Алдағы уақытта Қорғаста 10 мың жұмыс орны ашылады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы Амандық Баталов шетелдік дипломаттарға Қорғастағы хабтың жұмысын таныстыру барысында мәлімдеді.
Шетелдік дипломаттар Алматы-2 теміржол вокзалынан жолға шығып, Алтынкөл станциясына дейін барды. Кейін «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына барып, көлік логистикалық мүмкіндіктерімен танысты. Аталмыш шараға ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов және «Қазақстан темір жол» компаниясының басшылары қатысты.
Еске сала кетсек, бұл шараны ҚР Сыртқы істер министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК акционерлік қоғамымен бірге өткізіп жатыр.
Амандық Баталов сөзін минстрге алғыс айтумен бастады.
«Біз кешегі, республика өміріндегі маңызды оқиғадан соң кездесіп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, кеше баршамыз Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдау арнағанын көрдік, онда біздің мемлекетіміздің экономикаға инвестицияларды тарту арқылы даму мәселесі айтылды. Біздің облысымыз аумағындағы экономикалық өсімнің жаңа нүктесін көрсету мақсатында Сіздерді шақырғаны үшін министр мырзаға рақмет», - деді Амандық Баталов.
Шараға қатысушы дипломаттар «Қорғас» ЕЭА көлік логистикалық мүмкіндіктерімен танысып, инфрақұрылым нысандарын аралады.
ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың айтуы бойынша, дипломатиялық корпус сапар аясында шараға қатысушылар осы өңірдің жаңа қырымен танысады екен.
Сонымен бірге министр бүгінгі таңда еркін экономикалық аймаққа АСЕАН, Еуропа, Африка және Латын Америка елдерінің өкілдері келгенін атап өтті.
Оның сөзінше, осын шараға қатысқан дипломаттар мен елшілердің әрқайсысы экономикалық, сауда-инвестициялық ынтымақтасты дамытуға күш салатын болады.
Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов шетелдік дипломаттардың алдында сөйлеген сөзінде «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру Қытайдың Шығыс жағалауы – Ляньюньган портынан Қазақстан мен Қытай шекарасындағы құрғақ порт арқылы теміржол және автокөлік жолдары жүйесі арқылы Каспий теңізінен Еуропаға апаратын оңтайлы логистикалық тізбекпен қамтамасыз еткенін атап өтті. Аталған логистикалық тізбек Транскаспийлік халықаралық дәліздің контейнерлік мультимодальды бағыттарын байланыстыратындықтан Орталық Азия, Қытай, Кавказ, Түркия және Еуропа елдерінің серіктестері үшін аса тартымды болып табылады.
«Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразияның аса маңызды көліктік-логистикалық хабына айналдыру бойынша үлкен міндет қойды, осы мақсатта біз «Солтүстік - Оңтүстік», «Шығыс - Батыс», «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәліздерінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, «Нұрлы жол» аясындағы жаңа экономикалық саясатты қытайлық «Белбеу және Жол» бастамасымен үйлестіруді, сондай-ақ Қазақстанның өңірлерін «Қытай – Иран» континентаралық магистральдарымен және Кавказ бен Ресей арқылы өтетін дәлізімен байланыстыруды көздейміз», - деді Министр.
Мемлекет басшысының «Төртінші индустриалды революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына сәйкес, Үкімет 2020 жылы транзиттік тасымалдан түсетін жыл сайынғы табысты 5 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайтуды, контейнерлік тасымалды 2 миллион ЖФМ-ге (Жиырма футтық мөлшер – жүк тасымалы құралдарының сыйымдылығы өлшемінің шартты бірлігі) жеткізуді, әуе қатынасы арқылы жолаушылар тасымалын 4 есеге ұлғайтуды және транзиттік жолаушылар ағынын 1,6 миллионға жеткізу жоспарлауда.
Қ. Әбдірахманов былтырғы жылы Қазақстан арқылы жүк тасымалы 17%-ға өсіп, 17 миллионға жуық тонна құрағанын және 2015 жылдан бастап ЖІӨ-дегі көліктік саланың үлесі орта есеппен 8%-дан төмен болмағанын атап өтті. «Қорғас» ШЫХО-ның сәтті жүзеге асырылуының арқасында қазіргі кезде қазақ-өзбек шекарасында осы іспеттес ШЫХО құру мәселесі қарастырылуда.
«Қорғастағы» трансшекаралық серіктестікті дамыту Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының негізгі жобаларының бірі болып табылады. ШЫХО өз аумағында Қазақстан және Қытай азаматтарының, сондай-ақ болу еліне ресми сапармен іскерлік кездесулерге, Қазақстанда, Қытайда және ТМД елдерінде өндірілетін өнеркәсіптік өнімдермен танысуға, сауда-саттық және сауда келісімдерін жасауға, демалысқа келген үшінші елдің азаматтарының еркін қозғалуын жүріп-тұруын қамтамасыз етеді.
Еркін экономикалық аймақтың жалпы аумағы 4951,5 гектарды құрап отыр. Сонымен бірге мұнда логистикалық, индустриялық аймақтар және «құрлықтағы порт» уөлік логистикалық кешені секілді үш негізгі аймақ бар.
Құрлықтағы порт ЕЭА-ның тірек буыны әрі Алтынкөл станциясымен байланысты қамтамасыз етіп, теңіз портының принциптері бойынша жұмыс істейді. Юар айырмашылығы бұл жерде жүктер мен кемелердің орнына пойыздарды тасымалдайтын болады.
Кейін облыс әкімі Амандық Баталов «Қорғас» АЭА маңында салынып жатқан жаңа Нұркент қаласының дамуы туралы айтты.
Облыс әкімінің айтуы бойынша, жаңа қаланың нақты жоспарланған жобасы жасалып қойған. Жоба 2030 жылға дейін 100 мың тұрғыны бар үлкен қала құрылады екен.
Сонымен бірге әкім жергілікті билік өкілдерінің жаңа өндіріс орындарын жұмысшылармен қамтамасы ету бойынша жұмыс атқарып жатыр. Алдағы уақытта «Қорғаста» 10 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Егер олар отбасын құрған жағдайда 50 мың тұрғыны бар қалаға айналатын болады. Сонымен қатар аталмыш қалада қазақстандық жоғары оқу орындары мен колледждер «Қорғаста» жұмыс істеу үшін жаңа мамандарды дайындап шығаратын болады.
Хадиша Ханқызы