Қалау Сәлеметбайұлы
1983 жылы дүниеге келген. Ақын, аудармашы. Өлеңдері Республикалық мерзімді БАҚ беттерінде жарияланып тұрады. Ағылшын тілінен Рабиндранат Тагор, Эмили Дикинсон сынды ақындарды аударған.
****
Бала күндей ойнар едім алысып,
Әжіміммен болған жоқсың танысып.
Сүйе алмадым,
Бүтін жырдың бетіңе
Бір әрібі кетеме деп жабысып...
Сәл жымидың,
Жетер маған осы да,
Едігәрі хат жазбаймын, шошыма !
Отырамын арқар – арман төстігін,
Кірпігіммен қақтап көздің отына.
Өзің жайлы жарыма да шағынып,
Тындым ақыр тағдырыма бағынып.
Хаттарыңнан қайық жасап баладай
Көп ойнадым көз жасыма ағызып.
Марқұм болған махаббаттың (енді жоқ),
Ойла мені хатымына келді деп.
Сары жапырақ жүрегімнен төгілген,
Сыбырлайды сағыныштың ерні боп.
********
Қаралы хабар...
Жаралы хабар.
Қалжырап
Түсті әрең көкжиектен таң құлап.
Тоңазыған сәулелері күннің де,
Сынып түсіп жатыр жерге саудырап.
Ширға алып кетіп сол бір шақтардан,
Қамсыздықтың қарынын кім ақтарған?
Қасіреттің кездігі ол кескілер,
Жалғыздықтың жезіменен сапталған.
Ақша бұлт ақ кебініндей ағарған,
Кетті ол көкке,
Жан ед нұрдан жаралған.
Қолым бұлғап жүгіремін жағалап,
Шыға алмай өмір дейтін аралдан.
Сол қаралы хабар жетіп таралып,
Қара жерге ұрды мені тағы алып.
Ақ тамшылар жапқан сан мың қарашық,
Қаралы үннен бара жатты ағарып.
Ажал кетті әзірге алып керегін,
Біледі тек қара табыт дерегін.
Сүйіп суық маңдайыңнан,
Өлімге
Барамын деп мен де уәде беремін,
Қош бол, інім !
*******
Паһ, шіркін !
Сурет болмас мұнан асыл,
Секілді жатқан ғажап құранда сыр.
Жер – ана, өзен – жіпті суырытпақтап,
Көкшіл көлдің беліне орап жатыр.
Таң еді тамылжыған тамыз әні,
Толқыған терек жасын ағызады.
Күн ерітіп ақша бұлт – балмұздақты,
Таулардың таңдайына тамызады.
Күніне неше жылап, неше күлген,
Көк аспан кең сияқты кешегіден.
Екпетінен түседі даңғой құйын,
Көк шалғын тартып қалып етегінен.
Даланың жеткенінше мұңлы кеші,
Шығады күле-күле күннің есі.
Тынымсыз шапқылайды қосаяқтар,
Байланған құйырығына тірлік оты,
Жан жүйемді жаулап бұл жатты жарық,
Құшақтап сүйіп тұрдым тасты да анық.
Билерін қызықтаймын құмырысқаның,
Көзден аққан шарапқа мас қып алып..!
Көктем
Мүйізі кеудемді осып, шымырлатып,
Барады қайда жүрек – бұғым қашып ?
Көк аспан түшкіреді,
Кеңсірігін
Көк теректің жас бүрі жыбырлатып.
Жанымды тек жыр ғана жаулап алып,
Беттеп бара жатырмын бауға қаңғып.
Кіндігін көктеменің кесемін деп,
Кездігін жатыр аспан тауға жанып.
Бұтағына асылып ғасыр өлген,
Неге сонша жабырқап жатыр емен ?
Жас толқын жағалауға емінеді,
Жас қозыдай үйшіктің тасын емген.
Қаларсың қалғып кеткен бал бөбек деп,
Боз жусан қар астында-ақ алды көктеп.
Алғашқы самал маған соғылады,
Жаңа туған ботадай тәлтіректеп !
Қара бұлытқа артып ап шаңырағын,
Қыс аттанып барады, аңырамын.
Түбінде ақ қар қалған өрім талдар,
Арудай құшақтаған ақ лағын !
Алдымнан ашылғандай дәптер ұлы,
Қара жер маған сондай пәк көрінді.
Шіркін-ай, қандай ыстық
Қатал қыстың
Топыраққа айналған ақ кебіні..!
********
Ақын едім аспанға ұрған атағын,
Бірақ, ода жоқ-ау сенің шатағың.
Сүйретіліп жүресің бе,
Ау, сағыныш,
Мың саржан боп өссе де ақ сақалым ?
Не ғажап бұл ?
Мың бұлқынып мұң алдан,
Қуат алар самайдағы қыраудан.
Мен Алтайдың ақиығы ем, амал не,
Түлкі – дүние шеңгелінде бұралған !
Кеңістікте көтеріп жер – басымды,
Оянамын мазалап мың ғасырды.
Нүкте басып сурет салған сәбидей,
Жүлдыздармен жазып алам атыңды.
Түссем кейде шаттық – шыңның басынан,
Бір жылыңмен бір ізімді жасырам.
Уақытқа қалай өлшем қыламын ?
Сағат дейтін шеңберді сол "сасыған".
Қаша алмаймын.
Және несін қашамын ?
Жас бейнеңді көкірегіме басамын.
Мәңгілікке бастайм сені,
Жолыңда
Табаныңа төселіп ақ сақалым.
Қалау Сәлеметбайұллы
**********
Cағыныш-ау, мен – тағдырға тостаған,
Көз жасыммен толамын да,
Бос қалам.
Бір жымита алмас сені жүз жырым,
Ақынмын деп айта алмаспын тек саған !
Арда Алтайды жүрегіммен көшіріп,
Алатауда елеңдеймін, есіріп.
Мен өзіңді күтіп өтем,
Самайда
саған арнап аппақ гүлдер өсіріп...
Жүректегі (тамып қалам – бұрғыдан )
Сенің атың боп жазылып тұрды қан.
Силау үшін көз жасымды кіршіксіз,
Жанарымда өмір бойы тұндырам...
Кемедейін келе жатқан сең бұзып,
Тым ұзаққа төзе де алмас енді үміт.
Әжіміммен атың жазып жүзіме,
қалам қатып тағдырыма телміріп.
