Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Caspian Startup-2019» оқушылар мен колледж студенттері арасындағы стартаптар конкурсының 5 жеңімпазына 350 мың теңгеден табысталды. Жастарды кәсіпкерлікке баулып, тың идеяларды іздеген сайыста «ІТ», «Ғылым және технология», «Әлеуметтік жобалар», «Туризм», «Агробизнес» бағыттары бойынша іріктеу кезеңінен өткен 25-жоба өз жобаларын қорғаған еді.
Кәсіпкерлерден құралған қазылар алқасының алдында қатысушылар өз жобаларын 7 минут ішінде таныстырып шықты. Конкурстық комиссия шешімімен «IT» бағытындағы үздік жоба деп Родион Игнатов пен Айжұлдыз Надирханованың «UARStuding» стартапы танылса, «Ғылым мен технология» бағытында Нұрберген Наурызбаевтың «Пластик қалдықтарын өңдеу арқылы мұнай мен жанармай көзін алу» бизнес-жобасы 350 мың теңгеге ие болды. «Әлеуметтік жобалар» бағытының үздігі Сүйерқұл Нұрмұхаммед, Мухамедзянов Мадияр, Жұмағалин Бекзаттың «Z Generation – The New Way To The Future» болды. «Туризм» бағытындағы үздік жоба Дана Есбергенованың «Городское водно-болотное угодье как модель экосистемы, устойчивой к антропогенному воздействию (на примере озера Караколь)» идеясы, «Агробизнесте» шаш пен тырнақтан тыңайтқыш жасауды ұсынған Байдаулет Азамат жеңді.
- «Caspian Startup-2019» сайысының өткізілу форматы мен идеясы қатты ұнады. Мен жобамды кәсіпкерлер алдында таныстырып, бастамама сендірудің құпияларымен, бизнес-жоспар жасауды үйрендім. Жеңістен алған қаражатымды депозитке салып, болашақта жоғары оқу орнына түскенде қажетіме жаратуды жоспарлап отырмын, - дейді «Агробизнес» номинациясының жеңімпазы Азамат Байдаулет.
Стартап жобалар байқауының жеңімпаздарына қаржылай сыйлықты «MKS Logistics» ЖШС, «Mediana» ІТ-компаниясы, «EXPO&WOMEN», «Евровояж» тур агенттігі, «ТЕТИС» ЖШС береді.
Айта кетейік, екінші рет ұйымдастырылған бизнес-идеялар сайысына 195 жобадан өтініш келіп түсті, оның 172-і жарысқа қатысты. Қатысушылар «Әлеуметтік жобалар» номинациясында белсенділік көрсетті. 54 жобаның ішінен бес жоба ғана іріктеліп алынды. Ал «Агробизнес» номинациясына 42, «Туризмге» - 35, «Ғылым және технологияға» 42 өтініш келді. Ал «ІТ» номинациясына 20 жоба қатысты.
Сонымен қатар, жарыс қатысушыларының кәсіпкерлікке ынтасын арттыру мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының кәсіби бизнес тренері Райхан Бекберген мен Yessenov университеті жанындағы Каспий кәсіпкерлік орталығының жетекшісі Гүлзира Қосмағанбетова арнайы шеберлік сағатын өткізді.
Пікір қалдыру