Ауылдағы қарапайым халықтың негізгі проблемаларының бірі ауыз су мәселесі. Жыл сайын бұл проблеманы шешу үшін мемлекет тарапынан тиісті қаражат бөлініп, бағдарламалар мен жоспарлар жасалып жатыр. Осыған ұқсас игі істің бірі Жамбыл өңірінде атқарылды. Әкімдік тұрғындардың тілегін жерге қалдырмай, мәселені шешті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Өңірдің тұрғындары да дән риза.
Облыс әкімдігінде облыс тұрғындарын ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша жиын өтті. Онда күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров баяндама жасады. Алдымен ауыз су мәселесіне тоқталған ол 2018 жылдың 1 қаңтарында өңіріміздегі 4 қала бойынша орталықтандырылған ауыз сумен қамтылғаны 84,7 пайызды құрағанын жеткізді. Басқарма басшысының айтуынша облыс қалалары бойынша көрсеткішті ағымдағы жылдың соңына дейін 86,0 пайызға жеткізу көзделген. Көрсеткішке қол жеткізу үшін Тараз қаласында «Бурыл А,Б,В» тұрғын сервистік желілердің құрылысына биыл республикалық және облыстық бюджеттен 334,6 млн.теңге бөлініп, ұзындығы 46,2 шақырым болатын құбыр жүйелері жүргізілуде екен. Сонымен қатар, осы алқаптың 12,3 шақырым су құбыры желілерін кеңейтуге арналған құны 183,5 млн.теңге болатын жобаға облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда осы екі жобаның мердігер компаниялары жобадағы жұмыстарды жүргізуде.
Бұдан басқа, «Тараз су» МКК Қант зауыт поселкасы аумағында құны 205,6 миллион теңге тұратын жоба бойынша 8 көшеге 7,2 шақырым су құбырларын тарту жұмыстарымен айналысуда, қала бюджетінен бөлінген қаржыға 2017 жылы жұмыстар басталған, осы жылы аяқталуы жоспарланған.