Қазақтың сайын даласында еліміздің осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда өмір сүріп жатқандығы, қазақтың кең пейіліне қарай Алла тағаланың беріп отырған сыйы ма деп ойларсың. Осы орайда Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мазмұнды мақаласында туған жер туралы керемет толғанғаны белгілі. Иә, кең байтақ Қазақ елінің әрбір жері қасиетті мекен.
«Тасы да алтын Қордайдың, тауы да алтын. Басы да алтын Қордайдың, бауыры да алтын» – деп кезінде қырғыз-қазаққа аты мәшһүр, ақын композитор Кенен Әзірбаев атамыз жырлағандай, расымен де қойны-бауыры құт-берекеге толы Қордай туралы қанша жазып-жырласақ та артық болмас.
Бүгінгі әңгіме желісін қазіргі заман ағымына сай дамып, өсіп келе жатқан жаңаша жарқырай түскен жасампаз жас Қордай өңірі мен осы аймақта тұрып жатқан адамдар туралы сөз еткелі отырмыз. Сонымен бірге, айтулы өңірден аттары елге танылған азаматтар туралы да тілге тиек етеміз. Қордай көршілес жатқан қырғыз ағайындармен қойы-қоралас, төскейді малы, төсекте басы қосылып жатқан еліміздің оңтүстік өңірінде орналасқан елді мекен. Сондықтан ол елімізге кеден арқылы табыс әкеліп жатқан берекелі кіріс көзінің бірі. Кезінде айтулы өлкеден қазақ еліне танылған бірқатар тұлғалар шықты. Олардың арасында ертеректе Кебекбай шешен, Еркебай Қашағанов, Сарбас ақын, Кенен Әзірбаев, Әлмен ақын, Ноғайбай шешен, Жолбарыс, Қыбырай мен Қордай секілді батырлардың кіндік қаны тамып, жүріп өткен іздері қалған болса, Кеңес дәуірі тұсында ақын Рза Қунақова, қоғам қайраткерлері Өмірбек Бәйгелді, Құрманғали Уалиев, әнші композитор, халық сүйіп тыңдайтын «Дос Мұқасан» ВИА құрушысының бірі Мұрат Құсайынов сынды көптеген елге танымал әр саланың саңлақтары бар. Құнанбайдың көп келіндерінің бірі, күйеуі ерте қайтыс болған Ақмай сұлу Қордайдағы Сұлутөр жерінде тұратын, ел басқарып, қырғыз-қазаққа бірдей аты шығып, патшадан шен алған, Жетісу жеріне аты кеңінен танылған Ноғайбайға екінші әйел болып күйеуге шыққанда, артынан Ұлы Абай іздеп келіп, бірнеше күн Сұлутөрде қонақ болып кеткен екен. Ақылына көркі сай Ақмай сұлуды ел ішінде «Арғын апа» — деп атап кетсе керек. Сонда Сұлутөрге келіп, Ноғайбайдың ел болып қошаметпен күтіп алған сән-салтанатты қонақжайлығына зор алғысын білдірген хәкім Абай: «Алатау асқар бел екен, Үйсін атты ел екен. Етек-жеңі кең екен. Сұлутөр құтты жер екен. Елден-елдің кемі жоқ, төрт Дулаттың пейілі Тобықтыдай кең екен. Ерден-ердің кемі жоқ, Ноғайбайдай ұлыңыз қыдыр қонған ер екен. Бақытты болсын Ақмайым, келген жерің құт екен. Қош аман бол ер Ноқа, арта берсін берекең» — деп өлеңдетіп, қимай қоштасқан екен.
Міне, қазақтың ғасырда біртуар ұлы, данагөй Абайдың — құтты қоныс Қордай жерін, Сұлутөрді осылай сипаттап кеткен.
Пікір қалдыру