Ұлттық ұланның Бауыржан Момышұлы атындағы әскери бөліміне 45 жыл

/uploads/thumbnail/20181122203213012_small.jpg

Батырлар мен ақындар елі атанып кеткен Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылындаорын тепкен Ұлттық ұланның азаматтық қорғаныс жүйесіндегі Бауыржан Момышұлы атындағы  28237 әскери бөлімінің құрылғанына 30 қараша күні аттай 45 жыл толады. Жарты ғасырға жуық жылдар белесіндеәскери бөлімнің айбынды құтқарушылары еліміз бен байтақ жеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында айтып келмейтін төтенше жағдай  апаттарының алдын алу мен оның салдарын жою бойынша қажырлы тер төгіп еңбек етіп келеді.

Өткенге көз жүгіртсек, құрылғанынан бастап күні бүгінге дейінгі уақытта өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруының арқасында әскери бөлім Қазақстанның күштік құрылымдары арасында ойып тұрып лайықты орын алғандығын, сондай-ақ еліміздің қауіпсіздігі жолындағы тұрақтылығының бірден-бір кепілі екендігін зор сеніммен айтуға болады.

Тарих беттеріне үңілер болсақ, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Қарулы Күштері Бас штабының 1973 жылғы 1 сәуірдегі Директивасының негізінде 1973 жылғы 17 мамырда Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылында Орталық Азия әскери округі қолбасшысының әскерлері мен  жеке байланыс взводы базасында Орталық Азия әскери округіне қарасты Азаматтық қорғаныс әскери бөлімі құрылады және1973 жылғы 29 сәуірде ССРО Қорғаныс министрінің бұйрығымен 30 қараша – 28237 әскери бөлімінің құрылған күні болып белгіленеді. 1973 жылғы 27 шілдеде ССРО Қорғаныс министрінің бұйрығымен әскери бөлімнің тұңғыш командирі болып подполковник Шмаль Николай Федорович тағайындалды.

1975 жылғы 04 сәуірде әскери бөлімге Жауынгерлік Қызыл Ту тапсырылды.

1979-1980 жылдары жауынгерлік дайындық әзірлігінен көрсеткен жоғары көрсеткіштері үшін бөлім жеке құрамы Орталық Азия әскери округінің ауыспалы Қызыл Туымен марапатталады.

Еліміз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті басшылық құрамының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1995 жылғы 22 желтоқсандағы Қаулысымен және Б.Момышұлы атындағы қайырымдылық қорының қолдауымен әскери бөлімге Совет Одағының батыры, Халық қаһарманы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімі берілді.

1997 жылғы 09 шілдеде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери бөлімдерінің алғашқылары болып 28237 әскери бөліміне жаңа үлгідегі көк түсті Жауынгерлік Ту тапсырылды.

Өткен дәстүрлі жолдарына қарап әскери бөлімнің өзіндік дербес тарихы бар екендігін көреміз. Әскери бөлімнің қалыптасуы мен аяғынан тік тұруына тәжірибелі құтқарушы мамандар, білікті офицерлермен арынды сарбаздар ат салысты. Құрылған күнінен бастап тәуелсіздік жылдар белесінде бөлім жеке құрамы ерліктер мен батырлық үлгілеріне толы даңқты жауынгерлік жолдан өтті. Түрлі апаттар мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюмен қатар құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша бөлім жеке құрамы республикамыздың біршама өңірлерінде қыруар жұмыстар атқарды, сонымен қатар республика көлеміндегі және ТМД елдері арасында өткен бірлескен оқу-жаттығуларға қатысты. Жүзден аса әскери қызметшілер атқарған қызметтеріне адалдығы үшін түрлі ордендермен және медальдармен марапатталды. Оның ауыз толтырып айтарлықбіршамасына тоқсталсақ:

1979 жылы бөлім жеке құрамы Медеу шатқалындағы алапат өртті ауыздықтауға, 1984 жылы Алматы облысы, Кеген ауданындағы орман өртін сөндіруге, 1993 жылы Алматы қаласында тырысқақ індетін жоюға, 1994 жылы Қызылорда облысы, Ленинск (Байқоңыр) қаласында құтқару жұмыстарын жүргізуге, газ жарылысынан бес қабатты үйдің қирауы салдарынан қаза тапқан адамдарды құтқаруға, 1997 жылы бұрынғы Талдықорған облысы, Алакөл ауданындағы Қазақ-Қытай шекарасында өртті сөндіруге, 1997 жылы ірі көлемдегі төтенше жағдайлар кезіндегі ТМД Корпусының күштері бірлесіп әрекет ету жөніндегі оқу-әдістемелік жиындарға, 1999 жылы Америка Құрама Штаты Аризона штатындағы құтқару қызметінің құтқарушыларымен бірлесіп өткізілген «Айвер-99» Халықаралық оқу-әдістемелік жиындарына, 1999 жылы ракета тасымалдаушы «Протон-3» апатының зардабын жоюға, 2003 жылы Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында болған жер сілкінісінің зардаптарын жоюға, 2004 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданында болған қар басудан адамдарды құтқару жұмыстарына, 2007 жылы Жамбыл ауданы әкімінің өтінімі негізінде өткен селден кейінгі Ақсеңгір су қоймасында қайтадан жөндеу жұмыстарын жүргізуге, 2010 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қызылағаш елді-мекеніндегі су тасқынының зардабын жою мен жергілікті тұрғындарға көмек  көрсету жұмыстарын жүргізуге, 2011 жылы Іле-Алатау таулы бөктерінде өткен дауылды жел салдарын жоюға, 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында болған су тасқынының зардаптарын жоюға, 2013  жылы Жамбыл облысы Талас ауданы Қаратау қаласындағы болған дауылдың зардаптарын жоюға белсене қатысты.

