«Астана Опера» театрының балет труппасы Ресейдегі ең беделді театрлық-концерттік алаңдардың бірі - Мемлекеттік Кремль Сарайында (Мәскеу) өнер көрсетеді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
«Вацлав Нижинский. Орыс балетінің кемеңгері» атты балет жұлдыздарының ғаламат гала-концерті 18 сәуірде өтеді.
Оның аясында балет труппасының көркемдік жетекшісі, РФ Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың жетекшілігімен «Астана Опера» театры хореографиялық өнердің жауһар туындысы - Н.Римский-Корсаковтың музыкасына М.Фокиннің «Шехеразада» балетін ұсынады.
«Біз үшін барлық гастроль маңызды, жақында балет труппасы бір ай көлемінде Еуропа қалаларында орасан зор жетістікпен өнер көрсетті. Барлық жерде аншлаг болды. Бүгінде Мәскеудегі ең беделді концерттік зал сахнасында «Шехеразада» бір бөлімді балетін орындау туралы Андрис Лиепадан шақырту келіп түсті. Бұл біз үшін жауапты әрі айтулы өнер көрсету болмақ, себебі, гала-бағдарламаның тұтастай бір бөлімі «Астана Опера» театрына берілген. Кремль Сарайы сахнасын көздің жауын алар декорациялар сәндейтін болады. Біз оларды Қазақстаннан алып барамыз. Әртістеріміз спектакльді керемет деңгейде көрсетеді деген үміттеміз. Бізге деген ықыласы мен сенімі үшін Андрис Марисовичке алғыс білдіремін. Наурыз айында қазақстандық көрермендер осынау балетті «Астана Опера» сахнасынан тамашалай алады", - деп атап өтті Алтынай Асылмұратова.
Дәстүр бойынша Ресейдің Халық әртісі Андрис Лиепаның «Қолтаңбалар және бедел» жобасы жыл сайын өтеді.
Гала-концерт бағдарламасына «Қасиетті көктем», «Петрушка», «Ұйқыдағы ару», «Жизель», «Талисман» және т.б. балеттердің үзінділері енген.
Дегенмен де, кештің басты оқиғасы Лев Баксттың қайта жаңғыртқан декорациялары мен костюмдері бар «Шехеразада» шығыс ертегісінің көрсетілімі болары анық.
Ұсынған: Мақпал Сембай
Пікір қалдыру