«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасында жалпыұлттық қасиетті нысан ретінде тізімге алынған нысанның бірі Жайсаң түркі ғұрыптық кешені. Бұл кешенде күні бүгінге дейін 37 ғұрыптық-мемориалдық орын ашылған, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Тарихтан белгілі VІ-VІІІ ғасырлар аралығында мұнда түрік қағанаты салтанат құрғаны мәлім. Сондықтан облыс аумағында зерттелген ғұрыптық кешендердің дені түркі дәуірінің өркениеті мен мәдениетінен хабар береді. Олардағы тас түсіндер мен өзге жерлеу орындары мұнда түркілер елінің із қалдырғанын айғақтайды. Кешен Шу ауданындағы Д. Қонаев ауылы маңындағы Кіндіктас тауының байрайында орналасқан.
Жайсаң ғұрыптық кешені 2010 жылы облыстық жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне, ал 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне алынды.
Күні бүгінге дейін кешен аумағында жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде мұнда 37 ғұрыптық-мемориалды кешен ашылған. Ғалымдармен зерттелген кешеннің жекелеген бөліктерінен жартас бетіне салынған суреттер мен рулық таңбалардың бар екендігін анықтады. Әрі ол рулық белгілер Шу алқабында негізінен он оқ будун, түркеш тайпаларының із қалдырғанын айғақтайтын заттай дерек көзі саналады. Ғұрыптық кешеннің тағы бір ерекшелігі онда ер адамдар мен әйел мүсіндерінің қойылуында болып отыр. Тарихшылар да ғұрыптық кешендердегі ер мен әйел мүсінінің қатар қойылуы өте сирек кездесетін құбылыс екенін мәлімдейді. Ал тарихшы-ғалымдардың енді бір тобы бұл ерекшелікті бір қағанаттың батыс және шығыс болып екіге бөлінуімен байланыстырады.
Жайсаң ғұрыптық кешені арқылы біз түркі халықтары қаған-бекзадалары мен аруақты ата-бабаларының құрметіне арнап кешендер орнату, басына келіп тәу ету, көк Тәңірден тілек тілеу дәстүрлеріне ден қойғанын тани аламыз. Мұндай қасиетті орындар қазақ даласындағы діни наным-сенімнің қалыптасу эолюциясынан да хабар береді. Мәселен ежелгі сақ дәуірінде мәйіттерді тұтынған заттарымен бірге көму дәстүрі болса кейіннен бұл ғұрыпты қаза тапқан кісінің басына тас мүсіндер орнату, жартастарға белгі қалдыру алмастырған.
Пікір қалдыру