"Белгілі тележурналист, білікті маман Бибігүл Жексенбай «Астана» телеарнасының бас директоры болып тағайындалды. Бүгін телеарнаға арнайы барып, ұжымға жаңа басшыны таныстырдым". Бұл туралы "Nur Otan" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Маулен Әшімбаев өзінің фейсбук парақшасында хабарлады.
–Бибігүл Жексенбай отандық ақпарат айдынында аты қалыптасқан кәсіби журналист. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Сондай-ақ бизнес-басқару магистрі. Еңбек жолын қатардағы корреспонденттен бастап еліміздегі ірі бұқаралық ақпарат құралдарының топ-менеджеріне дейін көтерілді. Атап айтқанда, «Хабар» агенттігінде, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында және «Жетінші арнада» жауапты қызметтер атқарып, өзіне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындай білді.
Бибігүл Нұрғалиқызы көптеген тележобалар мен деректі фильмдердің авторы және «Бас редакторлар клубының» президенті ретінде де өзінің жоғары ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті. Қандай қызметте болса да тек талантты журналист, мықты медиа-менеджер, кәсіби маман және білікті басшы ретінде ғана танылды.
Сондықтан Бибігүл Жексенбай жаңа қызметте де белсенділік танытып, «Астана» телеарнасының одан әрі дамуына тың серпін береді деп сенеміз. Сол жолда Бибігүл Нұрғалиқызына және барша телеарна ұжымына шығармашылық табыс пен сарқылмас шабыт тілеймін!,–деді Мәулен Әшімбаев.
Пікір қалдыру