Отыз жылдан астам уақыт шет елде өмір сүрген жанның өз ұлтынан алыстай бастайтыны анық. Бірақ, ұлты үнді Джагмохан Чандрани өзге жұртқа сіңіп қана қоймай, туған елінің мәдениеті мен тұрмыс салтын сақтап отыр екен. Чандрани Жапонияда 1972 жылдан бері тұрады. Ол кезде Үндістандағы шай импорты жақсы жолға қойылған болатын. Үнді шайының тасымалдаушысы ретінде Күншығыс еліне бір рет келген Чандрани, осында мәңгілік тұрақтап қалуды ұйғарыпты. «Адамдары кішіпейіл, еңбекқор, қылмыс деген атымен жоқ бұл ел маған өте ұнағандықтан келіншегіммен бірге осында тұрғым келді» деген Чандрани өзінің ата дінін де, тілін де берік сақтаған.
Ниши Кансай қаласында шай саудасымен айналысатын фирма ашқан индиялықтың аты бүкіл Күншығыс еліне жайылған. Өйткені, Жапонияда түрлі салада оқу оқып, жұмыс істеп жүргендер Чандранидің маңына топтасады. Ол өзінің жұмыс орнынан жиырма пәтер жабдықтап, қандастарын орналастырған. Бірақ бұл өте аз болғандықтан, Чандрани Жапонияның тұрғын үй агенттігіне үнділерге арнайы үй салуға өтініш жасайды. Оның бұл ұсынысы қазір қаралып жатқан көрінеді. «Күншығыс елінде тұрғын үй табу өте қиын. Және бір қиналатынымыз тағам мәселесі. Үнділердің дені вегетариандар болғандықтан, балық, ет, сорпа дегендерді татып алмайды. Сондықтан жапон мейрамханасында қандастарыма арналған тағам болмағандықтан, асхана ашуға мәжбүр болдым» дейді ұлтжанды Чандрани.
Чандранидің асханасы қазір үлкен мейрамханаға айналған. Атын өзінің туған жері Калькуттаның құрметіне «Калькутта мейрамханасы» деп атаған. Жапониядағы үнді мейрамханасындағы бағаның төмендігі және тағамның сапасының құндылығы үнділердің ғана емес жергілікті ұлттың да көңілінен шыққан. Содан болуы керек, мейрамханаға келушілердің тең жартысы жапондар. Чандрани үндінің ұлттық мейрам-тойларын да жиі-жиі өткізіп тұрады және келушілерден көк тиын да алмайды екен. Бір қызығы үнді ұлттық тағамдарының ішінде нанның «Нан» деп аталатын түрі бар екен.
«Жапон бүлдіршіндерінің маған «Нан, кудасай!» ( нан беріңізші) дегені қандай сүйкімді. Сол кезде мен өзімді немерелеріне тәттілер үлестірген ата сезініп кетемін», — дейді Чандрани. Қос халықтың арасын кең жүректілігімен жалғап отырған үндіс азаматы жапон тілін жетік меңгерген. «Барша адамды ұлтына, түріне, тіліне қарамастан біріктіріп тұрған бір ұқсастық бар. Әсіресе осынау қиын заманда Шығыс халықтарының арасын байланыстыруға азғантай үлес қоссам, сол менің бақытым», — дейді, үндіс азаматы. Чандранидің арқасында оның компаниясы орналасқан Ниси Кансай қалашығының «Шағын Үндістан» деген екінші аты бар. Үнді мен жапонның басын қосып отырған Чандранидің ісіне қалай сүйсінбессің.
Қазақ болса өз жерінде отырып, шетелдік компаниялардың ырқына көніп, өзге мемлекетке бара қалса, соның тілінде сөйлеп, тағамын тұтынып, тұрмысына еліктеп кететіні неліктен? Шет елде отыз жыл тұрмақ отыз күнге барсақ, сол елдің салтына бой ұрып кететініміз әлсіздік пе, әлде қазақи рухты биік ұстай алмауымыздан ба? Үнді ұлтының өкілі жапон балаларын «нан» деген нанымен сүйсіндіруде. Ал қазақ бүлдіршіндері үшін хот-дог пен бутерброд «ұлттық нанға» айналып барады. Ұлттық мүдде үшін нақты әрі қарапайым мысал осы ғой деймін.
Шарафат Жылқыбаева