Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – Тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік мұраты» деген болатын. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру Жамбыл облысында жоғары қарқын алуда. Күн санап Әулиеатаның әлеуеті артып, өнім көлемі ұлғайып келеді. Мәселен 2018 жылғы алдын ала деректер бойынша облыстың жалпы өңірлік өнімінің өсімі 1417,5 миллиард теңгені, яғни 3,7 пайызды құрап, бұл республика өңірлері арасында 8-көрсеткіш болып отыр.
Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков республика бойынша облыстың жалпы өңірлік өнімінің үлес салмағы 2,4 пайызды құрағанын айтады. Өңірлік өнімнің құрылымында өнеркәсіп үлесі 17,9, ауыл шаруашылығы 10,2, құрылыс 8, сауда 9,9, көлік 18,2, байланыс 0,7, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар және білім саласының 7,5 пайыз салымдарының өсімі байқалады. Ал 2019 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 102,1 пайызды құрап, 154 095,8 миллион теңгенің өнімі өндірілді.
Сонымен қатар, Жамбыл облысында бюджет кірістерінің жоспарын барынша орындау қарқынды жүргізілуде. 2019 жылдың 1 мамырына облыс бюджетінің кірістері 76 миллиард 294,1 миллион теңге сомасында, яғни 106,2 пайызға қамтамасыз етіліп отыр. Бұл ретте меншікті кірістердің жоспары өткен жылдағылармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары орындалған. Мәселен, кірістің бұл түрін осы есепті кезеңде 15 миллиард 896,7 миллион теңгеге орындауға бекінсе, нақты көрсеткіш бойынша кіріс 20 миллиард 319,9 миллион теңгеге асып кеткен. Нәтижесінде көрсеткіш 127,8 пайызға орындалған. Есесіне бюджетке 4 миллиард 423,1 миллион теңге жоспардан артығымен түсіп отыр. Ал, көрсеткішті өткен жылдың есепті мерзімімен салыстыратын болсақ, өсім 116,4 пайызды құраған.
Дулат Айтбай