Жолдаудың жүгі әркезде де ауыр. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовпен билік пен бұқара арасындағы жұмысты жүйелі ету бағытындағы алгоритмнің қабылданғанына жылға жуықтап отыр. Бұл қалалар мен аудан әкімдерінің жұмысын ширатуға сеп болуда деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Мәселен ауыл әкімдері кездесулер барысында туындаған аудандық және облыстық деңгейде шешілетін мәселелерге қатысты аудан әкімі мен облыс әкімінің бас инспекторына ұсыныстар бермеу фактілері орын алған. Әкімдер тарапынан халықпен арадағы кері байланыстың жүйелі жолға қойылмауы, тұрғындар тарапынан әртүрлі бағыттарда арыздардың жазылуына себеп болуда және олардың бірқатары қайталануда.
«Көш жүре түзеледі» демекші жоғарыдағы аталған сындардан қорытынды шығарып, аудан әкімдері, тиісті жауаптылар алгоритмге сәйкес жұмыстарды жүйелендіруі қажет екені анық.
Сонымен бірге, облыс әкімінің 2018 жылғы 6 тамыздағы №142-ө өкімімен жергілікті атқарушы органдардың интернет кеңістікте жұмыс жүргізудің тәртібі бекітілген.
Тәртіпке сәйкес, бірінші басшылар интернет ресурстар мен ақпараттық жүйелерде, әлеуметтік желілердегі парақшаларға (аккаунттарға) түскен сұрауларға, сауалдарға, хабарламалар мен өтініштерге, проблемалық сұрақтарға жедел ақпарат /1-3 сағат ішінде/, ағымдағы ақпарат /1-2 күн ішінде/, қосымша нақтылауды қажет ететін ақпараттар /3-5 күн ішінде/ ресми жауап ретінде жолдауы тиіс.
Үстіміздегі жылдың 28 тамызында «Жамбыл облысы әкімінің және облыс әкімдігінің лауазымды тұлғаларының әлеуметтік желілердегі парақшаларын, облыс әкімдігінің ресми сайтын, Қазақстан Республикасы электронды Үкіметіндегі облыс әкімінің (e-gov.kz) «Ашық диалог» порталын жүргізу жөніндегі нұсқаулық» бекітілді.
Ендігі кезекте, басқарма басшылары және Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің тоқсан сайын осы бағыттағы жұмыстары қаралатын болады.
Бірінші басшылар азаматтардың мәселелерін барынша жергілікті деңгейде шешіп, орталық органдарға немесе Президент Әкімшілігіне жүгінуге мәжбүр еткізбеу керек.
Арыз-шағымдарға берілген жауаптарға қанағаттанбаушылық сол салада күрделі түйткілдердің бар екеніндігін көрсетеді.
Алдағы уақытта мемлекеттік органдардың жұмысы азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектеріне заңнама шеңберінде жедел әрі қайта қайырылмайтындай жауап беруіне байланысты бағаланатын болады.
Пікір қалдыру