Алматыда «Әлем халықтары Жазушылар одағы» қоғамдық бірлестігінің тұсаукесері болды. Тұсаукесерге қазақстандық танымал ақын-жазушылар, елшіліктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
«Әлем халықтары Жазушылар одағы» қоғамдық бірлестігінің ашылу салтанатындағы дәстүрлі тұсаукесер лентасын жазушы Марал Ысқақбай мен белгілі жазушы, қоғам қайраткері Ғаббас Қабышев қиып, жаңа құрылып жатқан әлемдік жазушылар ордасына ақ жол тіледі.
Тұсаукесер рәсімінде жазушы-сатирик, ұстаз Үмбетбай Уайдин, жазушы, академик, Халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Қазақстандағы ЮНЕСКО өкілі әл-Халел Қарпық, Халықаралық сыйлықтардың лауреаты Нәзікен Алпамысқызы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Зәкір Асабаев, ғалым, ақын, академик, этнограф-жазушы Болат Бопайұлы қоғамдық бірлестікті ұйымдастырушылардың атына құттықтау сөздер айтты. «Әлем халықтары Жазушылар одағы» қоғамдық бірлестігінің атына бірқатар шетелдік ұйымдардан құттықтаулар келген екен. Бірлестік төрағасы Қайрат Дүйсеновті БҰҰ-ның халықаралық адам құқығын қорғау Комитетінің Қазақстандағы өкілі, академик Әбен Нұрмановтан, Ресей Федерациясындағы қаламгерлер Александр Поликанин, Максим Замшев, Владимир Поволяев, Қытай Халық Республикасындағы жазушы Әкбар Мәжит, Тәжікстаннан жазушы Абдулсаттар Нұралиев, Бішкектен Назарбек Байжігітов, Анкарадан Якуб Омероғлу телефон арқылы құттықтапты.