Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға айрықша назар аударған болатын. Бұл бағытта межелі міндеттерге тоқталып, Үкіметке нақты тапсырмалар берді.
Бүгінде Жамбыл облысындағы Байзақ ауданында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жерлердің көлемі 169 971 гектар алқапты құраса, оның ішінде, егістік жерлер 58 429 га, оның 28 137 га суармалы, 30 355 га тәлімі, шабындық жерлер көлемі 5 408 га, жайылым 104 008 га, көпжылдық екпелер 356 га және бөгде жерлер 1 460 гектарды құрайды.
Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдігі арасындағы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру туралы келісімге сәйкес, 2019 жылдың өнімі үшін дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 16 697 гектарға, майлы дақылдар 2 820 гектарға, қант қызылшасы 1 207 гектарға, картоп 680 гектарға, көкөніс 6 555 гектарға, бақша 2 326 гектарға және мал азығы дақылдары 23 260 гектарға, барлығы 53 545 гектар алқапқа орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 126,5 гектарға артық.
Үздіксіз көкөністермен қамтамасыз етумен қатар, қосымша жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беретін жылыжайлар желісін дамыту мақсатында да аудан көлемінде бірқатар жұмыстар атқарылды деуге болады. Аудан бойынша жалпы көлемі 5,2 гектарды құрайтын 5 жылыжайлар шаруашылығы және 0,95 гектарды құрайтын 9 отбасылық жылыжай жұмыс істейді. Бүгінгі күнге аудан бойынша жылыжайлардың жалпы көлемі 6,13 гектарды құрап отыр.
2019 жылдың бірінші кезеңіне жылыжайларға қияр және қызанақ дақылдары егіліп, жалпы 731,2 тонна қияр және 6,3 тонна қызанақ жиналды. Бүгінгі таңда жылыжайларға екінші кезеңге дақылдар егу үшін дайындық жұмыстары жүруде.
Тағы бір айта кетерлігі, аудан бойынша шаруашылықтар жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңарту мақсатында, лизингтік жүйе бойынша және нақты қаражатқа әр түрлі техникалар сатып алуда. Биылғы жылдың 9 айында, аудан бойынша 24 шаруашылық жалпы құны 265,7 млн. теңге тұратын 45 жаңа техникалар сатып алды. Оның ішінде 16 трактор және 29 әр түрлі техникалар бар. Сонымен қатар мал шаруашылығы бағытында да нәтижелі жұмыстар жетерлік.
Пікір қалдыру