Тобылғы сапты өмірі текке өтті-ау. Не тапты? Не берді? Жауапсыз қалған сұрақ. Тағы да үнсіздік. Аласапыран заманның ағысымен жүзем деп басын былай да, былай да соқты. Аяғында, қара жерге күнәлі денесін тапсырды мәңгілікке...
Ақбақыт бүгін күндегісінен ерте тұрды. Үстіне ештеңе ілместен, түндегі жынойнақтан қалған сыраны қылқылдатты-ау келіп. Сөйтіп, жақындап балконға шығып, іштегі отты темекінің түтінімен одан әрі лаулатты, ол өшірмек ойы еді. Сырттан бір нүктеге көп қарады. Күйген тіршілік, жан бағудың қамы. Аузына жиналып қалған қақырықты жинап, жерге қарай шырт еткізді. Үйге қайтадан кіріп қыз екені есіне түсті ме, аузын ысқылап, бетін салқын сумен қайта-қайта шайды. Айнаға қарап еді, бетіндегі сумен бірге өкініш, күйініш көз жасы тамшылай кетті, екі тізесін құшақтап бұрышта өксіп жылады. Шынтуайтында, Ақбақыт қою қара шашты, қара көзді, оң жақ бетінде туылғалы құдай салып берген кішкентай ғана меңі бар, екі анары үрпиген, арықша келген, сұлулығына көз сүрінетіндей керемет тұлғалы ару. Кішкентай кезінде барлығы «меңді қыз» деп атайтын. Әттеген-ай, күндегі өмірі бір-бірінен айнымайды. Бар тапқаны өмір сүруіне, жан бағуына әзер жететін. Бір кезде әнеу күні есімі есінде жоқ бір жігіт әперген ұялы телефоны шыр ете түсті.
- Алло?
- Алло, здраствуйте, это Баха?
- Да…
- Это Сергей, сегодня вечерком свободна?
- Ну, как бы, да.
- Тогда на вечер планы не строй.
- Хорошо только, предоплату сразу, через час в Хан шатыр принесешь, ок?
- Все, до встречи.
Күніге келіп түсетін қоңыраулар жауабы осылай. Үстіне өтірік жылтырын, барын іліп алып қала орталығына тартты. Адам сияқты қашан ыстық ас ішкені есінде жоқ. Тамақтанайын деп бір асханаға кірсе, ішінде адамдар аз көрінеді. Тамаққа тапсырыс берді де, соңғы орында отырған жас жігіт қарап отырғандығын елемеген болып, ұялы телефонын шұқылап отыр. Бір кезде жігіт бар намысын жинаған болуы керек, келіп қыздың қасына отырды.
- Танысып қоймадық па, қарындас?
- ............(Үнсіздік)
- Менің есімім Талғат, ауылдан келдім. Астананың сұлулығы керемет екен, иә?
- Керемет болса, сонымен таныспайсың ба?
- Жо-оқ, сіз өзі тік мінезді екенсіз ғой. Ауылда асау тайларды үйреткенге бірінші мені салатын. ха ха ха
Қыз да күліп жіберді...
Екеуі біраз әңгімелесті. Ақбақыт өзі де ауылдың қызы еді, әңгімелері жараса кетті. Жастардың қаласы – Астананы аралап, уақыттың қалай өткенін бағамдай алмай қалды. Есіне бірдеңе түскендей селк ете түсті, бағанағы клиент есінен шығып кетіпті. Телефонын қараса қаншама қоңырау, смс хабарламалар. Асығыс «менің кетуім керек» деп жүгіріп кетті. «Ауру қалса да әдет қала ма», ауылда талай сырттан келетін қыздарды аңдып үйренген Талғат қыздың соңына түсті. Бар ойы мекен-жайын біліп алу еді. Бір кезде қымбат көліктен, көзіне қара көзілдірік таққан ер жігіт күтіп алып машинасына отырғызды. Мұны көріп бағанағы лаулап оталған сезім отына біреу мұздай су сепкендей әсерде қалды. Санасын улап, басына келген сансыз әңгүдік ойлар Талғатты сонау сезім тұманында адастырып бара жатқандай еді. «Мүмкін, бұл Ақбақыттың ағасы болар? Иә, иә, жігіті болса бағана менімен таныспаушы еді ғой?!»
Мүмкін жігіті...
Бір сәтте лаулаған сезім алауын жай ғана өшіргісі келмеген-тін. «Иә, ағасы» деп көшенің бойымен құлдилай берді. Ертеңгі күні Ақбақыт үшін ерекше күн болды. Таңсәріде тұрса ұялы телефонына смс хабарлама келген екен. Қараса күндегісінен өзгеше сөйлемдер. Бар жазылғаны «терезе жақтауына қарашы» деген жазу екен. Оның өзі қате-қате жазылған, бар орысшасын салған-ау, сірә, Талғат. Терезе жаққа шығып қараса, «Ақбақыт мен сені сүйем» деп, бояп тұрып жазып кетіпті. Мұны көрген Ақбақыттың жүрегі бірде соғып, бірде тоқтағандай, мұндай сәт бұл күнәлі періштеде бұрын соңды болмаған еді. Талғат пен Ақбақыт сол сәттен бастап қыз бен жігіт сияқты қол ұстасып бірге жүретін болды. Бірге өткізген әрбір күндерін өмірлерінің соңғы сәттеріндей өткізетін еді, ғашықтар жүректері бір арнаға тоғысты. Күндер бір тоқтамақ емес. Баяғы қаралы телефонына қоңырау келді. Ақбақыт сол төртбұрышты қорапша ызылдаған сайын, Талғатқа деген аяныш сезімі, үдей түсіп, жауап бергесі келмейтін соңғы кездері. Қайта-қайта жалғаған соң, ақырында Талғаттан алшаққа барып ұялы телефонға үн қатты.
- Алло
- Алло, құлыным, сенбісің? Мен сенің анаңмын ғой, қалың қалай, хабарсыз кеткенің не? Ана жүрегім сені ойлаудан, өз дүрсілін тоқтатқандай. Жауап берші ботам.
- Маам (Жылап жіберді) менде бәрі жақсы, мамашым. Өздерің қалайсыңдар? Қайсар, Кәусәр қалай?
- Балам... (үнсіздік)
- Не болып қалды анашым?
- Қарындасыңның... жүрегіне күрделі ота жасалуы керек. Қазір сол жайтпен астанаға келе жатырмыз, жеткен соң хабарласармыз.
- Жақсы анашым, келген соң күтіп аламын.
Ақбақыт не айтып, не қойғанын өзі аңғармай «күтіп алармын, күтіп алармын» деп қайталай берді.
Ақбақыт анасын күтіп ала салысымен, үйіне, негізінде тозақ мекеніне айналған қапасқа әкелді. Талай жынойнақ болған орынға өзінің ақ сүтімен ауыздандырған ақ періштесін әкеліп орналастыру – оған бұл пәнидегі жазаның ең ауыры еді. «Анашым ана жерге отырма, мында отырма» деген сөздерге жиі ауызы барып қояды.
- Анашым, ақ мамам сол, қатты сағындым сені, исіңді сағындым. Барлық жасаған қателіктерім үшін кешірші мені. (жылап жіберді)
- Қой, жылама ботам, сен аман жүрсең болғаны. Мен қалай өз қолымды өзім кесейін.
- Кәусәрдің жағдайы қалай? Арықтап кеткен бе? Келші қасыма, жаным сол. Нешінші сыныпта оқисың?
- Жетінші сыныпты бітірем биыл.
- Ой, бой жетіп қалыпты ғой!
- Иә, осы Кәусар туылғанынан әлжуаз болып дүниеге келді. Әкең дүниеден қайтқаннан кейін, қайғыдан менің омырауымда сүт жоқ, айынан қолдан ауыздандырып жүрдім. Міне аяғында Алла осындай сынақ берді. Қайтеміз, көнеміз де. (Жылап жіберді)
- Жыламашы, анашым, емделуге қанша кетсе де, мен табамын. Әлі-ақ, сауығып, ұзату тойында жылап тұратын боламыз. Анашым менің...
