Айқын :
Қазақ қайда кетіп барады, билік қайда кетіп барады?
̶ Мағыналы сұрақ. Билік - бәрібір де түбінде қазақтікі! Екеуінің ара жігі ашылып кетті деп мен айта алмаймын. Қазақтың ұлттық саяси тұғырнамасы әлі де жоқ. Тұтас қазақтың ұлттық мүддесі айқындалмаған. Бірінші осыны анықтауымыз керек. Содан кейін билікке баға береміз...
Мөлдір:
Қазақ мықты ұлт болуы үшін неге басты назар аударуы керек? Қазақты өзгерту үшін неден бастауымыз керек?
̶ Жаңа да шет жағасын айттық, ең бастысы ұлттық мінез. Көп нәрсе ақшаға байланысты емес, қызыметтің де қатысы шамалы. Меніңше көп затты ұлттық мінез шешеді.
Тұрсын :
Қазіргі президентіміз кеткен соң Қазақстанның жағдайы қалай болады? Келсі президент кім болғаны тиімді?
̶ Бізді келесі президент кім болады деген емес, келесі президент қандай болсын деген сұрақ мазалауы керек. Бұл жерде ең бастысы әділетті болуы керек. Қоғамымызда бүгінгі күні әділеттілікке деген үлкен сұраныс бар. Бастысы сот әділетті болсын, әкімнің жұмысы, өкіметтің жұмысы, елбасының жұмысы әділетті болсын. Ол қазіргі қоғамдағы үлкен бір сұраныс. Елбасымызда айтып жүр ғой, бірақ қанша айтқанымен өзгермейді.
Шарапат:
Өмірлік ұстанымыңыз не?
̶ Әділ болу. Әділдік дегенге бәрі кіреді: ел сенімін ақтау, бәріне тең қарау, өзіңді ешкімнен биік ұстамау, ешкімді шектемеу (орыс болсын, қазақ болсын, мүгедек болсын, сау болсын, жас кәрісі болсын, жұмысын да бәріне оң қарап, жанашырлық көрсетсе, бәрінің мүддесін қорғап, бәрінің жағдайын жасау. Сондықтан мен үшін ең бастысы өз жұмысымда, өмірімде әділетті болсам.
Жарқын Асубаев:
Қажыгелдин елге оралады деген сөз бар, рас па? Ол кісі келсе мемлекеттік қызметке тұра ала ма? Қай қызметке келсе жақсы болар еді?
̶ Ол кісінің кеткеніне көп болды. 10 жылдан асып кетті ғой. Жақында анасы қайтқан екен. Осындай мүмкіншілікті пайдаланып иманды болсын дейміз. Оған да келе алмады. Ол үшін бұл жағдай - үлкен соққы. Келсе мемелекттік жұмыста істеу-істемеуі белгісіз. Бірақ депутат болып істесе пайдасы зор болар еді, тәжірибесі бар.
Ұлтшыл:
Қазіргі қазақ ұлтшылдарына көңіліңіз тола ма?
̶ Биліктегілерге көңілім толмайды. Көңілім толмайды дегенде мен бәрі жаман деп отырған жоқпын. Бірақ көңілім толмайды. Оппозициядағыларға көңілім толмайды, ұлшылдарға көңілім толмайды, бұл енді өзімінің жеке көзқарасым. Биліктегілер қоғамды біріктіретін жобалар дайындауы керек. Қанша бірлік-береке деп ұрандағанымызбен бізде тұтастық жоқ. Әлі күнге дейін лаңкестік, басқа да экстремистік қауіп төніп тұр. Мемлекеттік қоғамда шиеленістер әлі жүріп жатыр. Сондықтан әлі де жұмыс көп, тек сәттілік тілейміз. Оппозиция шаршаған шығар, бірақ түбінде мұқалмай, күш – жігерін көрсетіп, өз қайсарлығын байқатуы тиіс. Ұлтшылдардың экстермистік жолға түспеуін тілеймін. Өкінішке орай, кейбір кезде экстремистік жолға кетіп бара жатқанын байқаймын. Олар өздері де байқамай кейін экстремист болып шыға келеді. Талап ету керек, бірақ ешкімді мәжбүрлемей, ұлттың қамын жиі айтып отыруы қажет. Шамамыз келгенше әр бір салада ұлттың мәселесін айтып жүрміз, көтеріп жүрміз. Мен ұлттық жолдағы саясаткерлерді айтып жатырмын, биліктен ұлтшылдардың, оппозиционерлердің ең үлкен кемшілігі - бастары қосылмайтыны. Бас басына - би, қожа. Билікте де бұл бар шығар, бірақ олар тұтас. Бұл қазақтың бір дерті ғой. Демократияның ең қорқатын жері – біріне жала жаубу. Шынында да қорқып қаласың...
