша қалғанын тексеріп, қажетті сомамен толтыра алады. Ал бұл әдісті қалай іске асыру туралы аталмыш компанияның қызметкері толығырақ түсіндіріп берді.

Компания басшысының орынбасарының айтуы бойынша, компания картада қанша ақша қалғанын тесеріп, қажетті ақшаны аударуға мүмкіндік беретін арнайы қосымшаны жасап шығарған.

«Телефонға NFC жүйесі орнатылуы керек. Бұл 10 см ара-қашықтық бойынша құрылғылар бір-бірмен мәлімет алмасатын болады. Әзірге Real LRT тестілеуден өтіп жатыр. Енді картадағы балансты тексеру үшін оны смартфон үстіне қою жеткілікті. Кейін смартфон экранында бірден қанша ақша қалғаны туралы ақпарат пайда болады. Әрі қарай толтыру деген тетікті басып, қажетті соманы енгіземіз», деп түсіндірді Бекмырза Игенбердиев.

Қазіргі уақытта бұл қосымшаны Android операциялық жүйесі бар адамдар ғана қоса алады. Алайда IOS үшін де бір нұсқа жасау жоспарланып отыр.

Компания өкілінің айтуы бойынша, компания жаңа автомат сатып алудан бас тартып, жолаушыларға тиімді әдісті ұсынбақ.

Қазіргі уақытта қала бойынша 30 терминал мен 6 касса қызмет көрсетіп тұр. Уақытын үнемдегісі келетіндерге жол ақысын төлеудің бірнеше түрі бар.

Егер сіз Activ, Kcell, Beeline абонентін пайдаланатын болсаңыз қарапайым хабарлама арқылы «SMSBUS жолаушы» қосымшасы арқылы және "Мой Beeline" қосымшасы (егер Beeline абоненті болсаңыз), Homebank қосымшасы арқылы (егер Halyk Bank немесе Qazkom картаңыз болса) автобуста QR-код арқылы төлей аласыз.

Бұл әдіс үшін 2505 нөміріне автобустың QR кодын жіберсеңіз болды. Аталмыш код автобустың ішінде көрсетіліп тұрады. Кейін чек ретінде сізге арнайы хабарлама келеді.

Сонымен бірге электронды төлемнің уақыты қысқартылып, оффлайн режимде жұмыс істейтін болады. Төленген ақша 24 сағатта түседі. Алдағы уақытта жолаушылардың арнайы терминалдар мен мамандандырылған кассалардан бөлек ресурстардан салынған ақшаның түсу уақыты қысқартылатын болады. Тіпті алдағы 1-2 айда үш сағаттың ішінде төлеген қаражатыңыз жол ақы картасына түссе таңғалмаңыз.

Ал картадағы қаражатты тексере алмасаңыз автобустағы кез келген қызметкер жауап беріп, қызмет көрсететін болады. Картадағы қаражатты тексеру үшін валидатордың оң жақ төменгі түймесін бассаңыз жеткілікті. Сонымен бірге transcard.kz сайты арқылы жол ақы картасындағы қалдықты тексере аласыз.

Жолаушылардың көбісі қанша төлем алынғаны және картада қанша қаражат қалғаны туралы ақпарат валидаторларда көрсетілсін деген ұсыныс айтқан болатын. Себебі жол ақы картасындағы қаражат жиі жоғалып кетіп жатыр. Осыған қатысты мекеме қызметкерлері бұл ұсыныстың орынды екенін, алайда мұндай мүмкіндікті іске асыру үшін белгілі бір уақыт қажет екенін айтқан.

Сонымен бірге халық арасында Астанадағы жолақыға 180 теңге алынатын болады деген ақпарат тараған болатын. Алайда компания қызметкері бұл ақпараттың жалған екенін айтып сендірді.

– Бүгінгі таңда бұндай сұрақ көптеп түсіп жатыр. Бірақ, расталған факті жоқ. Жолаушыларға карта бойынша егжей-тегжейлі ақпарат (детализация) ұсынылады. Өйткені қоғамдық көліктердегі төлем құрылғыларының барлығы бір жүйеге негізделген. Бұған ешікім өзгеріс жасап, көп немесе артық соманы ала алмайды. Басында бекітілген 90 теңге барлық жерде бірдей төлем ретінде алынады. Тіпті кондукторлар да бұл мәселеге араласа алмайды. Валидаторлар 180 теңге алды деу мүлде қисынсыз. Бұл жағдай ешқашан болмаған және болмайды да. Шағымданған жолаушылардың жүру кестесімен уақытын сараптап, сараптама детализациясын ұсынамыз. Сонда ғана көздері жеткен жүргіншілер, сабаларына түседі. Алаңдамаңыздар, ешқандай да 180 теңге алынбайды. 100 пайыз кепілдік бар, – деп сендірді Әлия Жарқынбекова.

Қазір Алматыдағы «Оңай» төлем картасы 100 теңгеге қымбаттаған. Ал Астанада жолақының бағасын өсіру әзірге жоспарда жоқ екен.

Ал Астанадағы 15 жасқа дейінгі оқушылар мектептің көлік картасын ала алады. Бұл картамен оқушылар 40 теңге жолақысын төлейді.

Оқушылардың көлік картасын білім беру мекемесінен алуға болады. Оны ресімдеу үшін баланың туу туралы куәлігі мен суреті жеткілікті.

Егер мектеп картаны ресімдей алмаса, баланың ата-анасы немесе қамқоршысы Қажымұқан көшесі, 14 мекенжайы бойынша орналасқан төлем жүйелері департаментіне өтініш беруі керек. Баланың құжаттарынан бөлек, өтініш беруші ересек тұлғаның да жеке куәлігі қажет болады.

Басқа қаладан келген балалар да ересектердің көмегімен аталған мекенжай бойынша карта ала алады.

Атап өтсек, тамыздың ортасындағы ахуал бойынша 120 мыңнан астам оқушы карта алып үлгерген. Алғаш рет картаны ресімдеу тегін болады. Бірақ оқушы картасын жоғалтып алса, қайта шығару үшін 400 теңге төлеуі тиіс.

Ал смартфондарға арналған қосымша қараша-желтоқсан айларында іске қосылады.

Ресми деректерге сүйенсек, Астана қаласында жуырда қоғамдық көлікте жолақысын төлеуге арналған арнайы білезіктер мен салпыншақтар пайда болады. Биыл девайстар тестілеу режимінде қолданыста болады, ал келесі жылдан бастап сатылымға шығады.

Жалпы көлік картасы нақты жолаушылар санын есептеуге мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде мамандарға жаңа бағдарларды енгізуге, оларды ыңғайлы етіп жетілдіруге көмектеседі.

Ал жолаушылар үшін де пайдасы – өзімен бірге қолма-қол ақша алып жүрмейді. Ұсақ тиын тасып немесе ірі ақшаны ұсақтауға тиын іздеп әуре болмайды.

Тағы бір пайдасы – қоғамдық көлік саласындағы көлеңкелі ақша айналымын азайтуға мүмкіндік береді. Қала бюджетіне тиісті қаражат өз орнына адаспай жетіп, жол-көлік инфрақұрылымын және қоғамдық көлікті дамытуға арналған небір үлкен жобалар мен жұмыстарға жұмсалады.

Қатысты Мақалалар