Астанада қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Кеңесті қауіпсіздік кеңесінің мәңгілік төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев басқарды. Жиында Арыс қаласындағы қазіргі ахуал және еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ кеңеске президент Қасым-Жомарт Тоқаев және қауіпсіздік кеңесінің мүшелері қатысты.
"Соңғы ақпаратқа сәйкес, зардап шеккендердің саны 160-тан асты. Барша қазақстандық бірлігіміздің бекем екенін көрсетіп жатқанын атап өткім келеді. Еліміздің әр түкпірінен азаматтар алаңдаушылық білдіруде, түрлі ұйымдар мен кәсіпорындардың жұмыскерлері зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бірігіп жатыр. Бір өңірдің басына түскен қиыншылық – бәрімізге ортақ мәселе. Біз халқымыздың ынтымағының арқасында барлық қиындықты еңсереміз. Барша қазақстандықтарға ризашылығымды білдіремін", – деді Назарбаев.
Отырыстың соңында Арыс қаласында жөндеу жұмыстарын жүргізу және азаматтардың тұрғылықты жеріне оралуын ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Пікір қалдыру