Қазақстандық партиялар санатында әділдікті желеу еткен көпұлттардың бірігуінен пайда болатын жаңа партия қосылуы мүмкін. Бұл туралы «Қамшы» порталы informburo.kz порталына сілтеме жасай отырып хабарлайды. Жаңа партия "Справедливость" деп аталады екен. Жарғысы мен бағдарламасының былтыр дайындалып қойғандығына қарағанда жаңа партия әр қадамын санап басқанды құп көретін секілді. Партияның құрылуына атсалысқандар қатарында саясаттанушы Нұртай Мұстафаев, Нұрлан Әмірқұлов және Албан Балғынбаев сынды азаматтар бар екен. Бүгінгі таңда 1,5 мың адам болашақ партияның мүшесі болуға өтініш жазып үлгеріпті. "Справедливость" партиясының қазіргі таңда өз сайты да жұмыс жасап тұр. Бағдарламасында әйелдер қауымының кем дегенде 30%-н мемлекеттік қызметке орналастыру көзделіпті. Партияның құрылып, одан ары қарай дамуына кәсіпкерлер қолдау көрсететін көрінеді. «Мемлекеттік санкцияның кесірінен көлеңкеде қалып қойған» кәсіпкерлер «Справедливостің» аяқтан нық тұрып кетуіне дейін демеушілік көрсетуге бел буып отыр екен. Партия өкілдері күзде болатын өгерістерге, яғни жұрт күткен парламент сайлауына қатыспайтынын айтыпты. Алдымен партияның негізін мықтылап қалап алуға мән берілуде екен.

Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта «Мемлекетқұрушы ұлт» және «көп ұлтты» деген сөздер Қазақ елінде қарама-қарсы мағында айтылып қалып жүр. Осыған қарап, «көпұлтты» деп жалау көтерген аталмыш партияның көздегені не деген ойға қаласыз. Қазақ билігі бұған қалай қарайды? Әлде шын мәнінде «Мемлекетқұрушы ұлт» - қазақ бір бөлек те, өзге ұлттар бір бөлек пе? Елбасымыз бен үкімет жиі қайталайтын «Бірлік» ұғымы қайда?

Мақсат Ілиясұлы, заңгер:
- Естеріңізде болса осыдан аз ғана уақыт бұрын «Әділет» (орысша Справедливость) партиясы болды. Ол білікті әрі беделді заңгерлер топтасқан жақсы партия болатын. Соңғы Парламент сайлауында аталған партия басшылығы тарапынан билікке біраз сындар айтылды. Соның нәтижесінде партия сайлауда ресми түрде бір пайызға жетпейтін дауыс жинады.(Шын мәнінде 14-16% дауысқа ие болды деп 4 есептеймін). Ал сайлау өткен соң биліктің, оның ішінде Президент әкімшілігінің қысымымен «Әділет» партиясы «Руханиятпен» қосылып, «Бірлік» партиясына айналды. Бірақ, «Бірлік» партиясы қазір тірі ме, өлі ме белгісіз. Ал сол атпен жаңа партияның құрылуы мен үшін күтпеген оқиға. Екіншіден, бізде биліктің, яғни Президенттің рұқсатынсыз, оның әкімшілігінің қолдауынсыз бір де бір партия тіркелмейді. Егер билік бұл партияны тіркейтін болса, оны биліктің өзі құрып отыр деген сөз. Менің ойымша билікке ондай партияның қажеті шамалы. Себебі бізде тіркелген, бірақ жұмыс істемейтін партиялар баршылық. Ал егерде осындай көпұлтты партия қандай да бір саяси қажеттілік үшін тіркеле қалды дейтін болсақ, ол партия Қазақстан мемілекетін құрушы қазақ ұлтының мүддесіне қарсы жұмыс істейтін партия болары анық. Бұл заңсыз құрылған Қазақстан халықтары Ассамблеясын заңдастырып, саяси күшке айналдырудың бір амалы болуы да мүмкін. Егер Қазақстанда көпұлтты партия құрылып, тіркелетін болса, мемлекет құрушы ұлттың мүддесін қорғайтын партия да сөзсіз құрылуы тиіс. Жалпы, менің ойымша, бұл партия тіркелсе, онсыз да күрделі болып тұрған ұлтаралық мәселелер тіпті шиеленісіп кетуі мүмкін. Егер билік осыны ескерсе, ол партияны тіркемеуі керек. Қалай дегенде де «көпұлтты» партия құру бастамасы жақсылыққа бастап тұрған жоқ. Қазіргі сегіз партия бір ұлтты партия емес қой.