Ағымдағы жылдың басындағы мәлімет бойынша Жамбыл облысы тұрғындарының жалпы саны 1 миллион 125 мың 442 адамды құрайды. Ал облыстың 1 миллионыншы тұрғыны осыдан 14 жыл бұрын Т.Рысқұлов ауданында дүние есігін ашқан, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Т.Рысқұлов ауданында тұратын Нұрбол Түстікбаев пен Шолпан Құрманбекова алғашында 2005 жылдың 23 қыркүйегінде дүние есігін ашқан ұлдары Данияр Әсемқұлдың миллионыншы жамбылдық екенінен бейхабар болған.
–2005 жылдың 23 қыркүйегінде Даниярды дүниеге әкелдім. Алайда ол кезде Жамбыл облысының миллионыншы тұрғынының анасы атанғанымды білген жоқ едім. Тек үш айдан соң Тұрар Рысқұлов аудандық әкімдігінің қызметкерлері келіп маған бұл хабарды сүйіншілетіп жеткізді. Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімінің арнайы құттықтауға келетінін естігенде қуанышымда шек болмады. Бұлай болады деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірмеген шығар. Шынымен мереке қарсаңында облыс әкімінің орынбасары өңір басшысының арнайы құттықтауын жеткізіп, Тараз қаласынан үш бөлмелі пәтердің кілті мен 1 миллион теңге көлемінде арнайы сыйлықты табыс етті,– миллионыншы жамбылдықтың анасы Шолпан Құрманбекова.
Қазір Данияр отбасымен бірге Тараз қаласында тұрады. Айтпақшы Жамбыл облысының миллионшы тұрғыны Нұрбол Түстікбаев пен Шолпан Құрманбекованың шаңырағындағы екінші перзент. Ол білім алатын Тараз қаласындағы №53 мектептің педагогикалық ұжымы да Даниярдың оқуда озат екенін алға тартады.
Жалпы соңғы 20 жылда Жамбыл облысында демографиялық дүмпу байқалады. ХХІ ғасырдың алғашқы жылы жамбылдықтардың жалпы саны 986 144 адам болған. Одан кейінгі 3 жылда облыс халқының саны 979 199 адамға дейін азайып кеткен. Бұған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы көптеген ұлт өкілдерінің тарихи отанына оралуы мен жайлы тұрмыс іздеу мақсатында өріс алған республикадағы ішкі миграцияның әсер еткені даусыз. Бұл факторлар күні бүгінге дейін облыс халқы санының өсіміне тежеу болып келе жатқаны даусыз. Облыс тұрғындары негізінен Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау қалаларына қоныс аударады. Сол секілді, жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы есебінен солтүстікке қоныс аударушылардың саны да едәуір ұлғайған.
Пікір қалдыру