Жамбылдағы кітапханаларда цифрлық орталықтар көптеп ашылуда

/image/2019/10/17/crop-10_7_505x674_tsifr.jpg

Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бүгінде қоғамның барлық саласында дендеп қолданысқа ене бастады. Сол қатарда кітапханалар жүйесі де жаңа технологиялардың игілігін көріп, оң өзгерістерге бет бұруда. Осы орайда Жамбыл облысындағы руханият ошақтары да заман талабына бейімделіп келеді.

Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Эльмира Әбдинованың айтуынша, жергілікті жердегі кітапханаларда цифрландырылған орталықтар ашу ісі қарқынды жүргізілуде.

–Кейінгі жылдары кітапханаларды жаңа технологиялармен жарақтандыра отырып, жұртшылықтың игілігіне жаратуға басымдық берілуде. Бұл тұрғыда облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен көптеген жұмыстар атқарылуда. Өткен жылдан бастап ағымдағы 8 айдың ішінде облыс кітапханаларынан 130 цифрландырылған ақпараттық және коворкинг орталықтары ашылған. Сол 130 орталықтың 18 –і коворкинг, 112 –сі цифрландырылған ақпараттық орталық. 112 цифрландырылған ақпараттық орталықтың бесеуі Тараз қаласында орналасқан кітапханалардың жанынан ашылса, қалған 107-сі – аудандардағы 91 ауылдық округты қамтып отыр.

53 цифрландырылған ақпараттық орталық 2018 жылы, 59-ы осы жылдың 8 айында ашылды.

Сонымен қатар, биылғы жылдың соңына дейін жоспарға сәйкес 19 округте 20 орталық іске қосылады, және, қосымша 17 ауылдық округтегі 19 кітапханада осындай орталықтар ашу мүмкіндігі бар. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде,-дейді Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова. Сондай-ақ бүгінгі таңда орталық қызметкерлері http://zhambyl.cao-zhambyl.kz сайты арқылы жергілікті тұрғындарды ауыл, аудан, облыстың қоғамдық, мәдени, экономикалық, әлеуметтік өмірі аясында жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие болып отыр.

Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі Жанат Жетпісбаеваның айтуынша, бүгінде жалпы 112 цифрландырылған ақпараттық орталықты пайдаланушылар саны - 85662 адамға жеткен.

Міне, осылайша «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жемісін кітапханалар да айқын сезінуде.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар