М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Enactus TarSU» командасы көмірден арзан әрі қуатты брикет деп аталатын отын түрінің өндірісін қолға алмақ. Алғыр жастардан құралған топ әртүрлі тұрмыстық және шаруашылық қалдықтары мен көмір күлінен тұратын өзіндік құны тас көмірден 8 есе арзан отын түрін қолданысқа енгізуді құптайды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Негізінде әлем елдерінің тәжірибесінде жылыту маусымында өнеркәсіп, ауыл шаруашылық салаларының қалдықтарынан дайындалатын брикет қолданылады.
–Біздің жоба Warm Box деп аталады. Бұл тіркесті сөзбе сөз аударғанда «жылы қорап» деген мағынаны береді. Газдандырылмаған ауылдарға жылыту маусымын арзандатылған отын түрімен өткізуге жол ашатын брикетті отын ретінде жаппай қолданыс енгізу алгоритмі де өте қарапайым. Біз ауыл тұрғындырына брикетті өз қолдарымен жасауды үйретеміз. Сол арқылы олар осы әдіспен табыс тауып бүкіл ауылда жылыту маусымына қажетті отын түрімен қамти алады,– дейді «Enactus TarSU» командасының мүшесі Диана Нарбаева.
Талапты жастар өз жобаларын 2017 жылдан бастап іске асыра бастаған. Дәл осы уақытта олар жылыту маусымына әзірлігі жоқ отбасыға көмек қолын созған. Әу баста брикетті механикалық қондырғылармен шығарған топ қазір бұл үрдісті толықтай автоматтандырылған режимге ауысқанын айтады. Қазір жоба авторлары пилоттық режимде қала маңындағы Көлтоған , Құмшағал, Шөлдала ауылдарына брикетті жаппай қолданысқа енгізу бағытында жұмыс жасауда.
Брикеттің химиялық құрамын түзуде «Enactus TarSU» командасының мүшелері М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Химия» кафедрасымен тығыз байланыс орнатқан. Тіпті болашақта жамбылдық жасампаз жастар әзірлеген брикет отандық нарыққа жол тартпақ. Тұрмыстық қалдықтар негізін құрайтын брикет өндірісінің экономикалық тұрғыдан тиімділігі деп еш талас тудырмайды. Осынысымен-ақ жамбылдық жастардың брикет өндірісі жобасы нарықта жоғары сұранысқа ие бола алатын сыңайлы.
Ауылдықтардың жылыту маусымындағы бас ауыртар мәселесіне оңай әрі тиімді шешу бағытындағы ізденісті жолға қойған жастар бүгінде республикалық «Enactus» қозғалысының үздігі саналады. Жақында ғана олар дәл осы қозғалыс мүшелері арасында АҚШ-та өткен дүниежүзілік біріншілікте ел намысын абыроймен қорғап қайтты.
Пікір қалдыру