Жамбылда халықтың табысын арттыру үшін ауқымды жұмыстар жасалынады

/img/default.jpg

Жамбыл облысында халықтың табысын көтеріп, тұрмысын жақсарту дұрыс жолға қойлып, арнайы жоспарлар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыс әкімі  Асқар Мырзахметов облыстық мәслихаттың кезектен тыс өткен сессиясында айтты. Асқар Исабекұлы осы жиныда облыста осы жылдың жартыжылдығында атқарылған жұмыстарын қорытындылап, есеп берді.

«Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі халықтың табысын көтеріп, тұрмысын жақсарту болып отыр. Сол себептен жаңа сайланған Республика Президенті өзінің ұлықтау рәсімінде де және жуырдағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында да осы мәселені ерекше атап өтті.Біз облысымызда осы мақсатқа қол жеткізудің жолдарын, тетігін анықтадық.

Өңірде 1 миллион 125 мың адам тұрады, оның 680 мыңы, яғни 60 пайызы ауылда шоғырланған. Енді халықты барынша қамту, әрі осы мәселені тиімді шешу үшін не істеу керек? Қолданыстағы бағдарламалар жылына орта есеппен 35-37 мың адамды ғана қамтиды.

Осы орайда осыншама халықтың ауылды жерде тұратындығы – ол біздің үлкен мүмкіншілігіміз. Себебі, әрбір ауылдық аула шын мәнінде – табыс көзі.

Бұның бірден бір дәлелі облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдері көлемінің 43 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі. Ал сүт пен еттің 60 пайызы үй іргесіндегі малдан өндіріледі.

Бұдан бөлек, кейбір аулалардың табысы айына 500 мың теңгені құрап, жылына 4-6 миллион теңгеге жетіп отыр. Бұл мемлекеттік қолдаусыз. Қажетті қолдау көрсеткен жағдайда, табыс ұлғая түспек. Ал қазіргі уақытта облыс бойынша ЖҚШ-ның орташа табысы айына 25-30 мың теңгеден аспайды. Себебі – ұйымдастыру мәселелерінің, айталық, өнімді орталықтандырылған түрде сатып алудың, сақтаудың, алғашқы өңдеудің, тасымалдаудың, мал азығының жетіспеушілігінің, азын-аулақ қаражаттың болмауының шешілмегендігі.

Сондықтан да, бірінші кезекте қосалқы шаруашылықтарға бағытталған мемлекеттік саясатты қалыптастыра отырып, тиісті қолдау көрсетсе, көтеріліп отырған мәселеден бөлек, басқа да маңызды сұрақтар шешімін тапқан болар еді. Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімін еселеп көтеру, қайта өңдеуді дамыту, импортты алмастыру, азық-түлік бағасын төмендету, жұмыссыздықпен тиімді күресу, әлеуметтік көмекке жүгінушілердің санын азайту, жалпы ауылдың әл-ауқатын көтеруге жол ашылған болар еді» – деді Асқар Мырзахметов өз есебінде.

Қуаныш Кеуілімжай

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар