Екібастұзда «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы төрт есе арзан бағада пәтер алуға болады

/uploads/thumbnail/20181129130044731_small.png

Павлодар облысы Екібастұз қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында нарықтағы бағадан төрт есе арзан бағада пәтер алуға мүмкіндік бар.

Павлодар облысының Екібастұз қаласында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы сатылымға қойылған тоғызыншы шағын аудандағы жаңа тұрғын үйдің бағасы әдеттегі тұрғын үй бағасынан шамамен төрт есеге арзан, ал №21 шағын ауданда «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында бес қабатты 4 үйдің құрылысы жүріп жатыр.

«Екібастұз қаласындағы Энергетиков көшесіндегі тоғызыншы шағын аудандағы №66, 68, 70 жаңа бес қабатты үйлердегі пәтерлердің құны бір шаршы метріне 135 мыңнан 100 теңгеге дейін төмендеген. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, нарықта тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы, бүгінде, 200 мың теңгені құрайды. Аталмыш пәтерлер «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жүзеге асырылады», - деп мәлімдеді Павлодар облысы Екібастұз қаласы әкімдігінің баспасөз-қызметіндегілер.

Екібастұз қаласының жүзден аса тұрғындары бүгінгі таңда пәтер сатып алу үшін өтінім берген. Бұл жайында қаржы-несие мекемесінің Павлодар облыстық филиалының №1 сервистік орталығының басшысы Арман Нұрғаламов мәлімдеді. Айта кетейік, пәтер алу үшін өтінім беру жетінші қазанға дейін жалғасады.

Арман Нұрғаламов өз сөзінде бұл пәтерлердің «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында салынғанын атап өтті. Ал бұл пәтерлердің құрылысын екібастұздық компания ЖШС «Гидропром» компаниясының қызметкерлері жүргізген.

«Гидропром» ДШС компаниясының қызметкерлері өздерінің жұмысына екі жылдық кепілдік береді. Олар ағымдағы жылдың шілде айында пайдалануға берілгендігін де әкімдік атап өтті. Пәтерлер толығымен жөнделген, тап-таза қалпында тұрғындарға табысталады. Тұрғын үйге қол жеткізу үшін пәтердің жалпы сомасының 20 пайызын бастапқы жарна ретінде өтеуі қажет, ары қарай баспана несиесі ретінде беріледі.

Белгілі болғандай, бұл үйлердегі пәтерлер бір бөлмелі, екі бөлмелі және үш бөлмелі болып салынған, жалпы саны – 180 пәтер.

«Бір бөлмелі пәтерлердің ауданы 44 шаршы метрді құрайды, ал екі бөлмелі пәтерлер 54 шаршы метрден тұрса, үш бөлмелі пәтерлердің жалпы ауданы 75 шаршы метрден тұрады.  Бір бөлмелі пәтердің құны 4,4 миллион болса, оның алғашқы жарнасы 900 мың теңгені құрайды, ал екі бөлмелі пәтер 5,4 миллион теңге, алғашқы жарна ретінде 1,1 миллион теңгені төлеуді қажет етеді, үш бөлмелі пәтердің құны 7,5 миллион болса, оның алғашқы жарнасы 1,5 миллион теңгені құрайды», - деп атап өтті Арман Нұрғаламов.

Сонымен қатар, Арман Нұрғаламов пәтер алу үшін де өзіндік шарттар бар екенін атап өтті. Ең алдымен, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» депозиттік шот аштырып, алғашқы жарнаны сол жерде жинау қажет.

«Пәтер несиесі 70 жасқа дейінгі тұрғындарға беріледі. Жылдық өсімі бес пайыздан көп емес. Несиенің максималды уақыты он тоғыз жылға дейін созылады. Сонымен бірге, несиені 15 жылға алып, оны он жылда жауып тастауға да болады», - деп мәлімдеді қаржы-несие мекемесінің Павлодар облыстық филиалының №1 сервистік орталығының басшысы.

Оның айтуынша, несиені уақытынан бұрын төлеу үшін ешқандай да айыппұлдар мен санкция салынбайды. Тек, алғашқы жарты жылда несиені белгілі график бойынша төлеп тұру қажет. Пәтерлерді үлестіру конкурс арқылы жүзеге асырылатын болады, пәтер алуға өтінім қабылдау әлі жүріп жатыр.

«Пәтер алуға өтінім берген тұрғынның бұрын соңды несие алған ба, оны уақытылы төлеген бе, пәтер несиесін төлеуге шамасы жете ме және соңғы алты ай көлемінде зейнетақы шотына төлем жасалған ба – осының барлығы да тексеріледі. Сонымен қатар, қандай да бір туысын немесе үшінші жақтағы адамды кепіл ретінде көрсетуге болады. Егер де барлығы сәтті өтсе, ағымдағы жылдың қараша айында тұрғындар жаңа пәтерге қол жеткізіп, қоныс тойын тойлай алады деп ойлаймын», - деп атап өтті сарапшы.

Павлодар облысы Екібастұз қаласы әкімдігінің хабарлауынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында бес қабатты төрт тұрғын үйдің қаланың №21 ауданында құрылысы жүріп жатыр. Ол тұрғын үйлерді ағымдағы жылдың аяғына қарай пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл аудандағы пәтерлер де «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы несиеге берілетін болады.

Қатысты Мақалалар