Байзақтық оқушылар кадет сыныптарында тәрбиеленуде

/image/2019/09/09/crop-4_7_465x620_kadet.jpeg

Жамбыл облысының Байзақ ауданында екі кадет сыныбы жұмыс жасайды. Қазірдің өзінде мұндағы әр сыныпта 20-25 бала тәлім алуда, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Елбасы-Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында ұрпақты санасында патриотизм ұғымын қалыптастыруға айрықша тоқталған. Дәл осы мақсатта Ішкі істер министрлігімен өңірлерде кадеттер сыныбын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кадеттер сыныбын ашудағы басты мақсат мектеп оқушылары арасында құқық қорғау қызметінің беделін арттыра отырып, оларға әскери-патриоттық тәрбие беру болып табылды. Мұндағы тәрбиеленушілер дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық, жолда жүру ережесі сынды пәндер бойынша тереңдетілген білім беріледі.

Ал Жамбыл облысында бұл қанатқақты жобаны облыс әкімідігінің білім басқармасы мен полиция департаменті бірлесе қолға алған. Аталған жоба аясында өңірде алғашқылардың бірі болып екі кадет сыныбы Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында ашылды.

–Кадеттер сыныбына ұлдар да, қыздар да қабылдана береді. Яғни тәрбиеленушілерді іріктеуде ешқандай шектеу жоқ. Олар бұл сыныптарда мектепті тәмамдағанға дейін әскери-құқықтық тәрбие алатын болады. Бұл сыныптардың сапын толықтыруға ниетті оқушылардың қатары қалың. Кадет сыныбы ашылған алғашқы күннен мұнда 20-25 тәрбиеленуші келді. Тәрбиеленушілерге құқық қорғау органдарының атқарар қызметі тереңдетіле оқытылады. Сондықтан мұнда талап пен тәртіптің қатаң болуы заңдылық,– дейді Байзақ аудандық полиция бөлімі бастығының кадр мәселелері жөніндегі орынбасары, полиция майоры Ғалымжан Оразбеков.

Кадет сыныбындағы тәрбиеленушілер дәріс кезінде бірыңғай әскери форма киеді. Сондай-ақ олар тиісті қызмет өкілдерімен бірге қоғам тыныштығын күзету ісіне де тартылмақ.

Айта кету керек кадет сыныптарының тәрбиеленушілері өз болашағын құқық қорғау органдарымен де байланыстыра алады. Әрі оларға мұнда еліміздегі арнаулы жоғары оқу орындарының мамандықтар тізбесі мен түсу талаптары таныстырылады. Облыс аумағында Елбасы-Тұңғыш Президенттің Жолдауында айтылған жастар арасында патриотизмді насихаттау шаралары белсенді қолға алынған. Мәселен өңірде мектеп оқушылары «Жас сарбаз» қозғалысының жұмысына көптеп тартылып жатыр.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар