Жамбыл облысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғындарының саны 100 адамнан асатын елді мекендерді қоғамдық көлікпен қамту көрсеткішін 96 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Жоспарға сай жыл соңына дейін Байзақ, Қордай, Шу аудандарындағы бірқатар елді мекендерге қоғамдық қатынайтын болады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі таңда облыстағы тұрғындарының саны 100-ден асатын 355 елді мекен болса оның 338-і қоғамдық көлікпен қамтылған. Жыл соңына дейін бұл қатарға тағы 3 елді мекен қосылмақ. Атап айтқанда Байзақ ауданындағы Жаңатұрмыс ауылы, Қордай ауданындағы Соғанды ауылы, Шу ауданындағы Абай ауылының тұрғындарының қарым-қатынас жасауы оңтайлана түспек.
–Бағдарламалық индикаторға қол жеткізу үшін, аталған елді мекендерге аудан әкімдіктері маршрут сызбасын бекітіп, жолаушылар тасымалын ұйымдастыруға тасымалдаушыны анықтауы тиіс,–дейді облыс әкімдігі жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков.
Қазіргі таңда облыс тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамту ісі жоғары деңгейде жолға қойылған. Әсіресе шалғай елді мекен тұрғындарының аудан, облыс орталығына қатынауы мәселесіне айрықша мән берілуде. Бұл орайда, жаңа маршруттық бағыттарға ұдайы конкурстар ұйымдастырылып тұрады. Сәйкесінше конкурс жеңімпаздарының тұрғындар талабынан шығуын облыс әкімдігінің салалық басқармасы мен тиісті уәкілетті органдардың жіті назарында ұстайды. Мұнан бөлек облыс орталығында жолаушыларға қызмет көрсету саласындағы сапаға айрықша мән берілгенін атап өткен жөн. Бүгінде Тараз қаласында 10 тасымалдаушы мекеме 42 бағыт бойынша жолаушыларға қызмет көрсетіп жатыр. Олар өз тараптарынан қызмет сапасын көтеру мақсатында автобус паркітерін кезең-кезеңімен жаңартып тұрады. Өткен жылы қалалішілік маршруттардағы қызмет сапасын арттыру мақсатында 71 дана автобус сатып алынып жолаушыларға қызмет көрсетуді бастады. Ал биыл жыл соңына дейін тағы 50 жаңа автобусты сатып, маршруттарға қою жоспарланып отыр. Жаңа автобустар қаладағы шағын аудандармен шалғайдағы тұрғын алқаптарын орталықпен жалғайтын бағыттарға қойылмақ.
Пікір қалдыру