Кинки префектурасының аңызы
Таджима еліндегі Джоугахана тауында Игаки деген сарай бар. Қай патшадан қалған сарай екені белгісіз, әйтеуір сонда Джинджюроу деген самурай тұрған екен. Өз заманында императорға адал қызмет еткен даңқты самурай болыпты. Император да Джинджюроуға сенім артып, оған үнемі ірі істерді тапсырады екен. Джинджюроуды көре алмаған өзге самурайлар «Біз тұрғанда бұны неге сонша әспеттейді. Бүкіл даңқ та, сый-құрмет те Джинджюроудікі» деп үнемі қызғанып жүріпті. Содан олар бірінен соң бірі императорға кіріп Джинджюроуды жамандай беріпті. Алғашында олардың сөзін тыңдамаған император бірте-бірте Джинджюроудың адалдығына күмән келтіре бастайды. Бір күні бір самурай императорға барып:
— Джинджюроу қазынаға қол салды, — дейді.
Император Джинджюроуды дарға асуды бұйырады.
Джинджюроу «Жақсы, бірақ басымды өзенге таста», — дейді. Сөйтіп, жазаланған Джинджюроудың басы Такиноя өзеніне тасталады. Бірақ бір қызығы бас суға батып кетпей, ағысқа қарсы жүзгенін көрген жұрттың таңқалысында шек болмапты. Біреу тас лақтырған екен. Джинджюроудың басы көзі бақырайып, зор екпінмен өрге қарай жүзіп барады дейді. Бұл өзен бірнеше ауылдан ағып өтеді. Басы таудан басталады екен. Самурайдың басы таудағы бұлаққа дейін жетіп, жеті күн бойы өзінен өзі айналып тұрып алыпты дейді. Содан сол жер Нанакамэгури (Жеті айналым) деп аталатын болыпты. Сегізінші күні самурайдың басы Ооя дариясына дейін ағып барып, суды өрлей, дәу тастың үстіне шығып, сарайға тесіле қарап қалған екен. Асау толқындар ұрса да бас міз бақпай тұрып алыпты. Император сарайына тесілген тұңғиық қара көздер көрген жұрттың жүрегін қан жылатыпты. Ауыл халқы еңіреп жүріп Самурайдың басын Кавара деген жерге көмген екен. Джинджюроудың кінәсіздігіне көзі жеткен Император ах ұрып, самурайдың құрметіне Горин мұнарасын салдырыпты дейді.
Жапон тілінен аударған
Шарафат Жылқыбаева
Пікір қалдыру