АТЫҢ КІМ АЙНАЛАЙЫН?

/uploads/thumbnail/20170708181030314_small.jpg

Ұлттан ұлтты ажырататын, яғни ұлтыңның қазақ екенін білдіретін негізгі белгілер, атың, тілің, дінің және ұлттық cалт-дәстүрің деп есептейтін болсақ, күні бүгінге осы төртеуінің де жағдайы мәз емес десем, менімен ешкім дауласа қоймас.

          Сенбесеңіз тыңдап көріңіз. Екі адамның әңгімесінен:

          -Атың кім, айналайын?

          -Патрис.

          -Италияның қай жеріненсіз? Өзіңіз қазақ тілін жақсы біледі екенсіз.

          -Мен қазақпын.

          -Не, не ?..

          -Кешіріңіз, әке-шешем солай қойғасын не істемекпін?

                                    ***

           -Есіміңіз кім болады?

            (Күмілжи) –Итбай.

            -Итеке!

            -(Ашумен), -Не, не?..

            -Кешіріңіз. Атыңызды Итбай қойған мен емес шығармын.

                                         ***

            -Атың кім, айналайын?

            -Трамвай.

            -Қалай, қалай? Өй, оңбаған. Шын атыңды айт.

            -Шын атым сол.

            -Өй, әкеңнің...

                                         ***

Жалпы әр жерде құлаққа түрпідей тиетін, жағымсыз, атынан оның қазақтың ұлы не қызы екенін ажыратуға болмайтын адам аттарын әркім де әр жерден кездестіріп жүрген болар. Қазір, ертеректе ақын-жазушыларымыз сынға алып, өз шығармаларына жағымсыз кейіпкер ретінде пайдаланып жүрген Итбай, Күшікбай, Тышқанбай, Жүнбас, Кірбас, Майбас сияқты аттар, қазіргі қойылып жүрген аттарға қарағанда, сол Итбайлар дұрыс екен деп қаласың. Себебі бұндай аттар жағымсыз болса да әйтеуір қазақы ат, қазақы сөз ғой. «Ұлтыңды сүйсең ұрпағыңды ойла» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған. Меніңше ұлт қамын ойлау, дүниеге өз тегіңді жалғастырар ұрпақ әкеліп, сол сәбиге ат қоюдан басталу керек. Ұлттың сөз түбірі «ұл» болатыны осы.

Шындығында қазақта мұндай аттарды да бекерден-бекер қоймаған. Мұндай аттарды балалары жастай шетінеп, тұрмайтындар ғана қояды, тіл-көзден аман болсын деп. Десе дегендей сондай атты иемденген аталарымыздан тараған ұрпақтар күні бүгінде ұлан байтақ қазақ даласының барлық жерінде де кездеседі.

Ұлтыңның қазақ екені атыңнан айқын білініп тұруға тиіс.  Мен білетін өркениетті елдердің бәрінде солай. Жер жүзінің барлық елдерінде, адам аттарында өздерінің ұлттық ерекшеліктері болады. Адамның аты-жөні иесінің кім екендігінен дерек беріп қана қоймай, оның қай ұлттың өкілі екендігін де айғақтап тұрады. Мысалы, адамның тегіне «ов» (Иванов, Петров, Сидоров) жалғаулары қосылса оның ұлтының орыс екенін, «ко» (Соломенко, Шевченко, Костенко) украин,  «ич» (Робинович, Исакьевич) еврей, «оглы» (Бюл-Бюл оглы, Мамед оглы) әзірбайжан, Акопян - Армян,  Махарашвили - Грузин, Лацис – Латыш, Кодру - Молдаван, Томме - Эстон, Вайкуле – Литва ұлтының өкілдері екенін бірден білеміз. Бұл қағиданы бүкіл дүние жүзі елдерінің бәрі де қолданады.

Мұндайда есім иесінің түрін көрмей, тілін тексермей-ақ қай ұлттан тараған адам екенін айырып, айта беруге әбден болады. Батыр атамыз Бауыржанның қылышынан қаны тамып тұрған Кеңес одағы кезінде «Мен Момышұлымын» деп қасқайып қарсы тұруы нені көрсетеді?! Оның астарында аса маңызды елдік мүдде, көзіңнің қарашығындай қорғалуға тиісті қазақ ұлтының ары мен намысы жатыр. Бауыржан атамыз қастерлі ата-бабасының есіміне орыстың «ов»-ын қосақтау құлдықтың айқын белгісі екенін жақсы білді. Шындығында да қазіргі қазақ есімдеріндегі «ов», «ев», «ова», «ева», «ич», «овна» мен «евна» және ата-тегің «Ж»-дан басталғандағы еш қандай негізсіз қосылатын «Дж» (ДЖабаев) отаршылдық жүйе күйдіріп басқан таңба болып табылады. Былайша айтқанда, біздің аты-жөнімізге қосақталған осы «таңбалар» сырт көзге бұл адам орыстың боданы болған деген  мәлімет беруі мен қатар  орыс ұлтын жарнамалайды.

Егер біз тарихқа жүгінсек сонау ежелгі замандардағы құл иеленушілік дәуірінде құлға сол құл болып жүрген рудың (тайпаның) таңбасын  күйдіріп басатын болған. Содан ол адам қайда қашып барса да, кез-келген кісі ұстап алып иесіне табыстап отырған. Бодандықтың «қарғы бауын»  біздердің көбіміз күнделікті өмірде сезінбегенімізбен, сәл де болса тарихқа көз жүгіртіп өз еліңді өзге елдер мен салыстырғаныңда бұған көзің анық жетеді. Әсіресе өзге елдерге шыға қалған жағдайыңда сол елдің адамдары біздердің қай елдің боданы екенімізді сұрамай-ақ төл құжаттан айыра алады. Демек, тәуелсіздік үшін күрес, бұл мәңгі күрес, ол мен қазақпын дейтін барлық азаматтардың қанында қайнап жатуға тиіс. Шындығында да ұлты мен ұрпағының қамын ойлайтын, ұлттық ар-намысының температурасы жоғары азаматтар аты-жөнін ұлттық салт-дәстүрге сай әлдеқашан өзгертіп алғанында көріп жүрміз. Бұл жерде ең өкініштісі қазақ өкіметі билігінің тетігін ұстағандардың арасында бұндай жандардың өте сирек кездесетіндігі, кейбір өңірлерде тіпті кездеспейтіндігі.

Олардың «Ж»-дан басталатын бүкіл қазақтың фамилиясын «Дж» деп өзгертулерінің ешқандай негізі жоқ. Олар бұны қазақтың «Ж» әрібіне тілдері келмегендіктен жазып жүрген жоқ.  «Ж» әрібі (дыбысы) орыстың өзінде де бар. Сондықтан, олар Журавлді Джуравл, Журавлевті Джуравлев деп айтпайды да, жазбайды да. Егер кімде кім, бұны қазақтың сөз жасау қағидасындағы дыбыстардың ілгерінді, кейінгі ықпалына байланысты дейтін болса, бұлда ешқандай «жараға» жуымайды. Олай болса, олар Жұрынбайұлын Джурынбаев деп жазбас еді.

Осындай отаршыл елдің зорлық-қыспағы атам заманнан ібір-сібірді мекендеп жатқан байырғы бізбен түбі бір, түркі тектес халықтарды (сақа, алтай, тува, чуваш, башқұрт т.б.) дәстүрлі ата-баба есімінен бас тартқызып: Киргиэлей – Григорий, Суодэр – Федор, Буотур – Петр, Арамаан – Роман, Микиитэ – Никита, Хабырылла – Гаврийл, Баһылабыс – Васильевич деп өзгерттірді.

Сөйтіп, аты өзгеруінің арқасында, бүтін бір халықтардың заты да өзгеріп шыға келді. Бұл бейбақтарды орысша есім қабылдауына байланысты шіркеуге алып барып шоқындырды. Осыдан шығатын қорытынды: халықтың байырғы атының өзгеруі – ата-тегіңнен ажырап, құлдық бұғауды мәңгі мойынына өз еркімен ілуі. Ары қарай «Арбаның алдыңғы доңғалағы қайда жүрсе, артқы доңғалағы соңынан ереді» (Мақал).

Осыған сәйкес, орысша тіл үйлесім заңдарына құрмет көрсетеміз деп жүріп, өзіміздің сыйлау мағынасында айтылатын Ақаң, Жақаң, Әлекеңдерімізден де айрылып қалдық. Ал, шындығында бұл жалғаулар «аға» мен «әке» деген ұлы сыйластықты білдіретін ұғымдар болатын. Қазір біз олардың орнына Пәленбаевич, Түгенбаевна дейтін бізге түп-тамырымен жат, жалған жалғауларды тауып жапсырып жүрміз. Бұл да кісі аттарына енген қаріптік өзгеріс ғана емес, қазақы сананы орыстандыруға қарай тартылған тікелей желі.

Қитұрқы саясатқа көзсіз еліктеудің салдарынан, ата-жөніміз түпкі мәнінен ажырап, мағынасыз мазаққа айналып барады. Сорақысы, орыс әліпбиінің ыңғайына беріліп, әуеніне төңкеріліп жазылған қазақ есімдердің әуелгі сұлбасын таба алмауға айналдық. Төлқұжаттарында тасқа басып жазылған мағынасыз фамилиялы қазақтар жетіп артылады. Мысалы, Чокин, Кургунбаев, Бурбаев т.с.с. Осы есімдердің алғашқы азан шақырып қойған нақты атауы кім екенін тап басып айта алмайсыз. Чокин дегеніміз – қазақша Шөке ме, Шүке ме, Шоғы ма, Шоқы ма, жоқ тіпті Шоқа шығар. Бурбаев дегеніңіз – Борбайдың немересі ме, Бірбайдың ұрпағы ма, әлде Бөрібайдан тараған нәсіл ме?  Айыру қиын. Әрі-беріден кейін осы аттарды өмір бойы арқалап жүрген иесінің өзі де білмейді. Шариғат заңына қарасақ: қиямет қайымда әр адам өзінің және әкесінің азан шақырып қойған атымен шақырылады, делінеді. Ата салтымыз бойынша адам баласы пәниден бақиға аттанар кезде де осы азан шақырылып қойылған есімі аталуға тиіс. Кейін қойылған лақап ат бұл жерде айтылмайды және мазар басына жазылмайды.

Тағы бір келеңсіздік – кез келген қазақтың паспортына үңіліп қарасаңыз аты-жөні және фамилиясы қате. Есімдері қазақ тілінде жоқ әріптермен жазылған. Әсел-Асель, Жабай – Джабай, Ерік – Эрик, Мөлдір – Молдр, Молдир, Мулдир, Мольдр, Мулдр, Малдир т.б. болып төлқұжаттардың бетінде мың бұралып билеп жүр. Бейнелеп айтар болсақ, осы есімдермен бірге атам қазақтың «Тіл-тұғырың, Дін-діңгегің» делінетін тұжырымындағы, Тіліміз бен Дінімізде. Еске ұстайық. Бұл екеуін «билеткен» елдің  келешегі болмайды.

Тарих тағлымы: Тілі мен дінін  «билеткен» елдің де, оның билігінің де келешегі болмайды.     

  

Өзге елдер бөтен ұлттың атын балаларына немесе не болса соны ат етіп қоймайды. Бізде ше? Бәрі де керісінше. Балаларымызға ат етіп адам айтпақ түгілі естігенде ұялатын, құлаққа түрпідей тиетін, қазақи емес, не бір сөздерді тауып ат етіп қоямыз. Тыңдап көріңіз. Мен танитын, өзім жұмыс жасаған жерлерде төмендегідей аттары бар адамдар болды: Механик, Машинист, Тракторист, Шопыр, Трамвай, Моторбай, Сьезд, Комсомол, Депутат, Социал, Октябрь, Архимед т.б. Бүкіл қазақтың сан милиондаған сөзінен балаларымызға қоятын ат таба алмай, орыстың бүкіл техникасының аттарын қоя салыппыз.

Сонымен қатар соңғы кездері алыс шетел аттарына еліктеу де көбейіп кетті. Тыңдап көріңіз – Патрис, Палмир, Ричард, Эленора, Эстида, Индира, Анжела, Луйза, Саммит, Кризис т.т. болып жалғасып кете береді.

Мұндай ат қоюдың балаларымыз үшін ыңғайсыз жағы өте көп. Айту түгілі, естігенде құлаққа түрпідей тиеді және алғаш естігенде оны шын аты деп ешкім есептемейді, жұрттың бәрі оны жағымсыз, жалған аты деп ойлайды. Олардың өздері де осы аттарынан өмір бойы қатты қысылады, егер танысып аттарын сұрай қалсаң, мен бәленшемін деп жарқылдап тұрмайды, айтуға ұялып күмілжи жауап береді. Осындай ат қойған ата-аналарына ренжіп, ақталып жатады. Оның ақыр соңы, баланың осындай аттардан, фамилиялардан құтылуға, ауыстыруға әкеліп соғатынын көріп жүрміз.

Мені осындай ойға қалдырып, қолыма қалам алуыма себеп болған жағдай, ертеректе осы Ақтау қаласында тұратын менің бір ескі танысым, қызының фамилиясын ауыстырғысы келетінін айтып, қалай ауыстыруға болатынын сұрады. Ол кісі менің заң қызметкері болып ұзақ жылдар бойы қызмет жасағанымды жақсы білетін. Себебін сұрағанымда, өз қызының фамилиясы Былшықкөзова және онымен бірге бір сыныпта оқитын екі қыздың фамилиялары Қыликөзова және Қисықкөзова екенін, үшеуін сыныптас балалардың үнемі әжуа ететіндерін айтып, үшеуі де фамилияларын ауыстырғылары келетінін айтты. Кейіннен осы қыздардың үшеуі де  жылға жуық уақытқа созылған, ұзақ сенделіс пен сергелдеңнен кейін фамилияларын ауыстырғандарын естідім.

Азаматтардың фамилиясын немесе атын ауыстыруға мәжбүр ететін тағы бір жағдай, ер балаға қыздың атын қою жағдайы да жиі кездеседі. Ертеректе менің бір танысым ер балалы болғанда, құрбы-құрдастарының айтқанын тыңдамай баласының атын «Махаббат» деп қойып, есейгенде «Махамбет» деп ауыстыруға мәжбүр болды. Себебі, айтпаса да түсінікті емес пе?

Жалпы азаматтардың есінде ұстауға тиіс жағдай, ата-аналарыңның азан шақырып қойған атын  ауыстыруың ата-баба, қазақ  дәстүрінде және шариғатта да үлкен күнә саналады.

Өзге ұлттың сөзін балаларымызға ат етіп қоюдың тағы бір келеңсіз жағдайы, мысалы, дүние жүзінде жер көлемі бойынша тоғызыншы орынды иемденетін, қарға тамырлы қазақта, жалпы ұшан қиыр шалқып жатқан алып Шығыста қалыптасқан үлкен бір тамаша дәстүр бар: елінің атын шығарып, халқын құрметке бөлеген, жұртын тәнті қылып, өскелең ұрпағына үлгі, өнеге болған даңқты ұл-қыздарын даралап, тек азан шақырып қойған аттарымен ғана аялап атайды. Мысалы, біз Абылай, Бұхар, Абай, Шоқан, Мағжан, Мұстафа, Қаныш, Мұхтар, Нұрғиса деп жатамыз. Ата-тегін іздестірмейміз, ауылын іздеп жатпаймыз, әйтеуір барша қазаққа ортақ бір туар ұлы тұлға болған соң, тек бәрімізге әйгілі әрі даңқты атын ғана әспеттеп атаймыз.

Біз осы тұлғалардың қай-қайсысының  есімдерін жеке дара атасақ та, кімді мегзеп тұрғанымызды бәрі бірден біледі, ешкім қай  Абай? Қай Абылай деп ешқашан қайталап сұрап жатпайды. Ортақ та таныс қазақи есім түсінікті бола қояды.

Сіз енді осы есімдердің арасына шетелдің, қазақи емес, бөтен тілде қойылған аттарды қосып қараңыз. Кім не түсінер екен және қаншама сұрақ туындар еді.

Жоғарыда көрсетілгендей, өзге ұлттың аты қойылған балаңыз есейе келе бүкіл дүние жүзіне әйгілі, айтулы азамат, бүкіл қазақ ұлтының мақтанышы болды деп есептейік. Арадан жылдар, ғасырлар өте, оның қазақтың азаматы екеніне күмәнданушылардың табылары сөзсіз. Ал, ондай азаматтардың аты-жөні мен Қазақпын деп «айқайлап» тұруға тиіс.

Тағы бір айта кететін жағдай, соңғы жылдары орыстың отары болғандығымыздың кесірінен аты-жөнімізге қосылып жазылып жүрген «ов, ова, ин, ина» жалғауларын  алып тастап қазақи тілде Аман Мұханбет, Иса Қожас, Асқар Төлеп т.б. етіп жазуға ұмтылушылық көптеп кездесуде. Әрине, бұл өте құптарлық әрекет. Бұндай әрекетке мен қазақпын деп, ұлтын шексіз сүйген азаматтардың баратыны сөзсіз. Бірақ осы ретте жалпыға бірдей қағида, біркелкілік жоқ, кейбіреулер өз атын бірінші жазса, кейбіреулер әкесінің атын бірінші жазады. Бұл жағдайда бірін-бірі танымайтын кісілерге, қайсысы өз аты, қайсысы әкесінің аты екенін ажырату қиынға түседі.

Бұл ретте сонау Атам заманнан бері келе жатқан ұлы қағидаға сәйкес атасының аты бірінші, екінші болып өз атың жазылуға тиіс. Күні кешеге дейін осылай болған. Қарақыпшақ Қобыланды, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Кете Жүсіп, Ескелді Саназар, Ескелді Сүгір т.т. соның айғағы. Өз атыңды бірінші жазып аталарыңды өзіңнен кейін атауың немесе жазуың «тегін білмеген, тексіз» бен «жеті атасын білмейтін жетесіздің» дәл өзі болмақ.

Жалпы, мен қазақпын деп, ұлтын сүйетін әрбір саналы азамат, өзге ұлттың сөзін балаларына ат етіп қоймауға тиіс. Бала аты, айтуға жеңіл, құлаққа жағымды, жақсы мағыналы, таза қазақи сөзден құрылғаны жақсы. Себебі, жақсы ат баланың жақсы азамат болып өсуіне үлкен ықпал жасайды. Жас азаматтың жақсы ісіне сүйсінген үлкендер «Істеген ісің атыңа сай екен, осыныңнан жаңылма, айналайын!» деп бата беріп жататынын әрқайсымыз да естіп жүрген болармыз. Осының өзінен-ақ аттың тәрбиелік мәні бар екенін ешкім де жоққа шығара алмас.

Балаға ат қоюда мемлекеттік тұрғыдан да қадағалау болуға тиісті. Мысалы, мына көрші Иран елінде балаңызға ат қойып, тіркеу үшін азаматтардың хал-ахуалын тіркеу орнына бара қалсаңыз, сіздің қойған атыңыз парсы (Иран) тіліне, атына сәйкес келмесе, сыпайы түрде, бұндай ат қоюға болмайды деп тіркемей кейін қайтарады екен. Бізде де бұл қағиданы заң мен бекітілсе өте орынды болар еді. Біреулер мүмкін мұны демократия заңына қайшы дер, бірақ қазақ демократиясы  ұлттың ұлтсызданып ыдырауына емес, ұлт болып ұйып, адами қасиеттердің ең биік шыңына шығуларына қызмет жасауға тиіс.

«Кез келген халық өзінің тарихымен, әдеп-ғұрпымен, болмысымен дамып, әлемге атын таныта алады, деп жазады Азат Үсен өзінің «Румындардың ерлігі атты мақаласында». Демек, біз білімімізді, мәдениетімізді, ұлттық салт-дәстүрімізді әлемге таныту мақсатымен ғана өзара қарым-қатынас орната аламыз. Әлемдік тәжрибе де мойындалған бір ақиқат бар.  Ол – ел болудың биік мағыналы ұғым екендігі. Ашығына келсек, ұлттық мұратынан айнымаған ел ғана әлемдік көшке ілесе алады, өз кезегінде өркениет жасай алған ел ғана басқа өркениетті елдермен терезесі теңеле алады. Олай болса, еліміздің тап бүгінгі болмысы мен әлемдік кеңістіктен өз орнын табуға ұмтылысы қандай?

Кеңестік дәуір кезеңінде бұл туралы әңгіме қозғау «жасампаз» интернационалистік идеологияның қас жауына айналғандық болып шығар еді. Тәуелсіз елге айналғалы бері талапта басқа. Бүгінде Ата-баба жолына деген құрмет, сонымен қатар ұлт, ұлттық, ұлтшылдық мәселесі өзіне тиісті жақсы мағынада елдік санаға ұласып отыр.  Ендігі мәселе ұлттық биік сананы қалай қалыптастырамыз, оны жүзеге асырудың тиімді жолдары қандай? Қазір барлық елдер мен аз ұлттардың өзі жаһандану жағдайында өмір сүруге бейімделу үстінде. Оның бастауында тұрғандар мен идеялық қағидасын тасымалдаушылар әлемдік тәртіпті орнатқысы келеді.    Оған бағынғысы келмейтін елдер де бар. Еуропаның өзі бөлініп алып, өз мәдениет қағидасымен өмір сүруге бейімделген. Бұл әсіресе, Шығыс Еуропа мен Батыс Еуропада ерекше байқалады. Мәселен мәдени байламы байырғы дәстүрмен шегенделген Румынияда ең басты өлшем ұлттық негізде өрбітілген. Социализм шылауында болған бұл елдің идеологиясы әлі де ар-ұят, ұлттық намыс пайымында құрылған. Жақында Румынияда балаға есім беру жөнінде арнайы Заң қабылдануының өзі болашақта сол елдің иелерін тәрбиелеумен бірдей деген түсінік қалыптастырды.

Ел іші болғасын түрлі пікірлер қайшылығы болатыны белгілі. Ұлттық негізден айрылған кейбір желбуаздар арасында өз сәбилеріне Тарзан, Полиция, Император және Телевизор деген аттарды қоюшылар да болыпты. Осының алдын алған Румын үкіметі барлық атқарушы билікке қатаң тапсырмалар беріпті («Үш Қиян» №38 24.11.2011 жыл).

Қазіргі біздің жағдайымызда, яғни қазақ тіліне жат сөздерді ат етіп қойып жүргенімізде, дәл осыны бізде де қолданса артық болмас еді. Ол үшін ешқандай шығын шықпайды, сол АХАТ-та ұлт жанды азамат отырып, сәбиге ат қойып, куәлік берер кезде қазақ есімдерінің энциклопедиясымен таныстырса және олармен түсінік жұмыстарын жүргізсе жетіп жатыр.

«Еліміз бен жеріміз екі жарым ғасырдан астам уақыт Ресей империясының бодандығында болған уақыт та антропонимдік атауларға айтарлықтай өзгерістер әкелді, – деп жазады Мекемтас Мырзахметұлы өзінің «Тұркістан Тараз арасы...» атты кітабында. Мұның үстіне Ресей арқылы өткен европалық әсердің өзі де өз дегенін істеп жатты. Кісі есімдері енді орыстық, енвропалық антропонимдермен атала бастады. Бұл әрекет, әсіресе, Кеңес үкіметі тұсында үдемесе баяуламады. Біржақты жасанды түрдегі халықтар достығы туралы насихаттың тұсында енді біздің антропонимлік аталымдарға интернационалистік кісі аттары шапшаң түрде жайыла түсті. Тіпті, осы құбылысты іштей қабылдамаған Д. Қонаев Атырауға барған сапарында шопан кісінің әйелі егіз ұл тауып, Димекең «балалардың бауы берік болсын» деп сый-сыяпат апарған. Сонда Димекең «Отағасы, балалардың атын қалай қойдыңыз?»,-деп сұрағанда:

- Аттарын қатырдым. Біреуінің аты – Максим, екіншісінікі – Горький, - деді. Үнсіз қалдым. Еліктеуден туған надандық. «Максим» деген ат тек «Горькийге» жарасады. Ал, оны қазаққа телудің қанша қажеттігі бар. Аңғал әке ойламады-ау ертең ұрпағының Горькийден тарағандар болып шығатынын» - деп қамығып өкініш білдірген екен. Бұл сияқты аңғалдықпен өкінген қазақ әкелер әлі де баршылық. Осындай әкелер бүгінде ұлдары мен қыздарының атын Ким, Темиряз, Лаура, Эльмира, Дизентерия, Ганди, Индира деп ысқыртып келеді. Мысалы, осы жылдың (2002 ж.) маусым айының ортасында Тараз университетіне Қордай ауданынан келіп, қазақ тілі мен әдебиетінен мемлекеттік емтихан тапсырған 45 білімгердің 15-нің есімі араб, парсы, грек, орыс және европалық халықтар есімімен аталатыны анықталды. Яғни бұл білімгерлердің 33 пайызы немесе үштен бірі деген сөз. Бұл құбылыс Оңтүстік аймағындағы көрініс, ал Сарыарқа мен Шығысты, Батысты жайлаған қазақтардың арасында басым түсіп жататын шала қазақтар мен ада қазақтардың, тіпті, таза қазақтардың өз арасында да дендеп орын алғаны өтірік емес шындық. Бұл Димекең айтқандай «Еліктеуден туған надандық», немесе жат жұрттарға еліктеп құлдық ұрған психологиялық танымның айна қатесіз көрінісі емей не дерсің!

Бір жағынан қарағанда мұнда тұрған не бар дейсің дейтін қазақы салғырттықпен қарасақ та бұл мәселенің астарында терең саяси-әлеуметтік астар жататынын аңғара бермейміз. Жат жұрттықтың есімі қойылған адам сол жұрттың идеологиялық белгісін өмір бойы көтеріп, соның насихатшысына айналғанын сезбейді де. Яғни құлдық психологияның біздің ой санамызды қаншалықты меңдеп алғанына айғақты дәлелдер емес деп айта алмайсың.

Ал, енді бізбен мидай араласқан славян халықтары өздерінің ұлдары мен қыздарының бір де біреуінің атына қазақ не түрік халықтары атының қойылмау себебінің астарында не жатыр? Немесе, біздің әншілер, өнер қайраткерлері, тіпті, қарапайым ауыл өнерпаздарының өзі орыс, европа халықтарының әнін шырқап, көбірек айтқанын мақтан көреді. Мақұл-ақ дейік. Ал, енді славян мен европа халықтарының әншілері не себепті не іште, не сыртта қазақ, түрік халықтарының тамаша ғажап әндерінің бір де бірін емге болса да айтпауының сыры неде? Бұл құбылыс та тоқ етерін айтқанда, біздің отаршылдықтың құлдық психологиясынан шыға алмауымызда, ал олардың әлі де болса ұлы державалық сананың тұтқынында қалуынан басқа еш нәрсе де емес» (Астана 2002.  202-204 беттер). Өте орынды пікір. Меніңше, бұған санасында саңлауы бар бір де бір қазақ баласы дау айтпаса керекті!

Тарих тағлымы: Қожасы құлының тілінде сөйлемейді, құлының есімін өз  балаларына қоймайды.

Тағы бір айта кетерім, ерте ме, кеш пе әрбір азаматқа әйтеуір бір рет болса да ат қою мүмкіншілігі туатындығы сөзсіз. Соған өте жауапкершілікпен қарағаныңыз дұрыс. Жақсы ат қойсаңыз менің атымды қойған бәленше деп мақтанып, атыңызды ардақтайды, ал жағымсыз ат қойсаңыз даттайды және сол аттан өмір бойы қорлық көріп, түбінде сіз қойған атты ауыстырары анық...

Енді осы  Қазақи есімдер жайлы ойымызды  ары  қарай  жалғастырып,  өткен  тарихқа  үңілсек, Х11 ғасырда Мұңал даласында (қазіргі Монғолия) өмір сүрген Шыңғыс қағанның айналасындағы адамдардың да, ру-тайпа  аттарының бәрі де тек қана қазаққа тән екенін көреміз. Олар: Есекей, Алтан, Құшар, Сағабек, Темір, Тастемір, Шыңғыс, Өлең, Бөрте, Жібек, Марал, Жамұқа, Белгітай, Қасар, Нақу-Баян, Бауыршы, Тарғытай, Желме, Алтан, Мұқалы, Жеменей, Есен, Бөкен, Жанай батыр, Үгедей, Жолшы (Жошы), Төле, Дәрітай, Шағатай, Тайшар Қарасақал, Жебе т.б. Оның үстіне Қият, Жадыран, Жары, Адай, Байұлы, Маңғыт, Керей, Найман, Меркіт, Жалайыр, Қоңырат, Ұйғыр, Жабал т. б. ел, ру, тайпа атауларын қосыңыз. Сол кездегі жоғарыда көрсетілген ру-тайпалардың барлығы да қазіргі қазақ халқының құрамында.

«Будда діні келгенге дейінгі кезеңдерде, деп жазады З. Қинаятұлы өзінің «Жошы хан өмірбаянының қилы тұстары» атты еңбегінде моңғолдарда балаға ат қоюдың үш түрлі: 1) Әйгілі ата-баба, жер-су атын қою; 2) Нәрестенің дене бітімі, өң келбетіне қарай ат қою; 3) Күннің сәті, айдың аты, ата-анасының арман тілегіне орай ат қою, салты болды.   ...Көшпенділер ежелден-ақ өзен, су жағалай орналасқан тайпаларды өзен-су (усан) немесе ой халқы, тау сағалағандарын тау, көде халқы деп атаған. Моңғол үрдісінде де солай. Орман су бойын сағалап, орман жайлап, өзен қыстаған қауымды олар Ойрат халқы (Орман халқы) деп атайды. Бұл атаулардың жер-су атымен байланысты екенін қазақ тарихшысы Нығмет Мыңжан да атап көрсеткен». (Алаш жорналы №4 (25), 2009 жыл 10, 13 беттер). Несі бар, өте орынды, тұжырым. Шынында да, біз ежелгі моңғол мен қазіргі қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілі мен сол кездегі дінін, тіпті бәрі-бәрін салыстырар болсақ ешқандай да айырмашылық таппаймыз. Табу да мүмкін емес.

«Парсы елінде патша есімі әкесінің есімімен қатар айтылады. Патша бәленше, бәленше патшаның ұлы. Оған  жалғаса, елінің немесе қаласының есімі жалғасады: Әбунасір Әл Фараби, Махмуд Кашкари, Әкім Тарази. Ал бүгінгі қазақ ныспысы мен әкесін қосақтап атайды. (Шерхан Мұртаза, Қуандық Түменбайұлы)» (Б.Қ.Албани «Қазақия» Алматы. 2008. 250 бет). Бұл күнде тура осындай түсінік барлық қазақ ғалымдарының санасына толықтай сіңген. Бірақ, тарихи шындық мүлдем басқа.

Жалпы сонау Адам атадан бергі Қазақ тарихында адамның аты, жөні және тегінің айтылып, жазылуының төмендегідей тарихы мен негізгі нұсқалары сақталған:

Ат деген сөздің шығу тегі өз бастауын Ад қауымынан алады. Адам (Атам, менің атам),  Адай (Атай) деген ұғымдардың сөз түбірінің Ад (Ат) болатыны осыдан. Сонымен қатар, қазақта ең жақындықты білдіретін Ат, Ата және бүкіл адам баласы үшін аса қасиетті Адал (Адалдық), Әділет (Әділеттілік) деген ұғымдар бар. «Ат ердің қанаты» (мақал). «Есімің кім» дегеннің орнына да «Атың кім» деп жатамыз. Атамыз сірә Ата, оған комментарий кәжет емес, әкеңді әке дейсің де, өз әкеңнің әкесінен бастап, түп атамызға, яғни Адам Атаға дейінгі аталарымыздың бәрін Адам, яғни олардың бәрін «менің Атам» дейсің. Сонымен қатар, жабайы құланды қолға үйретіп, ат қылып мінгендер де, Адалдық пен Әділеттік деген ұғымдарды дүниеге әкелгендер де осы аталарымыз.  Демек, бұл ұғымдардың бәрінің авторы осы Ад қауымы деген сөз.  Ад қауымы жөнінде ежелгі шежірелерде көп айтылады және олар жайлы Құранда да деректер бар.

БІРІНШІ, Ата Ман (Атаман),  негізгі мағынасы менің атам Манның ұрпағы, тағы бір мағынасы басшы, қолбасшы; Ал Ман (Алман),  Алаш Манның ұрпағы;  Қара Ман (Қараман), Ақ Ман (Ақпан), Сары Ман (Сарман), Адай Ман, Қаз Ман, Қу Ман (Қуман), Түрік Ман (Түрікпен), Ар Ғұн (Арғын), Най Ман (Найман), Шу Ман (Шуман, Шу кісі, Шу елі), Алып Ман Ас (Алпамыс), Әбуғали Алшын (Әбу Әли ибн Сина, Авиценна), Жүсіп Баласағұн, Түйе Қожа Оғлан, Ай Ман (Айман), Тай Ман (Тайман), Қи Ман (Қидан, Қиян) т.т. болып сөз соңы, яғни адам атының соңы Ман атамыздың атының соңғы «н» әрібімен аяқталса, бұл ұлы, баласы, ұрпағы деген мағына береді. Мысалы, «Мұңалдың құпия шежіресінде» Қашиун Тоқырауын, Қарқой Тоқырауын, Қарыл Дай Тоқырауын деген серіктері болғандығы айтылады. Біз  бұл жерде  Тоқырауынның ру аты  және оның Жалайырдың бір атасы екендігін көреміз. Бұл қағида қазақта күні бүгінде де сол бұрынғы күйінде қолданыста. Мысалы, Сарин (Сарының баласы), Ыбрай Алтынсарин (Алтынсарының баласы), Сакен Сейфуллин, Әліби Жангелдин, Сапарғали Бегалин, Жумағали Саин, Бейімбет Майлин, Мұхтар Мағауин, Ғабиден Мустафин, Тоқаш Бокин, Нұрмұхан Жантөрин, Асқар Мамин, Нуралин, Нұртазин т. т. болып жалғасып кете береді.  Бұл қағиданы бүкіл әлем елдері қолданады. Негізі Ман атамыздың атынан және олардың дүниеге келіп тұрақтаған (қыстаған) ата мекені Манқыстаудан басталады.

Түсініктеме: Ман – Адам Ата қауымының жалғасы, яғни Нұқ пайғамбардың кемесіне мініп, топан судан аман қалған елдің жалпылама атауы. Әлем елдерінің ең бірінші саналы тіршілік иелерін Шығыстың Адам, ал батыстың Ман дейтіндерінің сыры осы.

ЕКІНШІ, Адай Адам атаның ұрпағы (ұлы, баласы, қызы), яғни  атамыздың қарашаңырағының иесі деген қағидаға сәйкес Жары Адай, Жажир Адай, Қожа Ахмет Йассауи, қажы Құсайын Ширази (Йассауи кесенесін салушы шебер), Ахмет Иугінеки (әдебиет тарихында «Шындық сыйы» дастанымен мәлім),  Әбу Нәсір Әл (Ал) Фараби, Хаким Тарази, Махмуд Қашқари, Әл Бухари, Әбу Райхан Әл Бируни, Хакім ата Сүлеймен Бақырғани, Әлішер Науайи, Фирдауси (Шахнама), Әбдірахман Жәми (парсы-тәжік әдебиетінің классигі), Мұхаммед Шайбани (Жошы ханның ұрпағы), Сайфи Сарайи, Хайдар Рази, Қадырғали Жалайри, Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қашқар ханы Әбубәкір Дулати т.т. болып мұнда да сөз соңы, «и», «й» дыбыстарымен аяқталса, бұл жерде де ұлы, баласы, ұрпағы деген мағына береді. Осы жерде сәл де болса өткен тарихтан хабары бар адамдардың есіне сала кетейін ежелгі, әсіресе бізге көбірек белгілісі орта ғасырлық ұлы ғұламалардың  барлығының дерлік ата тегі осылай жазылған.  Бұл қағида да қазақта күні бүгінде  қолданыста бар. Мысалы, Мұстафа Шоқай, Әнес Сарай, Халипа Алтай, Ислам Жеменей, Сабыр Адай, Ордалы Қосай, Ақылбек Жеменей, Тұңғышбай Ал Тарази, Қайрат Мами... Демек адам есімдерінің қай-қайсысына да «й» әрібін жалғасақ ұрпағы деген мағына беріп тұр. Сол сияқты осы «й» тобына жататын «ы», «і» әріптері де ұрпағы, баласы, қызы деген мағынада қолданылады (Бөрте Бөрі, Әбубәкір Кердері, Тоқтамыс Жары, Дәулеталы Жары, Қадыр Мырза Әлі т.т.). Осы жерде Мұңал Жарыны қалай түсінеміз дейтін болсақ, бұл жерде Атасының аты бірінші болып айтылады. Ада-м деген сөзіміздегі «м» әрібінің тәуелділік мағына беретіні сияқты Ада-й деген сөзіміздегі «й», «и» әріптері де тәуелділік мағына береді. Мысалы, Адами, қазақи, табиғи, діни, ислами, рухани, ғылыми, заманауи, кәсіби, тарихи, мәдени, саяси  т. т. болып жалғасып кете береді. Бұл қағиданы да бүкіл әлем елдері қолданады. Бастауы Ман атамыздың ұрпақтарының, яғни олардың қарашаңырағының иелерінің мәңгілік қыстауы Манқыстауда отырған Адам ата ұрпағы Ада-й деген сөзден алынған.

Абай:

                «Физули, Шәмси, Сәйхали

                Науаи, Сағди, Фердауси,

                Қожа Хафиз – бу һәммасы

                Медет бер шағири фердияд,» деген де, өздеріңіз көріп отырғандай аттары аталған алты ақынның есімдерінің соңы «и» дыбысымен аяқталады да, соңғы Қожа Хафизде атасының есімі бірінші, екінші болып өз аты айтылады.

ҮШІНШІ, өз атына да, тегіне де ешқандай жалғау сөз қоспай, атасының (руының) атын бірінші, өз атын екінші етіп жазу. Мысалы,  Әз (Аз) Жәнібек, Әз Тәуке, Ер (Ар, Арыс) Тарғын, Ер Қосай, Ер Шабай, Ер Төлеп, Ер Қармыс,  Ақ Назар (Хақ Назар хан), Мұңал Жары, Алшын Жалаңтөс,  Қара Керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қоңырат Алатау, Ескелді Сүгір, Құнанорыс Шабай, Табын Бөкенбай, Тама Есет, Жаңай Қожаназар, Шапырашты Қарасай, Шапырашты Наурызбай, Кете Жүсіп, Қарақыпшақ Қобыланды, Жаныс Төле би, Ескелді Саназар т. т. болып жалғасып кете береді. Бұл жағдайларды қазақ ұлтының шығу тегін өзге ұлттар мен салыстырғанда, тіпті әріде, атап айтқанда ең бірінші екендігін көрсетеді деп тұжырымдауға болады. Осылайша, қазақта сонау Адам атадан бері адам аттары, олардың дүниеге келу ретімен бірінің артына бірі,  қаз-қатар болып тіркесіп  жазылып келеді. Қазіргі біздің түсінігімізде «Ер» сөзі, тек қана «батыр», «баһадур» сөзінің баламасы ретінде түсініледі. Негізінде ол арын қорғаудың ерекше үлгісін көрсеткен арғы атамыздың есімі. Ол бізге Адайдың екі баласының кішісі Келімберді есімімен жетті. Атамыздың есіміндегі Ел мен Ер деген екі сөз түбірінің болатыны осы. Елсіз ер жоқ, ерсіз ел жоқ. Ерлеріміздің елімізді қорғап ғұмыр кешіп жатқанымыз, сол аталарымыз салып кеткен сара жолдың жалғасы.

Түсініктеме: Әлем тарихындағы Ман мен Қазақ (Адай)  шежіресіндегі Келінберді синоним.

ТӨРТІНШІСІ, Шыңғыс қаған, Абылай хан, Қамбар батыр, Тоқта бекі, Бұхар жырау, Алшын Жалаңтөс бахадүр, Жаныс Төле би,  Жебе мерген, Құйылдыр шешен, Нұр аңшы, немесе Қосай Жаналыұлы Абдолла қазірет, Қараш Құлбайұлы Ыбырайым ахун, Бегей Есжанұлы Қошмағанбет ишан, Тоқтамыс Алданұлы Төлесін молда т. т. болып елден ерек билік дәрежесі, лауазымы немесе кәсіби өнері адам атынан кейін жазылады. Демек, бұл жерде де «алдыңғы», «кейінгі» немесе бірінші болып атасының (руының), әкесінің және өзінің дүниеге келуі, екінші болып көрсетілген дәреже, атаққа ие болғандығы көрінеді.

Осы тақырыпқа сәйкес Шыңғыстың «қаған» деп аталуына талдау жасап көрелік. Қаған таза қазақ сөзі, негізі ман, хан, қазан (қазақ елі) деген сөзден шыққан. Бізге жеткен ұлы шежіреде тек қана қазақтан шығып әлемді билеген ұлы көсемдер ғана қаған атын иемденген.  Бүкіл әлем тарихының бірде-бір елінде, қазақтан басқа билеушісін қаған деп атаған мемлекет болып көрген емес. Мысалы, ұлы Алаш қаған, Қазақ қаған, Өгіз (Оғыз) қаған, Тоны көк Білге қаған, Бұмын каған, Күлтегін қаған т.т.. Яғни қаған деген сөз басында бүкіл әлемге билік жүргізетін ұлы хан, хандардың ханы, яғни ең жоғарғы әмірші дегенді білдірген. Бұл жөнінде Әбілғазы: «Қағанның мәнісі мынау. Кім де кімнің ғиззаты және дәулеті хандық мәртебесінен артық болса, әмірлер мен халық оны қақан  дер және кімнің мәртебесі қақаннан  жоғары болса оны қаған дер. Қағаннан жоғары мәртебе, құрмет болмас» дейді. (Түрік шежіресі 110 бет).

«Қаған – хандардың ханы, моңғол мен татардың билеушісі» (В.Г.Ян «Чингиз-хан» Нукус 1975 10 бет). Бұл жерде оқырманның ойын мына жағдайға аударуды қажет деп санаймыз. В.Янның берген анықтамасы Шыңғысханның «Қаған» деген лауазымының мағынасын толық аша алмайды. Бұны қате тұжырым десе де болады. Себебі, Темірші ең басында өзі шыққан Мұңал руының билігіне жетіп, кейіннен тегі бір татар халқын күшпен бағындырған кезінде оның негізгі лауазымы, Хан деп дәріптелді. Оған қаған лауазымы бүкіл, мұңал даласын, қытай жерін және Орта Азия өлкесін өзіне бағындырғаннан кейін барып, Қазақ даласының қақ төрінде, қазақтың он екі тайпасының он екі биі Теміршіні ақ киізге салып, Қаз таудың үстіне алып шығып, Қаған деп жариялап, таудың да, Теміршінің де атын  Шыңғыс деп өзгерткеннен кейін барып басталады.

1206 жылғы Шыңғыс қағанның ел таңбасында төмендегідей сөздер ойылып жазылған. Онда: «Көкте тәңір, жерде қаған бар. Әлем иесінің таңба мөрі» (Эренжан Қара-Даван, Чиргис – хаан как полководец и его наследие. А-А, 1991, 19 бет).

«Былай деп жаз: «Сен соғыс тіледің – сен соғысты аласың.  Қаған (Шыңғыс М.Қ)  Елю-Чу-Цай қолынан, көк  түске малынған алтын таңбаны хатқа басқан кезде «Аспанда Құдай, Қаған – Алланың жердегі қуаты, Жер шарының билеушісі, Адам баласы иесінің таңба-мөрі» деген жазу түсті» (В.Г.Ян «Чингиз-хан» Нукус. 1975 135 бет).

Күні бүгінге дейін Қазақстан тарих ғылымы  «Шыңғыс» (Чингиз, Чингис, Хингис) хан сөзінің не мағына беретінін әліге дейін түсіндіре алмай келеді. Ол жөнінде, І.Есенберлин «1206 жылдың көктемінде Онон өзенінің бастауында Ұлы  құрылтай Монғолияның түпкір-түпкірінен жиналған хандар мен нояндардың, Шыңғыс ханның жаңа және бұрынғы жақтастарының құрылтайы шақырылды. Жиналғандардың төбесінде, моңғол әскерлерінің қорғаушысы сүлде рухының тоғыз құйрықты ақ туы желбіреді. Өзінің алғашқы шешімдерінің бірінде құрылтай Темүжінді – Шыңғысты Моңғолия билеушісі етіп жариялады, оған хан Шыңғыс деп ат қойды, немесе «оны император қылды», делінген «Асыл сөздердің» қытай аудармасында. Сонымен бірге құрылтай Темүжінге Шыңғысхан атағын бекітті. «Құрылтайда оны таққа отырғызып, Шыңғысхан» деген ұлы атақ берілді. Бұл атақты бекіткен Көкөші болды... Оның аты Төбе-Тәңірі болатын. «Шың» дегеннің мағынасы – күшті, мықты, ал «Шыңғыс» - осының Қара Қытайдың ұлы билеушілерінің атағы болған гурхан сөзімен мағыналас көпше түрі, басқаша айтқанда ұлы да мықты билеуші» (Рашид-ад-дин). Чжао Хунның мәліметтері бойынша, «Шыңғыс» - «Тянцы» - аспан шарапаты немесе «аспанмен шарапатталған», ал «император Шыңғыс»-билеуші, мемлекеттің негізін салушы делінген. Темүжіннің хан көтерілуі мен «Шыңғыс» атағын иеленуі шамандық салттар бойынша шаман Көкөшінің басшылығымен іске асты. Осыған байланысты «Шыңғыс» деген атақ кейде көне  татар-моңғол рухы – тәңірлердің бірінің атауы деп те түсіндіріледі. Танымал моңғолтанушы Д.Банзаровтың жазғанындай: ол моңғол жазбаларынан қажылар рухы – Шыңғыс-тәңірдің бар болуы туралы естеліктер кездестірген. Академик Б.Я. Владимирцов «Шыңғыс» атағын былай түсіндіреді: «Темүжін иеленген» Шыңғыс атауының мағынасына түсінік беру өте қиын. Бұл атақты Темүжін сол кездердегі моңғол бақсытанушылары бас иген жарқын рухтың атының құрметін алған деген жорамал жасауға болады. Сонымен қатар, көбі Темүжінді аспанның өзі таңдады деп санауы бұған түсінік, Темүжіннің өзі де оның тағдырына «Мәңгілік аспанның» араласқанына көп бас ауыртқан болса керек. Қазіргі кездегі түсінікке қарағанда «Шыңғыс» сөзі түріктің «тенгіс» сөзінен шығып, «теңіз», мұхит, ал «Шыңғысхан» деген сөз «мұхиттің, жер-судың иесі» деген мағына берді деген көзқарас қалыптасқан» деп жазды өзінің «Шыңғысхан әлем сілкіндірушісі» атты еңбегінде (55-56 беттер). Бұл жөнінде тағы бір тарихшы-ғалым профессор Тұрсын Сұлтанов өзінің «Поднятые

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар