Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында «Қазақстан –алма мен қызғалдақтың отаны» деп аталатын тарау бар. Мұнда еліміздің табиғи, географиялық ерекшеліктеріне байланысты алма мен қызғалдақтың бірнеше түрінің өсіп, әлемнің түпкір-түпкіріне таралып отырғаны айтылады. Сәйкесінше Жамбыл облысының аграрлық әлеуетінде алма шаруашылығының алатын орны ерекше, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Жамбыл облысындағы Меркі ауданындағы «Меркі тәжірибе шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алма өсіріп, одан мол өнім алып отырған бірден бір агроқұрылым саналады. Серіктестікте дайын алма жемісінен бөлек оның көшеті де облыстың барлық аудандарына сатылады. Осылайша бір ғана тәжірибе шаруашылығы негізінде облыс диқандары алма жемісінің экономикалық тұрғыдан тиімділігі мен денсаулыққа пайдалылығын ескеріп оны көптеп өсіруге көңіл бөлуде. Тіпті табиғаты шөл және шөлейтті аймаққа жататын Мойынқұм ауданында алма шаруашылығында ілгерілеушілік байқалады. Бір кездері ауданда «Жасұлан» кеңшары 200 гектар жерге алма бағын орнатып, одан мол өнім алған. Тіпті Мойынқұмның алмасы Жамбыл өңірінен бөлек еліміздің солтүстік өңірлерінде үлкен сұранысқа ие болғаны бар. Сондай-ақ Кеңес одағы тұсындағы аудандағы Айдарлы, Мойынқұм, Жазылбек Қуанышбаев атындағы кеңшарлар да алма бағы болған екен. Алайда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тістегеннің аузында, ұстағанның қолында жеткен гидроқұрлым жүйелері бұл бақтарда су тапшылығының орын алуына ықпал етті. Қазір аудан әкімі Мәден Мұсаевтың басшылығымен өңірдегі каналдардың әлеуетін толық пайдалану мәселесі күн тәртібіне қойылды. Соның есебінен ауданда суармалы егістік көлемін арттыру үшін егінге суды уақыттыла беру жұмыстарының бойына қан жүгірді. Аудан белсенділері енді Мойынқұмда алма бақтарының көлемін көбейту қажеттігі туралы бастама көтеріп жүр. Сонда бір кездері күллі республиканы «Жасұланның алмасы-ай» дегізген алма шаруашылығындағы Мойынқұмның даңқы қайта көкке өрлемек.
Бүгінде Жамбыл облысының Жамбыл, Байзақ, Меркі аудандарында алма бақтарының өнімдері жергілікті тұрғындар сұранысын өтеп келеді. Сондай-ақ алма шаруашылығын үдемелі бақ технологиясы енгелі де бұл істе ілгерілеушілік байқалды. Ендігі жерде облыстың алма шаруашылығындағы атын шығаруға Мойынқұм ауданы үлес қосудан үмітті.
Пікір қалдыру