Шығарма жазған рахат шығар. Әсіресе еркін тақырыпта көсілте жазғанда қалам ұстаған қолың ұзақ сапарға шыққан саяхатшы секілді күй кешетін болар. Ондай ләззаттың дәмін біз татып көрмеген екенбіз. Баяғыда мектеп бітірушілер шығарма жазыпты ғой. Қадыр Мырза-Әлидің ҚазҰУ-не (КазГУ) қалай түскенін жазған естелігін оқып едім. Тіл білмесе де, оның орыс және шетел әдебиетіне қатысты білімін ұстаздары таңырқай отырып бағалайды. Ал бізде сіздер тамсанатындай ештеңе жоқ. Бізге қарап адам қиялының қанатын осындай шеберлікпен қалайша қырқып алып тастаған деп таңдануға болатын шығар. Ең алғаш біздің елге тест жүйесімен білім бағалауға келісім берілген күнді, қазақ қиялының мерттіккен күні деуге болатын шығар. Әсіресе шығармашылық адамдарын тұмшалап, еркін ойлаудан айыруға негізделген шақ нақ сол кезең. Мықты суретші, шебер әдеби сыншы, қиялы ұшқыр мүсінші, талантты актер, буынсыз бишілер, керемет күйшілер көшеде тест жаттап кетіп барады.
"Түркістан" газеті