Көші-қон үдерісін бақылау және заңсыз еңбек мигранттарының тасада қалуына тыйым салу мақсатында бір терезе әдісімен құрылған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы Көші-қон қызметі орталығына бір жыл толып отыр. Орталық жұмысына әсіресе, шетелдік жұмысшылар дән риза.
–Бізде де мұндай орталық бар, алайда құжаттарымызды дәл осылай жылдам рәсімдей алмаймыз. Мұнда бір жерде, 1-2 сағатта құжатыңыз дайын, - дейді Бакуден келген Рустам Арманов орталық қызметіне ризашылығын білдіріп.
–Орталықта еңбек рұқсаттарын беруге тартылған барлық құрылымдар (банк, нотариус, медициналық қызметкерлер, сақтандыру агенттері) орналасқан. Бұл қызметтің мерзімін 7 күннен 2 сағатқа дейін қысқартуға және еңбек мигранттарына экономиканың "көлеңкелі секторынан" шығуға және сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуға мүмкіндік берді, - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы директоры Данияр Қырықбаев.
Жыл сайын Қазақстанға шамамен 6 млн шетел азаматы келеді екен. Соның көпшілігі республиканың ең үлкен мегаполисінің бірі - Алматы қаласының үлесіне тиетін көрінеді.
–Біздің орталықтағы 26 маман күніне 400-500 адамға қызмет көрсетеді. Жаз мезгілінде келушілер саны 800-ге дейін болады. Келетіндер негізінен Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты ТМД азаматтары,- дейді Алматы қаласы Көші-қон орталығының басшысы Ғалым Іскендірұлы.
Алматыдағы миграциялық орталықтың жұмысына шетелдіктер риза болып, жұмыстарының жылдам біткеніне алғыстарын жаудырып жатады. Әсіресе, миграциялық орталық ашылмай тұрғанда қызмет алып көргендер, бүгінгімен салыстыра отырып қызмет алуда Қазақстанның тәжірибесін жоғары бағалайды. Тіпті, жақында Орта Азия елдерінің Ішкі істер министрлері де келіп орталық жұмысымен танысып кетті. Қырғызстан Ішкі істер министрі Кашкар Джунушалиев, Тәжікстан Ішкі істер министрі Рахимзода Рамазон және Өзбекстан Ішкі істер министрі Пулат Бабаджанов орталық жұмысының қолайлылығы мен тиімділігін көріп, бұл тәжірибені өз елдерінде жүзеге асыратындарын айтты.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпрациясының Алматы Көші-қон орталығы бір жыл ішінде еңбекші көшіп келушілерге 54 946 рұқсат берген және мерзімін ұзартқан. Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу бойынша 71900 қызмет көрсеткен.
Пікір қалдыру