Әскеріміздің әлеуетін көтеру мақсатында Елбасы Жарлығымен 2015 жылдың 21 сәуірінде «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» Заң қабылданып, Ішкі әскерге Ұлттық ұлан мәртебесі берілді. Сол жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетке тікелей бағыныста болған 28237 әскери бөлімі Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының қарамағына өтті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бағынысына өткен әскери бөлімнің командирі болып Нұртазин Қуаныш Аушәріпұлы тағайындалды.

Жаңа күштік құрылымның құрамындағы заң аясында бөлімге жаңа арнайы міндеттер жүктелді, қызметтің нақты тармақтары мен мақсаттары айқындалды, әскери құрылымның мәртебесі жоғарылатылды. Жауынгерлердің даярлықтарын, кәсіби біліктіліктерін жоғарылату, тәжірибелік білімдерін арттыру арқылы ұландық құтқарушыларжаңа кәсіби дағдыларды меңгерді.

Құқықтық тәртіп әскерлерінің қатарына кірген әскери бөлімге жауынгерлік дайындық әзірлігі артылған барлық қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды өз уақытында атқаруға мүмкіндік жасалды. Ұйымдастыру және тәжірибелік шаралар әскери қызметшілердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға, олардың азаматтарға, қоғам мен мемлекетке қылмыстық және басқа да қол сұғушылықтардан төнген қауіпті дер кезінде еңсеруге, сондай-ақ табиғи, техногенді және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды мобильді түрде орындау мүмкіндіктерін арттырды. Соның бір айғағы, 2015 жылы Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы Қарғалы, Каменька елді-мекендерін су басудан туындаған төтенше жағдай салдарын жоюға қатысып, тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіріп, апат алған орындарда залалсыздандыру жұмыстарын жүргізумен қатар мемлекеттік әкімшілік мекемелердің, орта білім беретін мектептердің аулалары мен сырт жайларын лайлардан тазартты. Онымен қоса 2016-2018 жылдары республикалық көлемде құтқару қызметтерімен өткізіліп келе жатқан түрлі «Жер», «Көктем», «Қыс» аталатын құтқару оқу жаттығуларына қатысты. Әсіресе 2018 жылдың қыркүйек айында Халықаралық деңгейде өткен «Қазқұтқару-2018» кешенді оқу-жаттығулары кезінде  бөлім жеке құрамы өздерінің біліктілігін тағы да бір рет дәлелдеп, өзге мемлекеттердің құтқару қызметтеріне үлгі болды.

Міне, осынау заңғар жолдың белесінен сүрінбей өткен өр рухты қолбасшы Б. Момышұлы атындағы 28237 әскери бөліміне 45 жыл толды. 45 жыл бойы бауыржандық құтқарушылар Отан алдындағы міндеттерін атқаруда сенімге селкеу түсірген емес. Жылдар бойына оларда Отанға адалдық, оны қорғауға әрқашан дайын болу, жоғары жауынгерлік әзірлік, әскери антқа адалдық, қырағылық пен табандылық, сатылмаушылық, жауынгерлік шеберлікті үнемі жетілдіру, тәртіп пен әскери достықты нығайту сынды өзіндік дәстүрлер қалыптасты. Ал мықты әскерге жауынгерлік даярлықтан бөлек, қайсар рухпен қосастратегиялық және тактикалық амал-айла, техникалық артықшылық та әбден керек. Сондықтан да айтып келмейтін табиғат апатына дүлей тойтарыс беру үшін білекпен бірге, кәсіби шеберлік, һәм жүректің де керегі ақиқат. Бүгінде подполковник Мақсұтов Дулат Мұхаметқалиұлы басқаратын 28237 әскери бөлімініңбауыржаншылар атанып кеткен хас жауынгерлері білектілігімен қатар жүректілігімен де халықтыңсеніміне кіріп, айтып келмейтін апаттың алдын алуда қорғанына айналды. Бұл өз кезегінде Отанын анасындай сүйген әрбір жауынгердің әскери антына адалдығы, атқарған қызметінің нәтижесі. Демек, батыр Бауыржанның өнегеге толы ерлік істерін қашан да үлгі тұтып келген ұландық құтқарушылар үшін мінсіз қызмет – абырой! Қашан да солай болып қалмақ!

Лейтеант Айдос Байшағыров, 28237 әскери бөлімі

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар