2000 жылдан астам тарихы бар Тараз қаласының атауы ХІХ ғасырдың ортасынан бері 5 рет өзгерген. Әрі саяси жүйенің ауысымен оның бағынышты әкімшілік аумағы да талай өзгеріске ұшырап отырған деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
1867 жылы «Жетісу мен Сырдария облыстарын басқарудың уақытша ережесі» бекітіліп, бұрынғы Сырдарияның шекара маңы аудандары мен Қоқан хандығы құрамындағы 7 уезді біріктіру жолымен жаңа Сырдария облысы құрылды. Қоқан хандығы құрамындағы 7 уезбен бірге Әулиеата уезі де Сырдария облысына бірігеді. Арада жарты ғасыр уақыт өткен соң Қазан төңкерісі орын алады. Бұл саяси оқиға патшалық Ресей мемлекетінің түзе бүгіп Кеңес одағының құрылуына әсер етті. Жаңа мемлекетте жаңа саяси жүйе және басқарудың тың тәсілі қолданылады. Осылайша Әулиеата уезі Сырдария облысының әкімшілік аумақтық бөлінісі ретінде Түркістан АССР-ның құрамына кірді. Ал 1924 жылы ҚазақАССР пайда болуымен Әулиеатаның уезінің әкімшілік бағыныштылығы қайта өзгерді. 1928 жылдың 17 қаңтарында Әулиеата уезі болыстарға таратылып оның негізінде Сырдария округінің аудандары құрылды. Бүгінгі Тараз қаласы, Жуалы, Меркі, Сарысу, Талас, Шу аудандарының әкімшілік аумағы осылай пайда болған еді.
1932 жылдың ақпанында Қазақстанда жаңа әкімшілік-аумақтық бірлік ретінде облыстар пайда болды. Дәл осы тұста қазіргі Жамбыл облысының аумағы көршілес жатқан 3 облыстың аумағына енді. Мәселен, Әулиеата (қазіргі Тараз қаласы), Жуалы, Меркі, Талас аудандары Оңтүстік Қазақстан облысына жатқызылды. Ал Сарысу ауданы Қарағанды облысының құрамына кірсе, Шу мен Қордай аудандары Алматы облысының құрамын толықтырды.
1936 жылдың қаңтарында 200 жыл бойы Әулиеата атанған шаһарға Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшысы болған Мирзоянның аты берілді. Дегенмен бұл атау партия белсендісінің көзі тірісінде ақ (1938 жылдың 3 маусымында) Джамбул (Жамбыл) деп ауыстырылады. Іле шала ҚазақКСР Жоғары кеңесінің жарлығымен (1939 жылдың 14 қазанында) құрылған облыс та Джамбул (Жамбыл) облысы деп аталды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы мемлекеттік ономостикалық комиссия орыс тілді атауларды транскрипциялау туралы жарлық шығарып (1993 жылдың 5 сәуірі) Джамбул облысы Жамбыл облысы ал Джамбул қаласы Жамбыл қаласы деп өзгертілді.
1997 жылдың 8 қаңтарында жергілікті атқарушы билік органдарының өтініші мен көпшіліктің талап тілегін, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы мемлекеттік ономастикалық комиссиясының қорытындысын ескерген Мемлекет басшысы Жамбыл қаласына тарихи Тараз атауын қайтару туралы Жарлық шығарды.
Пікір қалдыру