Біздің министрлер мен әкім-қараларды, жоғарғы және төменгі санаттағы шенеуніктерді қарапайым базарлардан, сауда орталықтарынан немесе қоғамдық көліктерден кездестіріп көрдіңіз бе?Кездестіре қалсаңыз не айтар едіңіз? Көкейіңізге маза бермей жүрген мәселелерді төтесінен қояр ма едіңіз? Әлде «гольф» ойнауға шақырасыз ба?
Кейде осы біздің шенеунік көкелеріміз өзге бір ғаламшардан келген адам секілді әсер қалдыратыны жасырын емес. Әйтпегенде, халықтың қалаулысы ғой. Халықтың сөзін сөйлеуге міндетті емес пе?
Судан өткенше қазақты «қайық» етіп, жайлы орынға жайғасқан соң, жағдай сұрауға жарымай қалатындар бар ғой. Иә, бұндайда қазақ «қазаны бөлектің – қайғысы басқа» демеуші ме еді?!
Әйтпесе бұл әкім айтар сөзбе еді? Сонымен шенеуніктердің шеттен шыққан сөздеріне құлақ түрелік.
Есімов бірінші жыл әкім болып отырған жоқ. Алматыны бақандай 7 жыл басқарып келеді. Алматылықтардың жағдайын бес саусақтай білетін бірден-бір адам осы – Есімов емес пе?
Ахметжан Есімовтің «хит» сөздері:
- «Алматылықтардың спортқа жаны құштар. Олар әр сенбі Тікұшақпен тауғы ұшып барып, шаңғымен сырғанайды. Сосын гольф ойнауға барады!»
- «Алматының қарын күремей-ақ, қою керек. Өзі еріп кетеді».
- «15 желтоқсанда қалада болғым келмейді. Сондықтан сыртқа шығып кетем. Бірақ келесі жолы, сол туған күнімде қалада болмасам да, 16-шы желтоқсанда міндетті түрде қалада болам»
- «Мен әлі әйелімнің үйінде тұрамын. Менде де үй жоқ».
Айналайын, Ахметжан-ау, тікұшақпен тауға шығып, шаңғымен төмен сырғанап, артынан гольф ойнап жүрген қай алматылықты көрдіңіз? Біз жердеміз. Қоғамдық көлікпен жүреміз. Сіздер секілді, велосипедпен қыдырып, қымбат гольф кордттарында ойнамаймыз. Біз өртенген базарда өлместің күнін кешіп жүрген қара халықтың өкіліміз...
Корпорация басшысы. Азық-түлікке жауапты шенеунік Руслан Азимовты ұмытпаған боларсыз?
- «Нан бағасының қымбаттауына бола қара аспанды төндірудің еш қажеті жоқ. Бұл бар болғаны бір шиша салқын сыраның бағасы ғой».
Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповті білмейтін адам жоқ шығар,ә?. Асекең күлкілі мәлімдеме жасаудың шебері ғой. Естеріңізде болса, ол Ресейдегі бір жиында айды аспаннан бір-ақ шығарған.
- «Қазақстан мектептерінде әлі жоқ мамандықтарға даярлап жатыр»
«ҚазҒарыштың» агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев өзінен сұхбат алмақшы болған журналистпен төбелеспекші болды.
- «Не тұрсың? Иди на х.. отсюда! Жындыма мынау? Менің басыма шық онда. Сен кімсің маған қайда тұру керектігін көрсететін?»
- «БізРесейдің Бақоңырда мәңгі қалғанын қалаймыз!»
ТЖМ бұрынғы басшысы, қазіргі ІІМ орынбасары В.Божко мырза тиын санап қалыпты.
- «Біз корпоратив құруға 12 мың теңгеден жинадық. Мен 15 мың теңге бердім. Әзірге қалған ақшамды (сдача)қайтарған жоқ»
- «Су тасқынының негізгі себебі – жаһандық жылыну. Бұған экология кінәлі!»
Жұртты күлдіріп жүретін шенеуніктердің қатарында Ермұхамед Ертісбаев та бар.
- «Қазақстандықтарыдң 80 пайызы еуразиялық интеграцияны, соның ішінде Ресей федерациясымен жасалып жатқан интеграцияны қолдайды»
- «Президент командасындамын. 18 жыл болды»
Тимур Құлыбаев тыңнан түрен салғандай мәлімдемежасаудың шебері-ақ. Бірақ көп жағдайда жұрттыңкүлкісіне қалып жүреді.
- « Жаңаөзендегі ереуілге шыққан мұнайшылар негізінен оралмандар!» (Алайда, ресми құжаттарда бірде-бір оралман ереуілге қатыспаған деп көрсетілген.)
Мәжіліс депутаты Самиғолла Оразов та қолапайсыз мәлімдеме жасауға құмарлар қатырынан табылып жүр.
- «Оларламндарға қатысты айтарым, саны бар-сапасы жоқ болып тұр қазір»
Айтпақшы, оларды іздеп әуре болмаңыз. Сіз бәрі-бір оларды базарлардан, қоғамдық көліктерден кезіктіре алмайсыз. Олар өзгеше. Өйткені олардың ішінде Қазақстанның тәуелсіз екенін, әлемдегі бар қазақтың жалғыз Отаны – Қазақелі екенін білмейтіндері бар…
Нұргелді Әбдіғаниұлы







