ОҚО-да тұрғын 10 баланы құтқарып алды

http://old.qamshy.kz/wp-content/uploads/2015/06/kutkaru.jpg
Оңтүстік Қазақстанда көпқабатты тұрғын үйде шыққан өрт 21 адамның өмірін жалмай жаздады. Қайғылы оқиға  Кентау қаласында болған. Ал оңбай күйіп қалғандардың дені балалар. Әсіресе денесінің 25 пайызын күйік шалған 8 жасар қыз бен оның әжесінің хәлі мүшкіл. Ал бір мезетте баспанасыз қалғандар қазір туыстарын жағалап кеткен. Түн ауа мына үйдің үшінші қабатынан шыққан тілсіз жау бірден жоғарыдағы пәтерлерді шарпыған. Шырт ұйқыда жатқан тұрғындар заттарын жинамақ түгілі көк түтін арасынан бір-бірін таппай әуреге түсіпті. Қайта сол маңда кездейсоқ өтіп бара жатқан Алмас Тағайбеков есімді азамат от арасынан 10 шақты баланы шығарып алған. Қалғандарын өрт сөндірушілер құтқарды. Ал ауруханаға жеткізілген 21 адамның, 12-сі балалар. Әсіресе жансақтау бөлімінде жатқан әйел мен немересінің жағдайы ауыр. Қуаныш Сейілбеков, Кентау қалалық ауруханасының хирургі: -Қыз баланың диагнозы екі санының термиялық күйігі. Көмір қышқыл газымен улану. Жалпы жағдайы ауыр. ИВЛ аппаратымен демалуда. Ал, 48-ші жылғы апаның да жалпы жағдайы ауыр. Ол кісіде ИВЛ аппаратымен демалуда. Көмір қышқыл газымен уланудың ауыр дәрежелері. Жансақтау бөлімінің алдын торыған бұл кісілер түнгі өрттен пәтерсіз қалған тұрғындар. Тілсіз жау 3 отбасының шаңырағын күлге айналдырған. Қымбат Есенбекова, Кентау қаласының тұрғыны: -Үйімнің бәрі дүниенің бәрі, құжаттар  өртеніп кеткен. Түк жоқ үйде. Құтқару кезінде мамандар подъездегі бүкіл есіктерді сындырып кірген. Енді соның бәрі жаңаланып, ал қызыл жалын жалмаған пәтерлер күлден тазартылып жатыр. Облыс басшылары жергілікті шенділерге бір айға жеткізбей тұрғындарды өз пәтерлеріне кіргізіңдер деген талап қойыпты. Нұржан Тәшімов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары: -Қазіргі таңда бүкіл осындағы зардап шеккен 3 пәтердің 2 пәтерін жөндеп береміз. Бүкіл толығымен, терезелерін ауыстырып береміз.  Тұратын эвакуация үшін мекен-жай ұсынылды. Олардың қазіргі таңда екі отбасы келісіп, мекен-жайға баруға келісті. Қалғандары бас тартты. Әзірге өрттің жай-жапсары анықталып жатыр. Дегенмен, тілсіз жаудың шығуына үшінші қабаттағы тұрғынның шылымын өшірмей ұйықтап қалуы себеп болуы мүмкін делінуде. Бұл бойынша қылмыстық іс те қозғалды. Ал, өрт сөндірушілерден бұрын жетіп, он бүлдіршінді құтқарған Алмас Тағайбековті атқамінерлер жергілікті батыр ретінде марапаттамақшы.

Қатысты Мақалалар