Бес басым бағыт – жарқын келешегіміздің кепілі

/image/2019/09/22/crop-36_19_750x1543_til.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында барлық сала бойынша өткір де, өзекті, маңызды деген бірқатар мәселені қамтыды. Жолдауда атап көрсетілген бес басым бағыт пен 10 міндет – жарқын келешегіміздің бастауы екені анық. Ендігі мәселе Жолдау жүктеген міндеттерді сөзбен емес, іспен жүзеге асырудың кезі келді.

Президент аталған құнды құжатта «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» - деген болатын. Бұл – өте орынды көтерілген бастама.

Мәселен архив саласы әлемнің әр түкпірінен келген сұраныстарға сақталып отырған құжаттың негізінде жауап дайындайды. Күнделікті кеңсемізге түрлі ұлт өкілдері бас сұғатыны белгілі. Өзге ұлт өкілдеріне өкпе жоқ, қай тілде сұрақ қойса сол тілде жауап беруге, құжат дайындауға тырысамыз. Өйткені заң талабы солай. Олардың құқықтары сақталуы керек. Алдымызға өтінішпен келген соң, қанағаттанарлық жауап беру біз үшін парыз. Кейде келген тұтынушы орыс, неміс, кәріс, күрді секілді өзге этнос өкілі болған соң бірден орыс тілінде сәлемдесіп, келген шаруасын сұрап жатамыз Сондай сәтте қызмет алушы өзге ұлт өкілінің таза қазақ тілінде келген шаруасын айта бастағанда ыңғайсыз күй кешесің. Азаматты алдымен қазақ тілінде қарсы алмағаныңа налыйсың. Әйтсе де оның қазақ ұлтын, тілін сыйлағанына разы боласың. Құдды бір жоғалғаның табылғандай болады. Шаруасын бітіріп берген соң, сөзге тартып, қалай қазақша таза сөйлеп тұрғанын, қазақ тілін қайдан үйренгенін сұраймыз. Өзге ұлт өкілдерінің ішінде сөздің майын тамызып, қазақы мақалдарды мысалға келтіріп тұрып сөйлейтіні, ойын әдемі әзілмен жеткізетіндері жиі кездесіп жатады. Өздері айтқандай, ол кісілердің көпшілігі қиын-қыстау кезеңде қазақтардың қамқорлығын көрген, ұлтымыздың қара домалақтарымен бірге ойнап, бірге өскен немесе ауылда тұрған болып шығады. Негізінде елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс бар болса, демек Қазақстанда сонша тіл бар деген сөз. Көк тудың астына жиналған, бір ауада тыныстап, бірге тұрып жатқан әрбір ұлтттың бір-біріне деген құрметі толастамауы керек. Осы жерде мен түйген бір ой - елге құрмет мемлекеттік тілді үйренуден бастау алады. Ендеше алдағы уақытта ана тілімізде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері көбейіп жатса бұл нұр үстіне нұр болар еді.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, алдымыздағы басты мәселенің бірі - латын әріпіне көшу. Жасы үлкендердің айтуынша, латын қарпіне көшу деген жаңалық емес, ана тілімізге қайта оралу екен. Сондықтан, ана тіліміздің өркен жаюы үшін әліпбиімізді латын тіліне көшірудің пайдасы зор екеніне сенімдімін.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар