Арыстағы ағайынның үрейін туғызған апаттан кейін неше түрлі жағдайлар айтылып жатыр. Ал арыстық полицейдің үйін жарылыстан қорғап қалған жылқының тарихы туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі айтады.
Арыс қаласында тұратын полиция қызметкері Бағлан Жарылқасымов үйінің жанында қорада тұрған жылқысының құйрығына байланып қалған снаряд туралы айтып берді. Тура түссе, үйдің күлін көкке ұшыратын снарядтан оны жылқысы сақтап қалған көрінеді.
"Не дерімді де білмеймін. Бірақ әлгі снаряд менің атымның құйрығына оралып қалыпты. Мүмкін, менің атым – менің үйімді сақтап қалған періштем шығар", - деп ағынан жарылды полиция қызметкері.
Полиция қызметкерінің айтуынша, үйіне қайтып оралған кезде қораның ішіндегі жылқының құйрығына оралып тұрған снарядты көрген. Ол снарядты көре сала саперларға хабар берген.
Полиция қызметкері жарылыс болған күнді еске алып, отбасын бауырына табыстаған күйі қайта қызметке оралғаны туралы айтып берді.
"Біз жол бойымен қашып бара жаттық. Бізбен бірге көршілер де қашты. Бәрінің көзінде қорқыныш болды. ешкімнің өлгісі жоқ. Отбасымды қала сыртына дейін шығардым да, әріптестеріммен бірге қызметке оралдым. Тұрғындарды эвакуациялауға күш салдық", - дейді Бағлан.
Пікір қалдыру