Арман :
Қазақстандағы жемқорлықты жоюдың қандай жолы бар? Қалай күресуіміз керек?
̶ Бұл сұрақ бәрімізді мазалайды, бұл аурумен бүкіл әлем болып күресіп жатыр, қазаққа кене болып кеткен ғой. Қоғам соны үйреніп бара жатқан сияқты. Мысалға Жол полицейіне ақша бере салу. Мен өзім де мойындаймын. 1-2 рет өзім де сөйттім. Айыппұлды өздеріне қалдырып бере салдым. Ойласам мен қылмыс жасаппын ғой. Бірақ көбісі солай жасап жүр, жолда ақырын жүрсең олар да тиспейді ғой. Өзім кінәлі болғасын бердім. Ең қорқыныштысы - бүгінгі күнде жемқорлыққа үйреніп бара жатқанымыз бар. Азын аулақ алу-әдетке айналып бара жатыр. Бүгін 2 мың берсеңіз, ертең миллион теңгеге дейін беруге алып келуі мүмкін, бәрі оңайдан басталады. Баланы балабақшаға апару, сессия тапсыру, өмірінде әр ісіне сый- сияпат көрсету жемқорлықты дәлелдейді. Мысалы шет елде жүріп, балабақшаның бастығына хабарласып менің баламды кезексіз кіргізші десем ол - жемқорлық. Басқалардың құқын бұздың деген сөз, осыларды елеусіз етіп қарап жүрген сияқтымыз.
Арай Нұрбек:
Ұлт көсемі деп кімдерді айтасыз?
̶ Бүгінгі күні бәріміз айтатын ұлттың көсемі - ол Әлихан Бөкейханов. Ол жаңа деңгейде бүкіл еуропалық ұлттық көсем ретінде қызымет етіп, зиялылардың басын біріктірген. Елбасымыз ұлт көсемі болуға толық лайықты. Бүгінгі күні дәл сол кісідей ықпал ешкімде жоқ. Жақын арада осындай адам бола ма, жоқ па мен оны білмеймін. Ол кісінің айтқан бір сөзі - қазаққа да, орысқа да, басқаға да, заң сияқты. Дәл осындай ықпалы бар адам болашақта бола ма, болмай ма ол жағы белгісіз. Осы кісінің мүмкіншілігін, мықтылығын қазақтың әлі шешілмеген нәрселеріне қолдансақ дұрыс болар еді. Қазіргі заманның көсемі деп осы елбасымызды айтар едім.
Бейсен :
̶ Сіз саясаттан кеттіңіз бе? Қайдасыз?
̶ Мен саясаттануда болдым, белгілі бір саяси партиямен сайлауға қатысып жүрмегесін өзімді саясаткер демеймін. Мен көбіне саясаттанушы ретінде өз бағамды беріп жүрмін, саясатқа ықпалым болса, тек іс-қимылмен емес, сөзім ғана. Қазір тарих жағына кеттім, саясат аса қызықтырмады. Мүмкін ол менің кемшілігім шығар.
Анар:
Түркілер бір одақ болып құрылса қалай қарайсыз? Түркі тілдес мемлекеттердің басын қалай қосуға болады?
̶ Бұл да біз үшін үлкен ұлттық арман болуы керек. Бір одақ болу керек бізге. Қазір Ресейге қалай жақындап келе жатырмыз, дәл солай түркі халықтары бір-бірімізге солай жақындасуымыз керек. Әсіресе, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия солармен қосылуымыз керек, экономикамыз жағынан да. Түбінде түркі халқының ортақ тілі болса мен қуанар едім, жаһандану заманында біз қазақ болып аман қалуымыз екі талай, өйткені еуропада болып жатқан үрдіс бізге келеді. Қазақылықты жоғалтпау үшін керек, мен қолдаймын.
Айзада :
Өзіңізбен қатарлас және кейінгі жастардан биліктегісі болсын, оппозицияда болсын, қазақ ұлтшылдары болсын кімдерді ұлт көшбасшысы болуға лайықты тұлға деп санайсыз?
̶ Ұлт көшбасшысы деген үлкен атақ. Қазіргі жастар оны сөзбен емес, іс – қимылмен дәледеу керек. Өзінің ұлт көшбасшысы екенін іс-қимылымен дәлелдей алатын тұлғалар болашақта арамыздан шығар. Әлі де болар деген үмітпен қарайық. Бүгінгі күні олай айтуға әлі ерте, өйткені дәл ондай іс-әрекет әлі байқала қойған жоқ.
Әділет :
Соңғы кезде естімеген сұмдықтың бәрі шығып жатыр. Қыз зорлау, тіпті жас өспірімдерді жасы ұлғайған адамдар зорлап жатыр. Жауыздықпен адам өлтіру, айта берсең бәрі бар. Қазақтан түрлі қылық шығып жатыр. Неге бұлай болуда? Қалай алдын аламыз?
̶ Бұл дүние меніңше бұрыннан бар сияқты, себебі интернет адамдар арасында қолданыста болғасын, бәрі осындай сұмдық дүниелерден хабардар болып жатады. Кішкентай кезімізде бір-біріміздің басымыздан таспен ұрсақ, ешкім білмей жүре беретін. Қазір бәріне хабар тез тарап кетеді. Заман өзгермеген сияқты, замандағы мүмкіншіліктер өзегерген. Қазір бәрінің қолында телефон камерасына түсіріп алады да, бүкіл сұмдықты біліп отырады. Бірақ көбінде дамыған информациялық технологияға байланысты. Мысалы телеарналарда айта бергесін ол адамдардың да пиғылдары өзгере бастайтын шығар. Оларды қаншалықты қудалап жатса да, жаман пиғылдарға жол ашып жатқаны содан шығар. Біздің қоғам ақпараттық қоғамға өзінің дайын емес екенін көрсетіп жатыр, сол ақпараттарға үрке қарап, болмайтын әңгімелерден шошып жатады. Ақпараттар таралып, түрлі жағдайлардың сыры мен құпиялары ашылған сайын олардың алдын алуымыз керек. Қатты шошынудың керегі жоқ, тек ескеріп алдын алу керек. Ол жағдайларды ескеріп өз-өзімізді түзеуге, ақ пен қараны ажырата білуге жұмыс жасауымыз керек.
Сәрсен :
̶ Сіз кімге сенесіз?
̶ Әрине, біріншіден Алла Тағалаға, екіншіден өзіме сенмін. Өз күшіме сенемін. Алға қойған мақсатыма жетемін деп ойлаймын. Өзіңе сенбесең, кімге сенесің? Жастарға сенемін деп отыра бермейсің ғой, әрине. Алдағы уақытта ғылым жолымен айналыссам деймін. Жастарға пайдалы соңғы буынға керек ғылыми жұмыстар мен мақалалармен айналысып жатырмын.
Ескендір :
Мына Қазақстанның қожасы кім? Қазақ қашанға дейін өгей баланың күнін кешеді?
̶ Қазақстанның қожасы - қазақ халқы. Шынымен қазақтың шешілмеген көптеген мәселелері бар. Тілі бар, діні бар. Қазақтың құқығы өзінде, ол мәселелерді қазақ өзі шешпей келе жатыр, билік шешпей келе жатыр. Бірақ қазақ өгей бала емес, елбасы - қазақ, үкімет - қазақ, парламент – қазақ. Қазақ өгей баланың күйін кешіп отырған жоқ. Билік өзімізде болғасын өзімізге көптеп назар аударылсын дейміз де, бірақ оның бәрі енжарлыққа әкелетін сияқты. Қожасы өзіміз өзімізді қожа сияқты сезінуіміз керек, өз тілімізде сөйлейік. Өз-өзімізді құрметтейік, күшпен емес. Білімімізбен жасауға тырысайық оларды. Басқа ұлттар мықты болсаң мойындайды, тілді де мойындайды, ақырындап үйренгісі келеді.
Талғат :
Берік аға, біз сізбен мақтанамыз, Арқалықта, Торғайда әкім болып ел мерейін өсірдіңіз. Шағын қалаларға әкім болып жүрсіз, Алматы сияқты еліміздегі ең үлкен қалаларға әкім болсаңыз жақсы болар еді. Сондай ойыңыз барма?
̶ Сеніміңізге үлкен рахмет. Кездейсоқ адам әкім бола алмайды. Әкім болудың белгілі бір деңгейде өзінің ротатациясы бар. Маған әкімдікті үлкен мегаполистерден Алматы, Астанадан ешкім ұсынып жатқан жоқ. Ұсынып жатса, тәжірибем әлі жетіспейді. Мен шағын қалаларда, аудандарда жұмыс істедім. Үлкен орталықтарда жұмыс істеу үшін өкіметтік істерде жұмыс істей білу керек. Әкім өкіметтен шығуы керек, көбінде әкімнің біліктілігінен көрі беделі арқылы шешіледі. Мысалға үлкен орталықтарда жұмыс жасайтын тұлғалардың қоладары ұзын. Ал, обылыс әкімі, аудан әкімі, ауыл әкімі болған азаматтарлың мәселені шешуі қиындау. Астана сияқты орталықтарға барған әкімдерге тар қарамау керек, олар өз беделі мен біліктілігі мықты болғасын барады. Мысалға Бердібек Сапарбай ағамыз қаншама жоғары жерде істеді. Тағы Көшербаев мырза бар. Ол кісі қайда барса да, ел қуанады. Олар мол тәжірибелі кісілер. Тасмағанбетов мырза да сондай. Сол кісілер сияқты азаматтар әкім болуы керек. Егер барып жатса, ел қуануы керек. Өйткені тәжірибесі мол, білікті мамандар. Мен аудан деңгейіндемін, ал, болсам Астана, Алматы әкімдерінің орынбасары болып тәжірибе жинақтау керек. Немесе министрлікте жұмыс жасап, үлкен ұлттық компанияларда қызмет етіп, тәжірибе жинап барып үлкен қалаларды басқаруға болады.
Мерей Қуанышбеков :
̶ Қазіргі биліктегі болсын қоғам белсенділері, қазақ ұлтшылдары арасында кімдермен жақсы араласып тұрасыз?
̶ Мен тізбелеп айтпай-ақ қояйын. Менің кітабымда бәрі дерелік көрсетілген. Мен өз көзқарасыммен бөлісіп. Бәрімен араласып тұруға тырысамын. Бір-бірімізді құрметтеп сыйласып жүрген азаматтар бар, бәрі де кітапта анық жазылған.
Айбек :
Қазақ ұлтшылдары қашан басын қосады?
̶ Бәрін қолына алатын тұлға шықпаса, жақында бастары қосылмайтын шығар.
Сәуле :
̶ Елбасы президенттің күші әлсіреп, ел басқарудағы негізгі салмақ үкімет пен парламенттің біріне өтеді деді. Дұрыс па? Қайсысына өткені дұрыс?
̶ Билікті үкіметке берсеңіз, ол ойына келегенін жасай бастайды. Ең дұрысы -парламент, ол жерде халық өкілдері бар, билік әрқашанда халық бақылауында. Биліктің өкілі – парламент, сондықтан билікті парламентке беру керек. Опозиция парламенттің күшінде болса, елбасының да көзқарасын парламентке өтуіне жақсы жағдай туғызар еді. Әрине, бұл жақсы үрдіс. Парламенттік билік деген ертең президентті де сайлайтын күшке ие болады. Парламент президентті халықтың өкілі ретінде тағайындайды, өкіметті де өздері тағайындайды, сондықтан парламент халықтың ойын біріктіретін орган болуы керек.
Дамир:
Солтүстік өңірді қалай қазақыландырамыз?
- Бірінші сол жақтағы қазақтарды қазақыландыру деген мәселе ғой. Мен көші-қон саясатына жақсы көзқараспен қараймын. Бірақ, қаншылықты ол жерге көшіргенімен ол жерге жұмыс орнын ашпай, көшіреміз деген бос әуре сияқты. Ең бастысы қазақтарды қазақыландыру керек, ал көшіру ол екінші мәселе. Ол жерде тәрбие жұмысын, тіл мәселесін, ақпарат жұмысын қолға алу керек. Сырттан көшіріп әкелу- мәселені шешпейді. Ол жердегі қазақ мектептеріне, балабақшаларына көп көңіл бөліну керек.
Айгүл :
Берік аға, қайда жүрсеңізде аман жүріңіз! Сізді жақсы көреміз, сіз өзгеге қашанда үлгілі азаматтсыз. Сізге сұрақтың бәрін қойып тастапты, менде сұрақ жоқ. Сізге тек жақсылық тілеймін. Ел үшін еңбек ете беріңіз?
Парасат :
̶ Дүниенің тетігі не? Қазақ неге бейғам, неге елдің артында қала береді? Қалай елмен теңесеміз? Не істеуіміз керек?
̶ Бұл сұрақ емес, жан айқайы секілді. Бұған бәріміз жабылып жауап іздеуіміз керек.Бұл кешегі Алаш зиялыларының да көтерген сұрақтары, қашан біз дара, дербес мемлекет болып қалыптасамыз деген сияқты. Кезінде «зарзаман заманында» жыршылар көтерген, кеше Алаш көтерген, бүгін осындай жастар қойып жатыр бұл сұрақтарды. Бұл сұрақтарды көтеріп жатқан жастарға ризамын, кезіндегі ұлт зиялыларының соңдарынан еріп, олардың шығармашылығымен танысып, олардың жолын қуған жастарға жарайсыңдар деймін. Осындай сұрақтар қойылмайтын заманға жетейік, тыныш ел болайық.
Әнуар :
Сіз сияқты халықтың мейіріне бөлеген кісілер неге өрлемейді? Неге жоғары биліктерге жетпейді? Сіздерге кедергі көп пе?
̶ Шет-шағасын айтып кеттім. Бұл деген субьективті фактор. Ресми түрде кедергі жоқ.
Аршын :
̶ Сіз бүкіл қазақтың мейіріне бөленген, халық жақсы көрген әкімсіз. Өзіңіз сияқты болу үшін арт жақтағы іні қарындастарыңызға нені назарға алу туралы ескертпе бересіз?
̶ Рахмет! Менің ең бастысы өзімнің алдыма қойғаным жан-жақты болу. Әркім өз мамандығы бойынша ең мықты маман болуы керек. Қай салада болмасын білікті болуы қажет. Өз саласын жақсы меңгерсе Алла Тағала оның мәртебесін, дәрежесін өзі көтеріп береді. Екіншіден, елден өзіңді бөлмеу керек. Мен әрқашан « Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дейді ғой, сол сияқты өз орнымды білемін. Әкім болсам да, соларды ескеріп отырдым. Қайдан келгенімді, қайда кеткенімді ұмытпауға тырысып бақтым. Бұл жерде өзің үшін жұмыс жасамайсың, халық үшін қоғам үшін жұмыс жасайсың. Әрқашан лидер болу керек, өз ісіне деген іскерлігің болу керек. Іскерлік - бұл жерде елдің қамын ойлау. Коллективті жұмылдырып, әркімнің нақты мақсатын көрсетіп, қаражатын, еңбегін берсең білікті маман боласың. Ең басытысы – біліктілік. Білікті деген бұл әлемдік ұғымды жан-жақтылықты қамтиды.
Толқын :
̶ Қазіргі соғыс- ақпарат соғысы, қазақтың ақпарат құралдарына бағаңыз қандай?
̶ Қазір Украина мен Ресейдің ақпараттық соғысы болып жатыр. Екі мемлекет болмайтын заттарды жазады. Біздікілер соны оқиды. Біздің ақпарат құралдары әлі дами қоймаған. Әлемдік деңгейде, қазір жас журналистер қазақ тілге бай, бірақ көп тіл меңгермеген. Сондықтан да қосымша көп тілді біліп жатса, тіпті жақсы. Қазіргі уақытта қазақ баспасына көп тілді меңгерген, әлемдік деңгейдегі журналистермен тең дәрежеде жаза алатын журналитстер керек.
