Электрондық денсаулық паспорты: Ақпарат әр пациентке қолжетімді болады

/uploads/thumbnail/20190315122904784_small.jpg

Қазақстан  Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  халықтың денсаулығын арттыруға қатысты тиісті министрліктерге арнайы тапсырма бергені мәлім. Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да «әр адамның электрондық паспорты болуы тиіс» деп атап көрсеткені мәлім. Расында да электронды паспорттың тиімділігі өте үлкен. Президенттің де айтып отырғаны бекер емес. 

–«2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық  паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді,–деп атап көрсетті Елбасы өз Жолдауында. Сондықтан да қоғамда өзекті болып отырған мәселелерді шешу үшін 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Осыған орай, қазіргі уақытта осы салада жанды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жалпы электронды денсаулық сақтау жүйесіне көшу жұмыстарын 2020 жылға қарай толыққанды аяқтау көзделіп отыр. Егер жоғарыда айтылған сауалға жауап беретін болсақ, электронды денсаулық паспортында адамның туғанынан бастап, тiптi қандай заттарға немесе дәрілерге аллергиясы бар екенiне дейiн толық, бүге-шігесіне дейін жазылады.

Бұл орайда Қазақстан Республикасы  Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, барлық медициналық құжаттар қағазсыз жүргізіле бастағанын атап айтты.

Министрдің айтуына қарағанда, бүгінгі күнде 10 миллионнан аса  халықтың электрондық денсаулық паспорттары бар. 2020 жылға қарай халықтың 100 пайызы электрондық денсаулық паспортымен қамтамасыз етілейін деп отыр. Сондықтан да 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының алдағы уақытта берері көп. Жалпы әр адамда электронды денсаулық сақтау паспортының болуына қатысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та  пікір білдірген. Ол Астанада республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығында өткен электронды денсаулық паспорты жобасының таныстырылымында «қағазсыз медицинаның» маңыздылығын атап өткен, тіпті бірер мысал да келтіргені белгілі.
–Біз үшін маңызды жайт - ауруларды есепке алу. Мәселен, ана өліміне тоқталайық. Жүкті әйел Астанада босанып, үйіне қайтады. Екі аптадан соң қызуы көтеріліп, сепсиспен ауруханаға түседі. Оған диагноз қойғанда, жүктілігі есепке алынбайды. Мұндай жағдай тәжірибеде бірнеше рет кездесті. Шын мәнінде статистиканың басқаша екенін көрдік. Ал қазір электронды паспорт арқылы ауру тарихын толығымен көруге болады. Енді пациенттің диагнозын жоғалтып алу, қандай да бір жайттарды жасырып қалудан арыламыз. Бұл медициналық көмек сапасына елеулі әсер етеді, - Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Жалпы электронды денсаулық сақтау төлқұжатын енгізудегі мақсат не? Ауруханаға келген сырқат жан туралы шұғыл ақпарат қажет болса, оны медбике, дәрігер немесе  оны мекеменің денсаулық сақтау менеджері ала алады. Сондықтан «Денсаулық» бағдарламасының аясында атқарылып жатқан бұл жобаның маңызы зор және электронды денсаулық паспорты арқылы адамдардың дәрігерге, аурухана, емхана мамандарына сенімі артады. Өйткені...

  1. Біріншіден, емханаға келген жанның ақпараттық деректері де бірыңғай базада сақталады.
  2. Екіншіден, ол нақты қорғалады.
  3. Үшіншіден, қай айда пациент жоспарлы тексеруден өтеді, оның барлығын да өзі біліп отырады.
  4. Төртіншіден, пациенттің сырқатнама мәліметтері және оның зерттеу қорытындылары танысуға мүмкіндігі бар.
  5. Бесіншіден, электронды паспорт арқылы ауру жанның барлық дерегі дәрігердің көз алдында тұрады.
  6. Алтыншыдан, пациент медициналық ұйымның медбикелері мен дәрігерлерінің өрсеткен қызметіне де баға бере алады.
  7. Жетіншіден, дәрігер мен пациенттің  жеке кабинеті болады. Оған үшінші адам кіре алмайды.
  8. Сегізіншіден, дәрігер жеке кабинеті арқылы сырқат жанмен кері байланыс орната алады.
  9. Тоғызыншыдан, бұл жұмыстар  нәтижелі жүзеге асырылуы үшін  Қазақстандағы  медициналық мекемелер толығымен  компъютермен  жабдықталуы тиіс және  интернет жүйесіне қосылуы керек.

Әрине, 2016-2019  жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы тиянақты жүзеге асыру ісі қазіргі таңда жер-жерде жүйелі түрде жүргізілуде. Өйткені Қазақстан Президенті Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында атап көрсеткендей, «электронды денсаулық паспорттарын жасау – бюрократияны жоюға көмектеседі, сонымен қатар,  қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді».

Әлемдік өркениет барған сайын дамып келеді, заманауи жетістіктер мен озық технологиялар нарыққа еніп жатыр. Бұл орайда Қазақстан да көштен қалмауы тиіс. Ол бір. Екіншіден, ең басты мәселе, қазақстандықтар салауатты өмір салтын қалыптастырып, заманауи жетістіктерді бойына сіңіруі керек. Денсаулық –зор байлық. Бүгінгі таңда медицинадағы болып жатқан цифрлы, электронды өзгерістер – бұл заман талабы. Сондай-ақ бұл қызмет сапасын арттыратын және уақытты үнемдейтін тиімді реформа екенін айта кеткен жөн. Ендеше, электронды денсаулық паспорты әрбір қазақстандықтың дәрігерлерге деген сенімін күшейтіп, уақытын тиімді әрі үнемді пайдалануға жол ашатынын айта кеткен жөн.

Батыр Жасұлан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар