Еліміз егемендік алғалы бері ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Елбасы-Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесін назардан тыс қалдырған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та салаға серпіліс сыйлау мақсатында стратегиялық мақсаттар қойып отыр.
Ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі айтылған жерде ветеринариялық қауіпсіздіктің де қатар жүретіндігі даусыз. Өйткені, төскейді төрт түлікпен толтыру тұрғысында мал дәрігерлеріне артылатын міндет те зор. Сондықтан да мемлекет кейінгі жылдары ветеринариялық нысандардың санын арттырумен қатар сала мамандарын ынталандыруға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында әлеуметтік қолдауға ие болатын мамандықтарлдың қатарына жас ветеринарлардың енгізілуі де осы сөзімізді нықтай түскендей.
Бүгінде Қордай ауданында да ветеринария саласын дамытуға бағытталған тындырымды тірліктер атқарылуда. Бекітілген межеге сәйкес аудандағы 5 ветеринариялық пунктерді ғимараттармен қамту жоспарланған. Есепті кезеңде Алға және Ноғайбай ауылдық округтеріне 10,4 миллион теңгеге ғимараттар сатып алынды. Ал Қарасай, Масаншы және Қарасу ауылдық округтері жалданған ветеринариялық пунктермен қамтылды. Қасық ауылдық округінде жылдын соңына дейін ветеринариялық пункт сатып алу жоспарлануда.
Сондай-ақ, Сұлутөр, Алға, Ноғайбай ауылдық округтері ірі қара малдарын эктопаразиттерге қарсы дәрілеуге арналған 3 душпен қамтылды. Одан басқа Қарасай және Масаншы ауылдық округтерінде жыл сонына дейін қамтылуы жоспарлануда.
Аухатты және Сортөбе ауылдарында биотермиялық шұңқыр салынатын жер телімдері анықталып, жобалық сметалық құжаттары әзірленді.
Қордай ауылында иесіз ит-мысықтарды ұстауға арналған питомникке жер телімі анықталып, жобалық сметалық құжаттар дайындалып отыр.
Эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге жергілікті бюджеттен 203,5 миллион теңге және энзоотиялық ауруларға қарсы 1,3 миллион теңге бөлініп, іс-шаралар толығымен орындалды.
Пікір қалдыру