Анасы мен Ақбақыт екеуі түні бойы бар сырларын бөлісіп, таңның қалай атқанын аңғармай қалды. Анасының жолдан шаршап келген соң «мызғып алыңыз» деп анасын ұйқтатып, өзі таңға дейін көз ілген жоқ. Қаралы ойдың тұңғиығына сүңги берді, сүңги берді. Шеті жоқ, шегі жоқ сыңайлы. Бар ойы көк қағаз. Қаланың адамды жейтін тірлігінде қалай ақша тапсам екен деген ой мазалай берді, жегідей жеді.
Таңертеңгісін анасы мен қарындасын ауруханаға жатқызып, өзі Талғатпен кездесуге кетті. Қазіргі сәтте саулаған шешуі қиын мәселелер талап-жегісі келіп тұрған Ақбаянды түсінетін жалғыз жан Талғат. Жігітке сіңлісі туралы оқиғаны баяндап берген соң, Ақбақыт үйіне қайтты.
Осыдан екі жыл бұрын Ақбақыттың бірінші қыз кейпінен айырған бір ауқатты азамат бар еді. Басқа амалы жоқ соның есігін телміруге тура келеді. Телефонын қопарып, нөмірін тауып алды. Кездесу орнын дайындап, Асқар есімді бизнесмен кездесуге келді.
Асқардың бұрын Ақбақыттан көңілі бар болатын, анандай ақша бәске тігіліп тұрған соң, ол аузына келгенін айтып, қалаған бұйымтайын сұрады. Сондағысы аптасына екі рет мендік боласың және бұл қарғысты күндер бір жылға созылуы тиіс. Басқа жолды көрмеген Ақбақыт амалсыз келісуге тура келді.
- Бүгін кешке келерсіз, – деген үнмен кете барды.
- Обязательно. Тот же дом?
- Да
Ақбаян кешке дейін қаңсыраған үйіне баруға қорықты. Жалғызсырады. Талғатқа қоңырау шалуға батылы бармады. Ұяты жібермеді. Кешке таман Асқар екеуі бір жерден ащы суға тойып алып, түнде ойнақ салуға үйге келді. Кіре берістен бастап аймаласып, ібілістің ойыншығына айналған екі қуыршақ, нәпсінің жетегінде кете барды. Бір кезде Асқар:
- Үйің өзгеріп кетіпті ғой. Қыз екеніңді сезіне бастағансың ба? – деп кекете түсті.
- Жоқ, анам келген, сол жинастырып кеткен ғой. Әдеті емес пе, – деп мән берген жоқ.
Ақбаян ащы судың жетегімен, Асқардың құшағында, күрсіне берді, айғайлай түсті. Екеуі тар төсекте біраз айқасты. Біткен соң Ақбаян әдетінше, темекісін тұтатпақ болып. Оттық іздеп, жарықты қосып қалған еді. Жан жағы жерге жайылған гүлдер, бейне бір махаббат аралы сынды құлпырып тұр екен. Ас үйге кірген еді. Жүрегі сол сәтте соғуын тоқтатты. Талғаттың дәл жүрегіне қадалған пышақты көрген сәтте, ол бұл әлемді қарғағандай жерге отыра кетті. Бейкүнә бозбала сол күні, бөлмені әрлеп, туысқандарынан ақша сұрап, Ақбаянға өмірлік естен кетпес сый жасағысы келген еді. Әттең-ай! «Маған тұрмысқа шықшы» деген сөзді айтуға әлі жетпеді. Бұйырмады.
Ақбаян да жанып біткен темекі қалдығымен бірге, жоғарыдан құлай түсті. Өз күнәсін алып кетті мәңгілікке!..
Авторы: Уатхан ҚАБЫЛТАЙ