Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне Жамбыл облысынан өңірлік деңгейде енгізілген 27 нысанның бірі «Қазақ хандығы» монументі саналады. Осыдан 5 ғасырдан астам уақыт бұрын қазіргі қазақ мемлекеттілігінің алғышарты саналатын Қазақ хандығының іргетасын қалған Керей мен Жәнібекті бейнелейтін ескерткіш Тараз қаласында өткен дүбірлі той кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылған, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Өз кезегінде Тараздың батыс қақпасы маңына орналасқан бұл нысан қазақ тарихының тарихи аса маңызды кезеңдерін айғақтайды. Мүсіндік композициядан тұратын монументте ақ мәрмәрдан жасалған 27 метрлік стела және Керей мен Жәнібек хандардың 5 метрлік мүсіндері бар. Қазақ хандығының алғашқы ханы ретінде халық ақ киізге орап көкке көтерген Керей ханның мүсінінің қолында қағаз бен қалам бейнелеген. Шамасы бұл мүсін Керей ханның Қазақ хандығы құрылғандығын жарлық еткен сәтін бейнелеген болуы керек. Ал кейіннен Керейдің із басқан Жәнібек ханның қолындағы найза мен тізесіне қойылған қылыш оның қажыр-қайраты мен жастыққа тән ерік жігерін танытып тұр.
Сондай-ақ монумент маңындағы 3,5 гектар аумақ көгалдандырып, мұнда келушілердің автокөліктеріне арналған автотұрақ салынды. Монументтің құрылыс жұмыстары мен оны аумағын көгалдандыруға «Жамбылхимқұрылыс инжиниринг», «ҚазАртСистем» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері айналысқан.
Монументтің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Елбасы-Тұңғыш Президент қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған Керей мен Жәнібектің тарихи рөліне айрқша тоқталып өтті.
–Төл тарихымызды әлдеқайда терең екенін жастарға көрсетпесек, «Мәңгілік ел» идеясы орындалмайтын болады. Сондықтан көне тарихымызды жер-жерден іздестіруіміз керек. Жазып, жинап, насихаттауымыз қажет. Біз кеше ғана бола қалған халық емеспіз. Керей мен Жәнібек ту көтергенде, тарихта «Қазақ хандығы» құрылды. Әсіресе өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыз біздің тарихымыз терең екенін білуіміз керек, –деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Айта кету керек Керей және Жәнібек хандар іргетасын қалаған Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы дәл ос хандық құрылған Жамбыл облысында 2015 жылдың қазан айында халықаралық деңгейде аталып өткен еді.
Пікір қалдыру