Қыздарды сұлулыққа сиқырлаған Зере қыздың құпиясы неде?

/image/2019/06/20/ew9q_emwcsk.jpg

Қас-кірпігің қарлығаштың қанатындай қап-қара,

Үлбіреген жүзің сенің ақ жібек пе, мақта ма?!

Әдемі теңеу, көңілге қонымды ұйқас. Қыз сұлулығының әсемдігін Мұқағалидан асырып ешкім жырламаған болар. Табиғатынан болмаса да, қарлығаштың қанатындай қап-қара қас-кірпікті қыздар бүгінде өте көп. Әркім сұлу болуға ұмтылады, сұлу жар сүйгісі келеді. Жан сұлулығынан бұрын тән сұлулығы бірінші көзге түседі. Дегенмен, әсемдік әлемінде шектеу жоқ.

Бүгінгі тақырыбымызға арқау болған кейіпкеріміз сұлулықтың табиғи жолын іздеп, әрбір аруға шынайы қуаныш сыйлап келеді.

Жас келсе іске деген. Адамның қызметке икемі, болашаққа бағдары жас талғамайды. Ісін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкерлердің өзгелерге үлгі боларлық өз жолы бар. Кішкентай ғана қызығушылығын үлкен іске айналдырып, Қазақстанда жоқ кәсіптің тетігін тапқан ару «Zere Purebeauty» өндірісінің негізін қалаушы - Зере Серікқазы. Ол өз ісін бастамас бұрын өзге қыздар сияқты сұлулыққа құштар болғанын жасырмады. Айналадағы сұлулықтың табиғи болмысын көре білген 24 жастағы ару еш ойланбастан кәдімгі қас-кірпік өсіретін майлардың өндірісін бастап кеткен.

 

Мен де кез келген қыз сияқты сұлулықты іздедім

Әр адам сұлулықты әртүрлі көреді, өз пайымдауларына сәйкес қабылдайды. Мен де өзге қыздар сияқты кірпік жалғап, қас сыздыруға қызықтым. Перманентті татуаж жасатсам өз-өзіме сенімді боламын дедім. Бұл мен үшін бір қиын кезең еді (Қыздар қауымы мені түсінер). Мен де кез келген қыз сияқты сұлулықты іздедім. Уақыт өте келе ешқандай кірпік жабыстырып, қас жасатпай-ақ, сұлу бола алатынымды түсіндім. Бұл жағдайды қалай өзгертуге болады деп көп ойландым. Табиғи сұлулығымды сақтай отырып әдемі болуға талпындым. Жанымдағы таныс қыздар да қас-кірпіктерін әдемі етіп жасатып алатын. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмайтын. Арада уақыт өткен соң қас-кірпік жұқарып, көңілге кірбің түсіретін. Өйткені қас-кірпікке де күтім керек. Осылайша мен қас пен кірпіктің табиғи болмысын сақтап өсуіне септігін тигізетін майларды ойлап табуға кірістім. Сол күннен бастап кәсібімді дамытуға жасаған алғашқы қадамдарым басталып кетті.

Зере масло

10 000 теңгеден басталған кәсіптің нәсібі

Оған дейін мен Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алдым. 19 жасымнан бастап жұмыс істеп, айына 200-300 мың теңге айлық табыс таптым. Бірақ айлығым жеткілікті болса да, жұмысқа деген махаббатым болмады. Өз-өзіме: «Сен осы жерде не істеп жүрсің?» деген сұрақты жиі қойдым.  

Сосын еш ойланбастан жұмыстан шығып кеттім. Жарты жылдай майлардың барлығының құрамын оқып, пайдасы мен зиянын анықтадым. Басқа компаниялар өндіретін майлардың құрамын зерттедім. Қалтамда ақшам да болған жоқ. Ата-анамнан 10 000 теңге сұрап, бірінші майлар мен бөтелкелерге тапсырыс бердім. Ары қарай жұмысқа қызу кірісіп кеттім. Басында бірден табыс болған жоқ. Тек жарты жылдан кейін кіріс кіре бастады. Мен оның барлығын айналымға жібердім. «Zere Purebeauty» қас-кірпік, шаш өсіруге арналған майлар өндірісін бүгінде барынша дамытуға күш салып жатырмыз.

Зере Майлары

Қызметкерлерімнің саны аз болса да, жұмыс сапасы өте жоғары болғанын қалаймын

«Zere Purebeauty» өндіретін майлар өте табиғи, химикаттарды, гармондарды пайдаланбаймыз. Майларға қажетті сапалы шикізаттарды Украинадан, Еуропадан тапсырыс беріп алдыртамыз. Олардың ешқандай зияны жоқ. Ең бастысы, тұтынушының кейбір компоненттерге аллергиясы болмаса болды. Әлеуметтік желідегі парақшамызда майлардың құрамы туралы толық ақпарат жариялаймыз. Кез келген тұтынушы толық ақпаратты сол жерден оқып, таныса алады. «Zere Purebeauty» өндірісінде қасқа, кірпікке, шашқа арналған майлар, табиғи заттардан жасалған сабын бар.

Бұл қазір біздің отбасылық кәсібіміз. 3 жылдан бері осы жұмыспен айналысып келеміз. Маған анам, бауырым көмектеседі. Әрбір қыздың табиғи сұлу болып, өздеріне деген сенімділігін арттыру үшін командамызда 6 адам жұмыс істейді. Өз командамның үлкен болуына талпынған жоқпын. Мен болмысымнан санға емес, сапаға мән беретін жанмын. Қызметкерлерімнің саны аз болса да, жұмыс сапасы өте жоғары болғанын қалаймын. Қызмет көрсету деңгейі туралы көп ойланамын. Өзім де тұтынушы ретінде көбіне қызмет сапасына, менімен қалай сөйлескеніне мән беремін. Өкінішке қарай, біздің еліміздегі қызмет көрсету деңгейі керемет жағдайда емес. Әр нәрсені өзімізден бастауымыз керек емес пе? Сол себепті, қарамағымда 5 адам жұмыс істесе де, қызмет көрсетуіміз жоғары деңгейде болады деген мақсат қойдым. Өзінің қайда баратынын, не боларын білмейтін 100 адамнан тұратын командаға қарағанда өз ісін шын сүйіп істейтін 5 адам нағыз маман болып шығады.

Менің де музам бар

Мен де шығармашылық адамымын. Менің де өз музам бар. Адамдардың адамгершілігінен, олардың әсерлі әңгімелерінен шабыттанамын. Мен жақсы жерлерде болғанды, саяхаттағанды жақсы көремін. Мен үшін әрбір саяхат - жаңа белес. Әр адам өз өмірінің іргесін жақсы көрген адамдарымен, оқыған кітаптарымен, ұмытылмас саяхаттармен және тәтті естеліктермен қалайды. Барлық керек емес ойлардан арылу керек, сенің жас жаның адалдық пен жақсылықты ғана сезінсін. Өткен өмірге қараудың қажеті жоқ. Болған іске өкінбе. Батыл бол, өзіңе шыншыл бол!

Сіз ыңғайлылық пен сұлулықтың қайсысын таңдар едіңіз? Өзгелердің мені қабылдауын  күткендіктен тар аяқ киім киюге дайын адамдардың қатарынан болдым. Мені сұлу адам ретінде қабылдағандарын қаладым. Бұл жай ғана өмір сүру салты. Өзгелердің сені мықты, сұлу, ерекше адам деп ойлауы үшін барлығын жасайсың. Бірақ барлығы олай емес. Осыны түсінгеннен кейін ыңғайлылықты бірінші орынға қоятын болдым.

 

Тоқта! Терең тыныста! Өмір ғажап!

Көпбалалы отбасында тәрбиеленген қызбын. Үйде 5 баламыз. Мен ата-анаммен бірге шетелде демалып көрген емеспін. Өкінішке қарай, менің ата-анамның ондай мүмкіндігі болған жоқ. Алайда мен ата-анамның өзгелерге жасаған жақсылығын көріп өстім. Олар бізді өзгеше етіп тәрбиеледі. Өзім ақша таба бастағаннан кейін саяхаттауды бастадым. Алғаш рет Түркияға құрбыммен бардым. Халықаралық конференцияға қатыстық, бір жағынан саяхаттап қайттық. Бұл менің өмірімдегі өте жарқын сәт болды. Мен алғаш рет өзге әлемді көрдім.

Бала кезімде көп саяхаттамағандықтан бұл мен үшін жаңа бір белес еді. Соңғы жарты жылдың ішінде 5 елде болдым. Жаңа адамдармен танысқанды, олардың қалай өмір сүретінін бақылағанды жақсы көремін. Олардың жақсы қасиеттерін бойыма дарытуға тырысамын. Ең бір жарқын саяхаттардың бірі Барселонаға болды. Мен ауырып, дене қызуым 40 градус болып тұрса да, жұмыс істей беремін. Тоқтауды білмеймін. Барселонада жүріп, арасында тоқтау керектігін, өмірдің кейбір сәттерін тыныштықпен өткізгеннің дұрыс екенін түсіндім. Бір жерге өмір бойы жүгіріп, асығып жүрудің қажеті жоқ. Тоқта! Терең тыныста! Өмір ғажап!

Зере майлары

«Кітап» атты құдіретті әлемнің бөлшегіне айналдым

Мен кітап оқуды аса ұнатпайтынмын. Бірақ бойымдағы кітапқа деген махаббатты оятуға тырыстым. Сөйтіп, 10 сыныптан бастап кітап атты құдіретті әлемнің бір бөлшегіне айналдым. Ұйқысыз түндерім басталды. Түнімен кітап оқитынмын. Бірақ бір жыл, жарты жылдан кейін оқығандарымды ұмытып қала беретін болдым. Сол себепті осы жылдан бастап мен күнделік жүргізуді қолға алдым. Барлығын сол жерге жазып отырамын. Кітаптан алған әсерімді, ойларды сол жерге тізбектеп теремін. Одан бері кітаптың мағынасына толық бойладым десем болады. Менің берер кеңесім, оқығаныңызды міндетті түрде түртіп жүріңіз. Кітаптағы кілт сөздерді жазсаңыз, ол ешқашан ұмытылмайды. Тек осылай ғана оқығаныңызды көңілге тоқуыңызға болады.

Зере майлары

Күн сайын алға ұмтылуды ойлаймын

Бізде де жұмысымыз жүрмей, ісіміз кері кететін кездер болады. Кейде біздің өнімді тұтынушылардың ішінде мінезі өте ауыр адамдар кездеседі және менің олармен сөйлесуге тәжірибем жетпей жатады. Менің де ішкі жан дүниемде қорқыныш сезімі бар. Бірақ күн сайын мен тек алға қарай ұмтылуды ойлаймын. Әр күні, әрбір минут сайын мен жүрегімнің үніне құлақ түремін. Менің бойымдағы тасыған энергияны қайдан алатынымды білмеймін. Бірақ таңертеңнен кешке дейін кездесулер мен жиналыстардың ортасында жүріп барлығына үлгеруге тырысамын.

Тұрмысқа шыққаныма жарты ай ғана болды. Мен қазір өз құндылықтарымды, ойымды өзгертіп жатырмын. Бір шаңыраққа келін болып түскеннен кейін менің өз міндеттерім бар. Мен бой түзейтін мінсіз әйелдер туралы айтатын болсам, Ирина Хакамадованың, Анастасия Миронованың, Тина Канделакидің еңбек жолдарын үлгі тұтамын. Менің ойымша, табысты әйел өзінің ісі бар, өзін жақсы көретін, өзіне көңіл бөлетін, айналасындағы әлемді жадыратып мерекеге айналдырады. Жүрегі нәзік, отбасын шаттыққа бөлейді.

Мен әрбір күнімнің есте қаларлықтай өткенін қалаймын. Айналамды керемет адамдар қоршағанын, өмірімнің әр сәті қуанышты болғанын тілеймін. Өзгелерге пайдалы дүние жасағым келеді. Қоғамға пайдалы, дені сау, ақылды ұрпақ тәрбиелегім келеді. Жүрген жерімде пайдалы болғанымды қалаймын.

Сұхбаттасқан Маржан Сәбет

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар