Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстан тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтақ саласын дамытуға қатысты да міндеттерді нақтылап берді.
Мемлекет басшысы медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету туралы тарқата айта келе «Бұл жерде халықтың денсаулығына байланысты, әсіресе, ана мен сәби өліміне қатысты көрсеткіштердің өңірлік теңгерімсіздігі айқын көрінеді.
Дегенмен, бұл көрсеткіш төмендеп келеді. Бірақ әлі де жоғары, сондай-ақ дамыған елдердің деңгейінен айтарлықтай көп.
Үкімет әр өңір бойынша медицинадағы нақты дерттер топтамасы жөнінде басымдықтар тізімін жасап, соның негізінде бюджеттен қаржы бөлуі қажет.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады» деп атап көрсетті.
Сонымен қатар Президент жылдың басты құжатында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталғанына айрықша толталды.
«Үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосымша 2,3 триллионнан астам теңге бөлінеді.
Үкімет әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің беделіне тағы да нұқсан келтірмеу үшін оны жүзеге асыру мәселесіне зор жауапкершілікпен қарауы қажет.
Біздің қателесуге құқымыз жоқ» деді Мемлекет басшысы.
Жолдау жүктеген міндеттер Қордай ауданында да жүйелі жүзеге асырылатын болады. Әсіресе, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға баса назар аударылуда. Осы орайда мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылмақ.
Жалпы ауданда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында денсаулық сақтау саласы бойынша 8 нысанның құрылысы аяқталуда. Олардың қатарында Кенен, Степное ауылдарында ашылатын 2 дәрігерлік амбулатория бар. Сонымен қатар Калгуты, Кызылсай ауылдарында фельдшерлік акушерлік пунктер есігін айқара ашпақ, Ал Бел, Мұзбел, Сарыбастау, Бәйтерек ауылдарында медициналық тірек іске қосылады.
Пікір қалдыру