Мұхтар :
Қазақсатанды Ресейдің құрамына қосып жібергісі келетіндер көп. Ондай сатқындармен қалай күресеміз?
- Қазақстанды Ресейге қосу деген қадамға ешкім бара алмайды, ондайлар табылса, соттау керек. Мысалға Тайшибекті сотқа неге бермейді, бір-біріне мынаны не істейміз деп қана құр айқаймен ғана жүреміз. Шын мәнінде бізді сақтайтын экономика ғана емес, ұлттық рух, дініміз, тіліміз, дәстүріміз сақтайды. Мысалға керемет машиналар шығырып, керемет маркалы киімдер шығарып экономиканы көтеріп жатқанымен, өз тілінде сөйлей алмаса, онда мемлекеттіктен не пайда? Сатқындар деп жүрген дұрыс емес негізі, оларды керісінше өздерімізге тартуымыз керек. Ал, шын сатқындық жасаса, сотқа беру керек. Бодандықтан бәсекелстік арқылы қорғануымыз керек.
Жалын ;
Қазақ ұлтшылдар болсын сіз сияқты ұлттың сөзін сөйлеп, халыққа нағыз жанашыр азаматтар болсын бәріңізді телеарналардан көрмейміз, не үшін?
̶ Көбінесе, кесіп тастайтын телеарналаға барғың келмейді. Ұлттық патриоттар әр нерсені сынай берсе, оны билік саласы да жақтыра бермейді.
Зерде :
Өзіңізге кімді үлгі тұтасыз?
- Өзіме пір тұтқан, үлгі санаған тұлғалардың бірі деп қазақтың жарық жұлдызы Шоқан Уәлихановты айтар едім. Азғантай ғұмырында қазақтың білім мен ғылым көкжиегінде жарқ етіп өткен жұлдыздың кейінгіге мұра етіп қалдырған еңбектері ересен. Тарихқа деген қызығушылығымды еселей түсірген қазақ кемеңгерінің бейнесін әрдайым парасаттылық пен патриоттықтың нышаны ретінде өз жадымда сақтап жүремін.
Өмір ағымымен әрі қарай жоғарғы оқу орнына түскенімде де өзіме бағыт-бағдар беріп, жол көрсетіп, жөн сілтеген бірқатар азаматтарды да айтпай кетуге болмайды. Жаңаша ойлауға, либералдық көзқарастың қалыптасуына, көшпенділер өркениетін, тұрмыс-салтын, шаруашылығын зерттеуге ықпал еткен белгілі ғалым Нұрболат Масановтың есімін ерекше атағым келеді. Ағамызбен пікірлесетін, сырласатын, айтысатын сәттеріміз аз болған жоқ. Нәтижесінде менің саясатқа деген көзқарасым, жалпы азаматтық ұстанымым қалыптасты.
Кейін оқуды бітіріп, Президент жанындағы Стратегиялық зерттеу институтына қызметке орналасқанымда институт директоры Өмірсерік Қасеновтен алған тәлім-тәрбие де зор болды. Халықаралық қатынас, геосаяси жағдайларға қатысты көптеген нәрселерді ұғындырып, бірқатар халықаралық ғылыми конференцияларға жолдама беруі ой-өрісімнің кеңеюіне сеп тигізді. Одан кейін үлкен саясатқа араласуыма, жоғарыда айтып кеткенімдей, Алтынбек Сәрсенбайұлының ықпалы өте зор болды.
Әкімдік қызметке мен 29 жасымда келіппін. Басқару тізгінін алғаш ұстағанымда халықпен жұмыс жасауды, ел сенімін ақтай білуді үйреткен –Серік Ахметов. Ол тұста, білесіздер, Серік Нығметұлы Теміртау қаласының әкімдігін басқарды. Сонда әкімнің орынбасары болып тағайындалғанымда әкімдік жұмысындағы жауапкершілікті алғаш сезінген едім. Ол кісі кез келген істе «халыққа жаның ашуы керек» деген ұстанымын алға тартып отыратын.
