Жамбыл облысының Сарысу ауданында облыс әкімнің орынбасары Нұржан Календеровтың қатысуымен қуатты 100 мегаватт болатын «Жаңатас Жел электр стансасы» ЖШС-ның құрылысы салтанатты түрде басталды.
Жамбыл облыс әкімдігінің мәліметінше, ағымдағы жылы құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі басталған аталған жел электр стансасы алдағы уақытта Орта Азиядағы желден электр қуатын өндіретін ең үлкен станса болмақ. Бұл электр стансасын салу туралы келісім-шарт инвесторлармен 2013 жылдың мамыр айынан бастап жүргізіле бастаған. Қазір бағаналарды орнату жұмыстарына арнайы кәсіби мамандардан бөлек, жергілікті тұрғындардан 300-ге жуық жұмысшы тартылған.
Ресми мәліметтер бойынша, жобаның жалпы құны – 130 миллион долларды құрайды. Сонымен қатар, Жел электр стансасының құрылысы 2020 жылы толық аяқталып, 40 адам тұрақты жұмыс істейді деп күтілуде.
«Қазіргі уақытта жобаны жүзеге асыру үшін құрылыс жұмыстарын жүргізумен айналысатын компанияға Сарысу ауданы әкімдігінің Түркістан ауылдық округінен 233 гектар жер берілген. Инвестициялық жоба аясында жергілікті халықтың жағдайын жасаумен қатар әлеуметтік-экономикалық дамуға да ерекше серпін берілмек. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңін бастағалы отырған жел электр стансасы Орта Азиядағы электр қуатын өндіретін ең үлкен станса болмақ», - деген облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров бұл нысанның экологиялық қауіпсіздігіне де тоқталып өтті.
«Жел электр стансасының қоршаған ортаға санитарлық-эпидемиологиялық әсері толық тексеріліп, облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының оң қорытындысын алды. Бұл нысан пайдалануға берілген соң тұрғындарға ешқандай да экологиялық қауіп болмайды», - деді Нұржан Календеров.
Ресми мәліметтер бойынша жобаның негізгі акционері - «Визор Қазақстан» компаниясы. «Жаңатас Жел электр стансасы» ЖШС бірінші жартыжылдықта Сарысу ауданы экономикасының негізгі капиталына 4,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция салып, негізгі көрсеткіштердің орындалуына оң әсерін тигізді.
Сонымен қатар, салтанатты шарада келісім-шартқа қол қойылып, жоба инвесторлары аудандық ауруханаға жедел жәрдем көлігін сыйға тартты.
Пікір қалдыру