«Қамшы» -еркін ақпарат алаңы. Хат қоржынымызға келіп түскен оқырман хатын ортаға салуды құп көрдік.
«Ұлт дегеніміз не? Халықаралық терминге сүйенсек: тұрғындарының басым көпшілігі өзінің ана тілінде жетік немесе қанағаттандырарлық деңгейде сөйлей білетін біртұтас халықты айтамыз. Тілінің тұтастығы ғана халыққа ұлттық сипат беріп, сол халықтың өзі жасаған рухани, мәдени және материалдық құндылықтарын келешек ұрпақтарына жеткізіп, ары қарай дамуына мүмкіндік береді. Жалпы, халық «бір этнос – бір ел» принципі бойынша ғана біртұтас ұлт болып тез қалыптаса алады» (Төкен Өмірзақ. Ұлт дегеніміз не? ttp://www.nhamys.kz/?p=1918). Қысқа да, нұсқа. Бұл бүгінгі халықаралық ұғымның нұсқасы.
Ал, енді Атам Қазақтың ұлт туралы ұғымының этногенезисіне үңіліп көрсек ше?
Ұлт – Ұл деген түбір сөзден және «Т» деген дыбыстан тұрады. Ұлдың мағынасы баршамызға белгілі. Әкесі мен Анасының ұлы, Атасының немересі, сонымен қатар ел қамын жейтін азамат болса бүкіл елдің де ұлы.
Ұл – түбірінен ұл мен қыз, ұлан, құлан, құлыншақ, ұланақ, ұлы, ұлық, ұлықтау, ұлыс, Ұлытау, Жұлдыз т.т. дүниеге келді. Ұлы сөзі кез келген жақсы ұғымның ең жоғарғы шегін білдіреді. Мысалы, ұлы дала, ұлы адам, ұлы тұлға, ұлы тау, ұлы бау, ұлы еспе, ұлы құдық т.т. болып кете береді. Демек, ұлттың аты артына арлы, иманды ұрпақ қалдырған, халқына қаяусыз қызмет еткен, жақсы ісімен ұрпағына үлгі болған сонау түпкірдегі Ұлы Атамыздың аты.
Ал, «Т» дыбысы сөздің қай жерінде қолданылса да толып, толысты, енді өзгермейді деген мағына береді. Мысалы, Ұлт, Бұлт, Ұрт, Жұрт, Құрт, Ат, Ұт, Құт, Жат, Жұт, От, Тұт, Сүт, Тобыш, Тоғыз, Тоқсан, Тоқсан тоғыз т.т..
Ежелде барлық дүние тоғыз санымен есептелген. Мысалы, бүгінгі қазақта тоғыз құмалақ (ойын), тоғыз-тоғызды қалыңмал (ұзатылған қызға берілетін дүние-мүліктің әр бірін тоғыз-тоғыздан жасап беру, тіпті мінетін аты тоғыз, артатын түйесі тоғыз болады).
Тоғыз айып (берілетін жазаның салмағына орай – бір тоғыз, екі тоғыз, үш тоғыз деп, оны тоғыз-тоғызға көтереді). Бір тоғыз-тоғыз бесті-бес жасар ат. Ал осы айып тоғыз-тоғызға барғанда «тоқал тоғыз» деп аталған. Бұл тоқсан ат.
«Тоғыз бие тарту ғып
Алдына алып барайық (340 бет).
…Жіберді тарту қылып тоғыз адам («Қамбар батыр» 344 бет).
«Тоғыз қабат торқаңнан – тоқташықтың терісі артық» деген мәтел де ертеден бері айтылып келеді.
Ұлы Жаратушы – Алланың тоқсан тоғыз есімі бар делінетінінің де сыры осы.
Бұлт – өздеріңіз көріп отырғандай сөз түбірі ұлт. Бұлт аспанда, ұлт жерде. Жер бетіндегі ұлттар да, тура аспандағы бұлт сияқты дүниеге келіп, жел айдаған кезде жөңкіле көшіп, біресе ыдырап, біресе қайта қосылып, немесе жойылып та жатады. Бұлттың құрамы бу, қозғаушы күші жел. Ұлттың құрамы адам, қозғаушы күші ел (ру). Бүкіл табиғат құбылысы мен аспан денелерінің атауы осылай дүниеге келген. Мысалы, ауада жел, жерде ел; жерде жер, елде ер; аспанда жұлдыз, жерде ұл мен қыз; ауа да газ, жерде Аз (Әз әулие), аспанда дауыл, жерде ауыл т.т. болып кете береді.
Салт – Ата салты. Басы Атаны сыйлаудан басталып, арты әкені, ағаны және әрбір қазақ баласы өзінен үлкендердің бәрін сыйлаумен жалғасады. Мен қазақпын деген жанға бұл қағида өзгермейді. Соған сәйкес жоғарыда көрсеткенімдей Ат, Ұт, Құт, Ұлт, Бұлт, Құрт, Жұрт, Тұт, Жұт Тоғыз т.т., яғни «Т» форманты жалғанған атаулардың бәрі осындай, ешқашан мағынасы өзгермейтін, толып-толысқанды білдіретін ұғымдар. Осыған сәйкес қазақта бұлардан да басқа қазақ - қазақ болғалы өзгермей келе жатқан салттар бар. Олар: Шілдехана, Бесікке салу, Шаңырақ көтеру, Қыз ұзату, Сәукеле кигізу, Отау көтеру, Жасау, Келін түсіру т.т. болып кете береді. Еліміздің Ата заңы, қазақ салтының қағазға түсіріліп заңдастырылған нұсқасы.
Атам Қазақтың ежелгі шежіре-тарихының бәрінде де Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған тауымыздың атауы Жуды тауы деп аталады. Ол таудың қазіргі атауы Қазығұрт, яғни Қазық жұрт. Қазық қазақтың көптеген лақап аттарының ішіндегі ең негізгілерінің бірі. Себебі, басқа жұрттардың бәрі келеді, кетеді. Ал, Қазық жұрт орнынан ешқашан қозғалмайды. Аспандағы Темірқазық жұлдызы да солай. Ол да, қаққан қазық сияқты, мәңгі бағыт-бағдар беріп, жол сілтеп тұра береді. Жерге қағылған қазық та солай, ешқайда кетпейді, сол қағылған жерінде мәңгі тұра береді. Нұқ пайғамбар Атамыздың кемесімен келіп, Жуды (Қазық жұрт) тауына іліңгір (якор) салып тоқтаған (қазіргі Леңгер атауы солардан қалған) жердегі Нұқ қауымы бүкіл әлемнің Қазық жұрты аталып, қазақ деген атпен кұні бүгінде де ғұмыр кешіп жатырыз.
Ұлт атауының авторларын мына көрші орыстар «нац (нат) деп дәлдеп тұрып атайды. Өздеріңіз көріп отырғандай «Н» деген дыбыс Нұқ пайғамбар атамыздың есімін берсе, екінші Ат – Ад (Адам Ата) қауымы атауын береді.
Қазығұрт демекші, Атам Қазақтың сөз жасау қағидасында екі сөзді біірктіріп бір сөз жасағанда, дыбыс үндестігіне сәйкес екінші сөздің бірінші дыбысы, немесе бірінші сөздің соңғы дыбысы түсіп қалып, қосылып айтылады. Мысалы, Үстіңгі жұрт – Үстірт, Атамыздың жұрты – Атажұрт, Сары аға – Сарға, Торы айғыр – Торайғыр, Торы ат – Торат (Таурат), Хан аға – Қаңға, Ман әке – Меке, Би Адай – Бидай, Қу Адай әке – Құдайке, Балықшы Сақ Ғұн – Баласағұн, алып кел – әкел, Сақ аға – Саға (Су басталмайтын ба еді сағадан, Сөз басталмайтын ба еді ағадан), Қазық жұрт - Қазығұрт т.т. болып кете береді.
Қазық, Қазық жұрт, Қазығұрт - Қазақ ұлты атауының синонимі болып табылады.
Жуды – Жу және Ұд (Һұд) деген екі біріккен сөзден, яғни ежелгі екі атамыздың атынан тұрады. Бұл жерде Жу баласы, Һұд (Ұт) пайғамбар атасы. Себебі, «Ы» дыбысы «И», «Й», «І» және «Н» дыбыстары сияқты кез-келген есім сөздің соңына жалғанса баласы, ұрпағы деген мағына береді. Мысалы, Тоқтамыс Жары, Бектеміс Жары, Әкім Таразы, Тұңғышбай Әл Таразы, Құсайын Шеразы т.т. болып кете береді. Нұқ пайғамбар заманында Жу елінің малы түгел топан суға кетіп қырылғандықтан олар Жұтқа ұшырады. Қазақтың «жұт» деген сөзі солардан қалды.
Жу (Жүз, Жұрт, Жуды) елінің тегі (түбі) кім екендігіне Құран аяттары айқын жауап береді. «…Сондай-ақ, Ад еліне бауырлары Һұд (жібердік)» (Құран Кәрім. «Ал-Хаққа сүресі». 65 аят).
Жұрт – Жу, Ұр деген екі біріккен сөзден және «Т» дыбысынан тұрады. Жу елі атауының мағынасын жоғарыда айттық, ал Ұр (Үр) – Тұран мен Түріктің түп атауы. «Т» дыбысы (таңбасы) әрқашанда толып-толысқанды, яғни кез келген ұғымның ең жоғарғы шегіне жеткенін білдіреді. Мысалы, жоғары да айтқанымдай, ұлт (ұл - Адам Ата мен Ауа Ананың ұлдары) өсіп-өніп, көбейіп ұлтқа айналып тұр), жұт (Жу елінің малынан ештеңе қалмаған), сүт (судың ағарған ең сапалы түрі), сырт (іште ешкім қалмаған), жылт (көрінді де жоқ болды) т. т. болып кете береді.
Алғаш рет ұл, ұлы, ұлан, ұлт атаулары Маңғыстаудағы МАД патшалығы дәуірінде дүниеге келген. Оның топономикалық айғақтамасы Ұланақ атты жер атауы болып табылады. Ұл, ан, ұлан, ақ деген біріккен сөздерден тұрады. Мағыналары да сол алғашқы күйінде, күні бүгінде де қолданыста. Ман аталарының ізін жалғастырып, олардың даңқын асырған нағыз ұлы, бел баласы болып шығады. Ал, Ақ сөзі Манның ұлдары Ақпан (Сақ) аталарымыздың аты. Әділет деген ұғымды Адам, Ад қауымы дүниеге әкелсе, Ақиқат (шындық) деген ұғым Адайдың төртінші немересі Ақпандардан басталады. Бүкіл әлем елдерінің ұлт (сөз түбірі «ұл») деп аталатынының және адами қасиеттің биік шыңының «Сұлтан» (а.билеуші, ә.жігіттің сұлтаны), төменгі сатысының «Ұлтан» делінетінінің сыры осы.
«Ұланақ – Қаратау жотасының оңтүстік жағындағы тауаралық аңғар, Таушық пен Жыңғылды аулының аралығында. Жыңғылды аулынан солтүстік-батыста.
Ұлы – Сарытас шығанағына баратын Солтүстік Ақтау жотасындағы терең шатқал-сайдың жоғарғы жағында орналасқан. Кетіктен шыққан жол Үдекке жеткен соң тармақталып, бірі – Бозашы түбегіне, екіншісі – Оңтүстік Ақтау жотасы арқылы Хиуа бағытына жүреді.
Ұлыбау – сай; Шайыр аулының шығыс жағында 1-2 км жерде.
Ұлыеспе – Бозашы түбегінің теңіз жағалауында.
Ұлыкүндік – тау; Бостанқұмның оңтүстік шетіндегі, Сұмсаның терістік бетіндегі қос тау-төрткүл. Олар Ұлы Күндік жіне Кіші Күндік деп аталады. Аңыз бойынша, Ерсары батырдың ас пісіруге пайдаланатын ошағы осы екі тау болған екен.
Ұлықұдық (Ұлықұй) – Кетіктен (қазіргі Форт-Шевченко қаласы) Шағадамға (Красноводск) баратын жол бойында.
Ұлықыз – Ұлықыземшек. Үстірттегі Қыземшек төбесінің екінші атауы.
Ұлықырғын – Қараған-Босаға өңірінде. (Серікбол Қондыбай «Маңғыстаудың жер-су атаулары» Алматы-2010. 289 бет).
«Он үште ұл – ұлан, он бесте қыз – ұлан» деген мақал солардан қалды.
Атам Қазақтың Ата сөзінде ұлт болудың және оның ғұмыр жасының мәңгілік болуының негізгі қағидасы әр ұлттың өзіне тән тілі мен біртұтас дінінің болуы. Сондықтан да Ұлы Аталарымыз бізге «Тілің тұғырың, дінің діңгегің» деген ұлағатты өсиет қалдырған.
Тарих тағлымы: Дін -елдің діңгегі. Ал, ұлттың тұғыры тіл. Қазақтың «Тіл- тұғырым, дін- діңгегім» дейтіні осы. Еліміздің туы діңгекке ілініп, тұғырға бекітілген. Тұғыр мен діңгек әлсіз болса, жалаудың құлайтыны сияқты, тілі мен діні әлсіз елдің де келешегі болмайды. Тілі екеудің діні екеу, ал діні екеудің... Мұны әрбір қазақ азаматы бес саусағындай білуге және оны көзінің қарашығындай сақтауға тиіс. Әйтпесе біртұтас қазақ ұлтын сақтай алмайсың. Жер бетінен жойылған ұлттардың бәрі осындай қарапайым қағиданы ұстана алмағандықтан жойылған.
Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстаудан
"Қамшы" сілтейді