Соңғы жылдары мамандар тарапынан көп талқыға түсіп, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көрініп жүрген басты экологиялық мәселелердің бірі – адамдардың дұрыс тамақтанбауы. Жүріп бара жатып жүрек жалғайтын жылдам дайындалатын тамақ түрлері бүгінде жетіп артылады. Алайда, сырт көзге аты да заты да жағымды Фаст Фуд деп айдарлатып айтып жүрген - гамбургер, хот-дог, бұқтырылған шұжық, тез әзірленетін лапша, сэндвич, пицца және газдалған сусындармен қоректену адам ағзасы үшін нағыз қауіп. Бірақ мұны бәріміз білеміз. Біле тұра істейміз. Бұл үшін кінәні Макдональдс, Бегемот сияқты жеңіл тамақтану орталықтарынан іздейміз бе, әлде химиялық технологияның дамуынан көреміз бе?! Адамдардың мұндай тағамдарды қолдануы олардың тамақ әзірлеуге уақыттарының жетіспеуімен қатар, оны тез-тез жеу қажеттілігінен туған. Оның үстіне арзан, тез дайындалатын, әрі түрлі дәмдеуіштер қосылған дәмді асты тұтынудан кім бас тартсын? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүгінде адамзатты өлімге әкеліп соқтыратын факторлардың 60 пайызы – сапасы нашар, қауіпті азық-түліктен дайындалған тағамдар деп тұжырымдап отыр. Мұндай тамақтарда ағзаға тікелей әсер ететін улы заттар болмаса да, олардың құрамындағы кейбір зиянды нәрселер, ағзаны іштен жегідей жеп, дене мүшелерін істен шығара бастайды. Қазір АҚШ-тың кейбір телеарналарында дәрігерлер ұйымының сұранысымен антимакдональдік жарнамалық роликтер көрсетіліп жүр. Себебі ел тұрғындарының 61 пайызы артық салмақтан емес семіздіктен жапа шегеді. Канадалық ғалымдар фаст фудтың адам психикасына да үлкен әсері бар екенін анықтаған. Psychological Science журналының мәліметіне қарағанда тез әзірленетін тағамдармен тамақтанатын адамдар уақыт өте шыдамсыз болып келеді. Тез тамақтану – басты мақсат. Осындай шыдамсыз әрекеттер адам өмірінің барлық тұсынан көрініс табады. Мұндай астан бас тартудың миллион себептері бар. Төменде солардың бірнешеуін ұсынамын: Артық салмақ қосқыңыз келсе? Бір орташа гамбургер, фри картоптары және жарты литр кола – 1500ккал. Ал бәріміз білетіндей аз есеппен бұл бір адамның бір күнгі кабылдайтын мөлшері. Ал бір күнде сіз осыларды ғана жеумен шектелмейсіз ғой? Американдық журналист Морган Стерн өз тәжірибесінде 30 күн бойы Нью-Йорк қаласының фаст-фуд орталықтарында тамақтану арқылы 14 келі салмақ қосқан. Артық салмақ әр түрлі ауруларға себепші болуымен қатар, адамның көңіл күйіне тікелей әсер етеді. Егер сіз өзіңізді артық салмақтан құтқарғаңыз келсе, фаст фудқа жоқ деңіз! Денсаулығыңызды қатерге тіккіңіз келсе? Әдетте фаст фуд жегеннен ең алдымен ас қорыту нашарлайды. Созылмалы тұмау, сіркесі су көтермейтін ашушаңдық, аллергиялық аурулар, еркектік қабілеттің нашарлауы, бедеулік, инфаркт, инсульт, қатерлі ісік тағы басқа түрлі сырқаттардың бәріне тамақ құрамындағы зиянды нәрселер себепші. Бір сөзбен айтқанда жеңіл әрі тез дайырланатын тамақтардан адам азғасына келер ешқандай пайда жоқ. Көп ақша жұмсағыңыз келсе? Сіз мұнымен келіспеуіңіз мүмкін, себебі сүйікті Макдональдста 500теңгеге тамақтануға болады? Ал енді бір айда жеңіл асқа қанша ақша жарататыныңызды есептеңіз? Осыған фаст фуд әсерінен пайда болған шаш пен теріңіздің зақымдарын жасыру мақсатында сән салондарына жұмсаған қаражатыңызды қосыңыз. Ал егер мұндай асты әлі де қолдана беремін десеңіз, онда болашақта денсаулығыңызға байланысты медициналық орталықтарға кететін ақша мөлшерін тағы қосыңыз. Жаңа сатып алатын киімдеріңіз жайлы тіпті айтпаймын, себебі бұрынғы киіміңіздің тура келуі екіталай. Балаларыңыздың денсаулығы нашарласын десеңіз? Бүгінде тез даярланатын өнімдер үлкен адамдармен қатар мектеп жасындағы балалар арасында да танымал. Әсіресе чипстер, кептірілген нан (сухарики) олардың сүйікті тағамдарына айналған. Шведтік ғалымдардың айтуынша бұл тағамдар акрималид сияқты қауіпті концорогендерге бай. Акриламид – адамның жүйке жүйесін бұзатын, генетикалық мутацияға ұшырататын ақ немесе тұссіз суда еритін зат. Ол көмірсуға бай тағамдарды қуырғанда пайда болады. 1келі чипстың құрамында 2000 микрограмм акриламид түзіледі, бұл 1 келі қуырылған еттен 40 есе көп. Ал газдалған сусындарды күнделікті пайдалану адам ағзасында кальцийдің азаюына алып келеді. Кальцийдің жетіспеуінен 150 түрлі ауруға шалдығуға болады. Олардың бірі – остеопороз. Бұрынырақ бұл аурумен 60 жастағы карт адамдар ауырса, қазір бұл ауру түрі 6-12 жастағы балаларда ұшырасады. Балаларыңыздың шамадан тыс шыдамсыздығы мен жүйкелерінің тез жұқаруын, оған қоса ұмытшақтығын күнделікті қолданып жүрген астан іздеңіз! Ертеден бастап ата-бабаларымыз жылқы, қой, сиыр етін жеген, ақтан жасалған сүт, айран, құрт, май сияқты өнімдерді қолданып, төл сусынымыз шұбат,қымыз ішкен. Бұл тағамдардың пайдасы жайлы айтпасаң да белгілі. Мысалы, Қойдың еті – жылу мен әл-ауқатты , асқа тәбетті арттырады, жылқының еті – іріңді тоқтатып, бүйрек пен белді желден тазартса, сиырдың еті – майлы, ауыр, қызулы, ісік кезінде жақсы көмектесіп, асқазан, бүйрек, бел мен бастан ұстаған суықты шығарады екен. Бұл қасиеттер гамбургер арасына салынған еттің қызметтерінен мүлдем бөлек. Ал сары май, жұлын мен іш май ішкі ағзаны жұмсартса, сүр май ақылынан адасқан, есінен айрылған, танған адамдарға көмектеседі. Шыжғырылған май ойды өткірлейді, жадты кеңейтеді, жылу мен күш-қуат береді, өмірді ұзартады. Табиғи таза тағамдардың арқасында біздің тектілігіміз артып отырды. Міне, содан кейін біз қуатты ел болдық. Егер ұлттық тағамдарымызды өгейсітіп, шеттен келген зиянды асқа әуестенуімізді қоймасақ, күні ертең бақа-шаян, құрт-құмырсқаға айналарымыз хақ. Бұл - теңіздің тамшысындай ғана себептері. Өзгесін айтпасаң да белгілі. Заманауи жедел астың зиянын айтқанмен, өз тәжірибеңде көрмей оған сене қою қиын. Ал фаст фудты әлемде миллиондаған халық қолданады: әр түрлі ұлт өкілдері, әр жастағы адамдар, әлеуметтік сатысына қарай да түрлі адамдар. Барлығы да жеңіл әрі тез әзірленетін тағамдардың пайдасы мен үнемділігін ғана алға тартады. Ал оның орасан зияны жайлы айтатын ешкім жоқ. Тіпті тұмаумен ауырып, артритке шалдығып, үлкен күйзеліске ұшырап жатса да оны өзі тұтынған аспен байланыстыруды ойламайды да. Бекер, себебі «ауру – астан» немесе «өз ауруыңды табағыңның түбінен ізде» деп бекер айтылмаса керек. Бұл мәселе қазіргі таңда әлем қасіретіне айналған ЖИТС-тен немесе қоғамда орын алған халықаралық өзекті мәселелерден кем түспейді. Мұның себебі адамды ішінен улайтын фаст фуд өнімдерінің ерекше қамқорлыққа алынып, тыс мөлшерде жарнамалануында. Әрине, бұл өте тиімді бизнес жол. Өнімдерін тегін таратып, халықты өзіне тәуелді ету арқылы өз саудасын жүргізіп ақшаға кенелген саудагерлер үшін тиімді табыс көзі. Өзгені ойламақ түгілі өз қарабасының қамы мен қалтасының қалыңдығын ойлаған бизнесмендер әлемнің айықпас дертке шалдыққанын байқайтын қауқары да жоқ. Бұл, әсіресе, демографиялық өсім жағынан кенжелеп келе жатқан Қазақстан үшін тағы бір кедергі десе артық болмас. Егемендігін алып нық баса бастаған еліміздің аяғынан шалған тағдырдың тағы бір сыны. Әйтпесе бұрын соңды суға дейін талғап ішетін текті халқымыздың дүдәмәл азықпен қоректенбегені бесенеден белгілі. Ендеше аранымызды әр нәрсеге алаңсыз аша беруден бұрын сәл пәл ойланғанымыз жөн болар, текті де талғампаз атаның ұрпақтары!
Меруерт Бүркітбаева "Қамшы" сілтейді
Пікір қалдыру