Кешелі бері Қазақстанның үкімет басшысы жұмыс сапарымен Алматы облысын аралап қайтты. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстан мен Қытайдың шекарасында орналасқан өткізу бекетіне барып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Атап өтер бір жайт, «Нұр жолы» Қазақстан жағында болса, ал «Қорғас» Қытаймен шекара маңындағы халықаралық орталық екенін айта кеткен жөн.
Аты айтып тұрғандай, «Нұр жолы» Президент Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асқан «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің кірер қақпасы.
Бұл Орталық Азия аумағындағы ең үлкен өткізу пункті саналатындықтан оның халықаралық маңызы бар. Демек, бұдан шығатын қорытынды, «Нұр жолы» Президенттің «Нұрлы жол» бағдарламасының соңғы қорытындысы десе де болады. Қытайдың «Бір белдеу-бір жол» бағдарламасымен шектесетін Назарбаевтың аталған жобасының Қазақстан үшін транзиттік әлеуеті өте зор болып отыр. Өйткені аталған жоба Ұы Жібек жолын жаңғыртады. Ресей, одан ары Еуропаға қарай бағыт алатын бұл жол арқылы әртүрлі жүк тасымалы өтеді. Сауда қатынасын ғана емес, жолаушыларға да қызмет көрсететін бұл бағыт Қытай мен Қазақстан арасында ең алдымен алыс-берісті дамытып отыр.
Айта кетер бір жайт, аталған көлік-логитстикалық орталығының құрылысы 2017 жылы басталған. Айналасы бірер жылдың ішінде құрылысы аяқталып, осыдан 1,5 ай бұрын пайдалануға берілген орталықтың 27 қыркүйекте ашылу салтанаты өтті.
«Нұр жолы» бақылау өткізу пунктінің жұмысы бұрынғыдай емес, жеңілдеген, түгелдей автоматтандырылған және де тоқтаусыз жұмыс істейді. Жүк көліктерін шекаралық рәсімдеу көп уақыт алмайды. Мұның барлығына бар-жоғы 40 минуттай уақыт кетеді
Алып ірі кешен жұмыс күндері ерсілі-қарсылы екі бағытта 2500 көлікті өткізе алады. Нақты дерекке жүгінер болсақ, 2500-дің ішінде 300 -дей жолаушы көлігі бар екенін айта кеткен жөн. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғұсман Әмрин келешекте бұл пункттен 500 көлікті өткізуге болатынын тілге тиек етті.
Әрине, өткізу орталығының халықаралық маңызы өте жоғары екенін айттық. Біріншіден, «Нұр жолы» еліміздің инвестициялық мүмкіндігін арттыруға мол септігін тигізеді. Екіншіден, осы аймақтық экономиканың дамуына қуатты серпін береді.
«Қорғасты» аралау барысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығының жұмысымен де танысты. Жоба Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының бастамасымен жүзеге асырылуда. Мақсат — екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты дамыту.
Әрине сауда - саттық дамыған сайын, келіп-кетушілердің де саны арта түсетіні белгілі. Бүл орайда 2018 жылдың қаңтарынан қыркүйек айына дейін бекеттен екі жақты өтушілердің жалпы саны 1 млн адамнан асқан. Болашақта екі жаққа қатынайтын адамдардың саны мұнан да ұлғая түспек. Өйткені шекара маңындағы сауда алаңы мен өткізу-бақылау бекеті демалыссыз, тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Тағы бір атап өтер жайт, «Қорғас» маңында болашақта білім және оқыту, сондай-ақ іскерлік орталықтары, тұрғын үйлер мен спорттық сауықтыру орындары да салынатын болады.
Еркін Қалдан