Бүгінгі таңда Жамбыл өңірінде азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау, оларды жұмыспен қамту, азаматтардың мәртебесін анықтау мәселелері тиісті деңгейде атқарылып келеді. Сонымен қатар, жергілікті әкімдік тарапынан оларға лайықты деңгейде қолдау көрсетілуде. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында бірыңғай жиынтық төлемнің енгізілуіне байланысты, азаматтардың мәртебелерін өзектендіру және осы бағытта бекітілген жол карталарының орындалу барысы қаралды. Онда күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетов баяндама жасады.
Басқарма басшысының айтуынша, алдымен азаматтардың бірыңғай жиынтық төлемді төлеу бойынша ағымдағы жылдың І жартыжылдығына арналған жоспарының орындалу барысына тоқталды. Жалпы, бұл бағытта өңірдің жылдық жоспарымен 20969, ал, жарты жылдықтың жоспарымен 6454 адамды қамту көзделуде. Бүгінде алты айлықтың жоспары 3004 адамға, яғни, 46,5 пайызға орындалған десек, республиканың орташа көрсеткіші 49,8 пайызды құрап отыр.
Сондай-ақ, жиын барысында азаматтардың мәртебелерін анықтау жұмыстарының нәтижесі де сараланды. Бүгінгі таңда облыс аумағындағы 207205 азаматтың 152048-інің мәртебесі анықталып, көрсеткіш 73,4 пайызға жеткен. Бұл өз кезегінде облысымызға еліміздің өзге өңірлері арасында бесінші сатыға көтерілуіне мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, мәртебесі өзектендірілуге тиіс азаматтардың арасынан 4140 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылғанын да айрықша атап өткен жөн.
Асқар Исабекұлы бұл жұмыстардың маңыздылығын баса айтып, жұмыс нәтижелігін арттыру жолында жалпы жоспардың әр айға бекітілген индикаторын белгілеу керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, өңір басшысы жоспарды орындауда сылбырлық танытқан Тараз қаласы және бірқатар аудан басшыларынан жауаптар алды. Жоспарды қалайда орындау керектігін алға тартып, тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Дулат Айтбай
Пікір қалдыру