Балалардың бір сәттік қуанышы үшін саналы ғұмырын бейнетке жұмсаған ұлттымызда бала тәрбиесінің орны бөлек. Тіптен думандатып өткізетін дүбірлі тойының алғашқы бастауы да баланың өмірге келуімен байланысып жатады. Осы үрдісті жалғаған түркістандықтар балалар мерекесіне орай кешенді іс-шара жасап, соның аясында даталы күнді кең көлемде атап өтті.Таңертең орталық Есімхан алаңында бастау алған шарада балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлайтын мерекелік шағын концерт пен түрлі сайыстар ұйымдастырылды. Бұдан соң арнайы сый-сияпатқа толтырылған көліктер 100-ден астам мүгедек балалардың үйлеріне мерекелік базарлық таратуға жол тартты.Осылайша жалғасын тапқан бүлдіршіндердің қуанышты күні ресми шарамен жалғасты. Қалалық мәдениет үйінде өткен «Бар жақсылық – балаларға» атты концерттік бағдарламаның алғашқы бөлімінде қала әкімі балаларды құттықтап, мектеп оқушыларына алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Шаһар басшысының айтуынша бүл күні жалпы саны 500 балаға түрлі деңгейде қолдау көрсетілмек. Соның ішінде, жазғы демалыс лагерлеріне 163 балаға тегін жолдама берілсе, 128 бала киім-кешекпен қамтылды. Сонымен бірге, мұндай қолдаулардан балабақша бүлдіршіндері де құр қалған жоқ. Айта кетерлігі, соңғы жылдары Түркістанда балаларды балабақшамен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде 2009 жылдан бері 43 білім мекемелері бүлдіршіндерге есік ашып, осы уақыт аралығында балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамту 13 пайыздан 76,5 пайызға артқан. Айта берсек, 22 мектептің жаңа ғимараты да осы жылдар ішінде пайдалануға беріліп үлгерген. Айта кету керек, мереке күнінде балалар қуанышын еселей түсу үшін жалпы көлемі 6 млн-ға тарта қаржы жұмысалған. Оның ішінде балалар демалысы үшін 2,8 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен қаралса, қалған қаржы қаладағы жаны жомарт жандардың есебінен берілген. Міне, осындай жан жадыратар жаңалықтары көп мерекеде киелі өңірдегі облыстық балаларды оңалту орталығының тәрбиеленушілері де шат-шадыман қуанышқа бөленді. Тарихи-мәдени этнографиялық орталықта балаларға қуаныш сыйлаған шарада бүлдіршіндер өз ризашылықтарын зор қошеметімен жеткізді. Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі