Шымылдық сыртындағы шытырман оқиға! Ақтауда облыстық драма театрдың актрисасы мәдениет ошағының басшысын қызметкерлерін жыныстық қатынасқа мәжбүрлейді деп айыптады.
Басты рөлді актерлік шеберлік емес, төсектегі “өнері” үшін береді деген актриса бұрынғы жұмыс орнын “жезөкшелер мекені” деп атады деп хабарлайды КТК арнасы. Театр басшылығы әрине өздеріне шаң жуытқан жоқ. Енді тараптар мәселені сотта шешпек. Классикалық жанжал, драма, трагедия және шытырман оқиға. Мұның бәрі Маңғыстау драма театрының сахнасында емес, сыртында өрбіп жатыр. Дина Ахметжан өнер ордасында 11 жыл еңбек етіпті. Содан бергі ішінде сақтап жүрген сырын қазір ашып отыр. Айтуынша, театр директоры бірнеше жылдан бері сөз салыпты. Актриса бастығына ашына болудан бас тартып, жұмыстан қағылған көрінеді.