Алматы облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті, біріктірілген басқармасы мен бөлімдерінде шақыру учаскелеріне тіркеу жұмыстары қызу жүргізілуде.
Жергілікті әскери басқару органдары «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңын басшылыққа ала отырып, 2002 жылы туылған жасөспірімдерді әскери есепке алуда.
2019 жылғы қаңтар мен наурыз айының соңына дейінгі аралықта облыс бойынша 10126 азаматты шақыру учаскелеріне тіркеу жоспарланған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 5,5%-ға артық. Бүгінгі күні 9 992 адам әскери тіркеуге алынып, оларға салтанатты жағдайда тіркеу куәліктері табысталды. Тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін бұл тізім тағы 134 жасөспіріммен толығады.
Шақыру қағазын алған азаматтар тиісті жергілікті әскери басқару органдарында жалпы білімін, денсаулығын, әскери қызметке жарамдылық деңгейін анықтау мақсатында медициналық тексеруден өтеді. Бұл өз кезегінде әскерге шақырылу жасына дейінгі жастарды әскер қатарына дайындауға, олардың санын анықтауға мүмкіндік береді. Денсаулықтарында кінәрат табылғандар жолдама арқылы тиісті емдеу мекемелерінде ем қабылдап, шақырылу жасына дейін сауығып келу мүмкіндігіне ие.
Алматы облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Руслан Абихановтың айтуынша әскер қатарына алынып, Отан қорғауға өз үлесімді қоссам деген жастардың көп болуы көңіл қуантады.
– Денінің сау болуынан бөлек олардың моральдық-психологиялық жай-күйлерін, құқықтық сауатты болуларын басты назарда ұстаймыз. Тізімге тіркеп, әскерге аттандырудан бөлек жасөспірімдермен әскери-патриоттық бағыттағы тәрбие жұмыстары жиі жүргізіліп отырады, - деді ол.
* Бүгін мен үшін маңызды құжат – тіркеу куәлігін қолыма алдым. Денсаулығымда кінәрат жоқ, әскер қатарына аттануға дайынмын. Армия – жігіттік мектебі, қиындықтан тайсалмай Отанымды, халқымды қорғауға әрқашан әзірмін, - деді Талдықорған қаласының Политехникалық колледжінің 1-курс студенті Ерсұлтан Шайкенов.
Сондай-ақ, пункттерге тіркеу барысында әскери оқу орындарында түсуге ниет білдіргендерге үгіт-насихат жұмыстары да қосымша жүргізілуде. Әскери оқу бойынша түсіндіру жұмыстары маусым айына дейін жалғасады. Бүгінгі күні Алматы облысының 500-ден астам азаматы ҚР Қарулы Күштерінің әскери оқу орындарында білім алуда.
Пікір қалдыру