Есентаев :
Елге ұнаған әкімдер сотталып жатыр, кейбірі саясатта шеттетіліп жатыр. Сіздің де көрінбей жүргеніңіз сол себептен бе?
̶ Әкімдер елге ұнағаннан ғана кетіп жатқан жоқ. Көбінесе субьективті себептер.
Қара Қазақ :
Қазақ өз мүмкіндігін қаншалықты пайдалануда? Бізді шүкіршілік қайда апарады?
̶ Өте жақсы сұрақ. Көп мүмкіншілдіктен айырылып жатырмыз. Қазақтар азаматтық тәжірбиесін жоғалтқан. Тізгін өзімізге берілгендіктен де соған шүкір етіп қалып қойдық. Мұнай, жер өзімізде деп. Өз-өзін толыққанды қолдап жүрген азаматтар бар, бірақ көбіне енжарлыққа кетіп қаламыз, бір деңгейге шүкір деп қалып қоямыз. Қолда бар заттады өзіміз игере алмай жатырмыз, сол көп шүкіршіліктің астында қалып қойдық, өз мүмкіншілігімізді пайдалана алмаймыз көп жерде.
Ермек:
Еліміз үшін, ұлтымыз үшін еңбек еттіңіз, сәттілік тілеймін!
- Рақмет!
Элмира :
Өмірдің мәні неде, биліктің күші неде?
- Бұл енді нағыз философиялық сұрақ. Жоғарыда да айтып кеттім, биліктің күші - ол бір құрал. Биліктің күші өмірге мән беретін, өзіңнің ойлаған мақсат жобаларыңды іске асыруға мүмкіндік береді. Осы жерде мысалы мен ауылым гүлденсе екен дедім, бұрында айтып жүрдім Ұлытау, Жезқазған, Арқалық деп. Қолыма билік келмей түк істей алмадым, биліктің күші сол Ұлытауға бардым да шамам келгенше еңбек еттім. Биліктің күші елді ұлт болып қоғам ретінде қалыптастыруда, оның дамуына мүмкіншілік беруге ұйымдастырушы болып табылады. Әділетті биліктің күші - ол жақсы билік елді ел қылады, жаман билік елді бездіріп жіберетін нәрсе. Сондықтан биліктің күшін дұрыс қолдана білсе, ол өте үлкен күш.
Өмірдің мәнін әркім өзінше қояды. Бастысы алға қойған мақсатқа жету. Екеуін бірге қойып отырғандықтан мақсатқа жету үшін билікке бару - ол мақсат бола алмайды. Онда ол саясаткер құриды. Елге қызмет жасап, елді дамытам деген өмірдің мақсаты билікті сол үшін құрал ретінде қолдана біледі. Сондықтан өмірдің мәні өмірге не үшін тудың, осы өмірге не үшін келдің дегенге жауап беру. Өмір деген отабасыңда тал егіп, үй салып бала-шағалы болу деген ғана емес қой. Бұл өмірдің бір жағы ғана. Екінші жағы өмірде тек сен қоғамның адамысың, қоғам үшін не үшін келдің дегенге әр адам өзінше қарайды. Біреудің қоғамға қызмет етуге деңгейі болады, ондай адамдар жауапкершілігі бар адамдар еліне қызмет етуі керек. Ондай қызмет маңдайына жазылмаған адамдар бар. Бірақ оларды кемсітуге болмайды, өйткені оның пешенесінде ондай жоқ. Балаларын көбейтіп отбасын асыраса оның жақсылығы сол. Оның өмірінің мәні - дәстүрін жалғастырып ұрпағын оқытып, бағып адам ету. Енді кейбір тұлғалардың маңдайына қоғамға қызмет ету жазылады. Олар бірі ерте, бірі кеш жауапкершілігін өздері сезінеді. Кейбір тіпті 40, 50- ге келгенде сезінеді де шыдамай сөйлеп кеткенде, мынау бір көсем ғой, мынаны депутат қылыңдар дегенді талай көрдік. Маңдайыңа жазылса қоғамға қызмет ету керек, билікті де қолдану керек. Жалпылама жауабым осы.